Былтыр мемлекеттік органдар мемлекеттік сатып алуда тауар құнын 41,4 млрд теңгеге ұлғайтып көрсетуге тырысқан. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Арман Тілеукенов айтты.
Ресми өкілдің мәлімдеуінше, бюджеттің негізсіз ұлғайтылуына әкімдіктер мен білім және денсаулық сақтау ұйымдары мүдделі болған.
«Мемлекеттік қызметшілер көбіне кеңсе тауарларын, жанар-жағармай, компьютерлік техника, азық-түлік сатып алуға жоғарылатылған бюджет белгілейді», – деді Арман Тілеукенов 2023 жылғы мемлекеттік сатып алу мониторингінің нәтижесін жариялауға арналған брифингте.
Ресми өкіл мемлекеттік органдар мемлекеттік сатып алу кезінде тауар құнын «қолдан өсіру» үшін қандай тәсілдерге жүгінгенін жариялады.
Мысалы, 2023 жылғы наурызда Қостанай облысының аудандық білім бөлімі нарықтағы бағасы литріне 250 теңгеден аспайтын 43 мың литр жазғы дизель отынының литрін 580 теңгеден сатып алуға оқталған. Яғни бағаны 2 еседен астам өсіріп көрсеткен. Агенттік қызметкерлерінің араласуының нәтижесінде мемлекетке келтірілуі ықтимал болған 14,8 млн теңге шығынның алды алынған.
Ақтөбе облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті 15 млн теңгеге 3 мың дана көлемінде бірреттік медициналық қорғаныс костюмдерінің жиынтығын сатып алуды жоспарлаған. Шын мәнісінде, аты аталған тауардың нарықтағы орташа құны 6 млн теңге болған. Тексеріс қорытындысында қолды болуы мүмкін 9 млн теңге қазынаға қайтарылған.
2023 жылғы маусымда Агенттік қызметкерлерінің назарына Абай аудандық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысына 2 млн теңгеге жиһаз сатып алу ісі ілінді. Себебі мемлекеттік сатып алуда жиһаз құны нарықтағы бағадан 1,5 есе қымбат бағамен көрсетілуі күдік туғызды. Қорытындысында басқарма басшысына арналған жиһаз әу бастағы 2 млн теңгеге емес, 1,3 млн теңгеге сатып алынды. Қалған ақша бюджетке жолданды.
2023 жылғы қарашада «Түркістан» ӘКК» АҚ веб-сайтты жаңғырту жұмысына 11 млн теңге жұмсауды жоспарлаған. Бұл қызметтің нарықтағы құны 5 млн теңге шамасында болған. Нәтижесінде сайт 4 млн теңгеге қайта жасалып, 7 млн теңге үнемделген.
Айта кетейік, Қаржы министрлігінің мәліметінше, 2023 жылы бір көзден алу тәсілімен 15 671 мемлекеттік сатып алу шарты жасалды. Бұл – 2022 жылмен салыстырғанда 2 есе аз көрсеткіш.
Естеріңізге салайық, 4 қаңтарда Талдықорған қаласының құрылыс бөлімінің лауазымды тұлғасы мердігермен алдын ала сөз байласып, 250 млн теңгеден астам сомаға атқарылған жұмыс туралы жалған акті жасағаны үшін 7 жылға сотталғанын жазған едік. Бұл туралы Жетісу облысының прокуратурасы хабарлаған болатын.
«Жетісу облысының прокурорлары Талдықорған қаласында 2 көпқабатты тұрғын үй салу кезінде бюджет қаражатын жымқырған кінәлі тұлғаларға қатысты әділ үкімге қол жеткізді. Талдықорған қаласының құрылыс бөлімінің лауазымды тұлғасы мердігермен алдын ала сөз байласа отырып, 250 млн теңгеден астам сомаға атқарылған жұмыс туралы жалған актілерге қол қою арқылы аса ірі мөлшерде ұрлық жасағаны анықталды», – делінді хабарламада.
Сот 3 азаматты айыптаған. Әкімдік қызметкері Қылмыстық кодекстің 2-тармағының 189-бабы 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылған.
Былтыр Жетісу облысының прокуратурасы 3 млрд теңгеден астам сомаға мемлекеттік сатып алуды тоқтатқан.