Атырау МӨЗ басшысы қызметіне Құлыбаевқа қатысы бар компания топ-менеджері тағайындалды

Жарияланды
«ҚазМұнайГаз» Атырау МӨЗ басшысы қызметіне Құлыбаевқа қатысы бар компания топ-менеджерін тағайындады / ҚМГ

«ҚазМұнайГаз» еншілес компаниясы Атырау мұнай өңдеу зауытының бас директоры лауазымына Ғалымжан Жусанбаев тағайындалды.

«Ғалымжан Жусанбаев «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС бас директоры болып тағайындалды», — делінген ҚМГ хабарламасында.

Жусанбаев 2005 жылы «ТЭК-Алматы» компаниясы мен «Қазақстан темір Жолы» ұлттық компаниясында мұнай өнімдері және көмір жеткізумен айналысты. Ал «ТЭК-Алматы» компаниясы Тимур Құлыбаевқа тиесілі компаниялардың қатарына кірді. «ТЭК-Алматы» 2001 жылы ҚТЖ-дан 91,8 млн теңгеге отын қоймаларын сатып алды. Кейін «ТЭК-Астана» және «ТЭК-Батыс» компанияларымен бірігіп, «ТЭК-Қазақстан» атауын алды. Ал 2023 жылы осы компанияға тиесілі отын қоймаларын ҚТЖ-ға қайтару туралы сот шешімі шықты.

Сонымен қатар Жусанбаев SAT Operating Atyrau мұнай-химия зауытының директоры, «Шымкент Мұнай Өнімдері» компаниясының директоры болып, Petro Export компаниясында жұмыс істеді.

Compra мәліметіне сүйенсек, жаңа қызметке келмес бұрын Жусанбаев SAT Operating Atyrau компаниясының меншікті жылжымайтын мүлікті жалға беру және басқару, жылу электр станцияларының электр энергиясын өндіру, электр беру және телекоммуникация желілерін салу және электр энергиясын беру сынды қызметтерімен айналысқан топ-менеджер болған. Egov мәліметтері бойынша, компания Kazakhstan Petrochemical Industries компаниясына тиесілі, ол өз кезегінде «ҚазМұнайГазға» (49,5%), Samruk-Kazyna Ondeu (49,5%, екеуі де «Самұрық-Қазынаға» тиесілі) және Тимур Құлыбаевтың «Алмэкс+» фирмасына (1%) тиесілі.

Бұған қоса, Жусанбаев Мәлік Ерниязовпен бірге жеке қызметтерді ұсынумен айналысатын «Caspi petrochemical trade» компаниясының құрылтайшысы.

Осыған дейінгі Атырау МӨЗ басшысы Мұрат Досмұратов қызметінен өз еркімен кеткен. Оның алдында лауазымды атқарған Шухрат Данбайды 2023 жылы желтоқсанда Атырау облыстық соты 4,5 жылға соттады.

21 қазанда Атырау МӨЗ-і жоспарлы алдын-ала тексеру жұмыстарының аралық қорытындысы аяқталып, технологиялық қондырғылардың бірінші кезеңі іске қосылғанын жария етті. Ақпаратқа сәйкес, зауыттың тәуліктік мұнай өңдеу көлемі — 9 500 тонна. Мұнай өнімдері мынадай көлемде шығарыла бастады: автобензин – тәулігіне 1 200 тонна, дизель отыны — тәулігіне 1 500 тонна.

Сондай-ақ оқыңыз