Қырғызстан президенті заңсыз тексеріске ұшыраған бизнесмендерді өзіне хабарласуға шақырды

Жарияланды
Садыр Жапаров бизнесті тексеруге қатысты 1 жылға мораторий жариялау туралы құжатқа қол қойды / agro.gov.kg және shutterstock

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров 2024 жылы бизнеске тексеру жүргізуге мораторий жариялап, заңсыз тексерске тап болған жағдайда, кәсіпкерлерді президентпен «байланысуға» шақырды.

9 қаңтарда Садыр Жапаров бизнесті тексеруге қатысты 1 жылға мораторий жариялау туралы құжатқа қол қойды. Осыдан кейін ол өзінің Facebook парақшасында кәсіпкерлерге үндеу жариялады. 

«Егер мемлекеттік орган өкілдері бизнесті негізсіз, жалған айыппен тексеруге келетін болса, сіздер (кәсіпкерлер – ред.) президент әкімшілігі арқылы маған хабарласуларыңызға болады. Біз міндетті түрде шара қолданамыз», – деп жазды Қырғызстан президенті.

Қырғызстандағы мораторий 31 желтоқсанға дейін күшін сақтайды. Кәсіпкерлердің құжаттарын құқық қорғау органдары мен кәсіпкерлік субъектілерді тексеруге құқығы бар басқа да уәкілетті органдар негізсіз тексеруді тоқтатады. Ал Бас прокуратура заңсыз тексерулерге жол бермес үшін аталмыш органдар жұмысын қадағалауды күшейтеді. 

Мораторий аясында елдің министрлер кабинеті үш ай ішінде кәсіпкерлерді тексеруге тиісті регламенттерді бекітіп, жаңа заң жобасын Жоғарғы Кеңеске ұсынуы қажет.

Ал Қазақстандағы бизнесті тексеруге арналған мораторий 2023 жылы желтоқсанда өз күшін жойған. Осыған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда сын-қатерлерді басқарудың автоматтандырылған жүйесі 2024 жылы іске қосылып, нәтижесінде кәсіпкерлерді жоспарлы тексеру саны екі есе қысқаратынын айтқан. Ал бизнеске салынатын айыппұл қататары бірнеше есе азаяды. 

2020-2022 жылдары ел президенті жарлығымен кәсіпкерлердің жұмысын барып тексеру, профилактикалық бақылау мен қадағалауға үш жылға мораторий енгізілген еді.

«2023 жылдың қаңтарынан бастап республикада кәсіпкерлік саласындағы міндетті талаптардың тізілімі – мемлекеттік нормативтік актілерді тұрақты негізде қайта қарауды қамтамасыз ететін тетік жұмыс істей бастайды», деп хабарлайды ҚР премьер-министрінің ақпараттық ресурсы. 

Тізілімде талаптар болмаса немесе олар бойынша белгіленген мерзім қаралмаса, кәсіпкерлік субъектілері оларды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершіліктен босатылады. 1 қаңтардан бастап ерекше тәртіп бойынша жүргізілген тексерулер жойылып, тексеру мен жазалаудан заң бұзушылықтың алдын алуға көшті. 

Сондай-ақ оқыңыз