Қаракөл көлінде 800-ден аса аққудың қырылуына байланысты Rixos Aktau отелін жоспардан тыс тексеру басталды

Жарияланды
Rixos Aktau
Фото: shutterstock

Қаракөл көлінде 800-ден аса аққудың қырылуына Rixos Aktau компаниясының қатысы болуы мүмкін. Желіде Rixos Aktau қонақүйінен Қаракөл көліне қара сұйықтық құйылып жатқаны көрсетілген видео тарады.

Экологтар аққулардың өліміне аты аталған мекеменің қатысы бар-жоғын анықтап жатыр. Су сынамасы алынды, зерттеу, талдау жұмысы жүріп жатыр. Соңғы дерек бойынша жағадан 826 құстың өлексесі табылды.

«Қаракөл көлінде аққулардың өлу фактісіне байланысты Маңғыстау облысы бойынша экология департаменті тергеу ісіне қатысып жатыр. Зертханалық-сараптамалық бақылау қызметкерлері Қаракөл көліне құятын су қоймаларына жүргізілген мониторингтік зерттеу барысында Қаракөлге ағызылатын судан ластаушы заттардың артық мөлшерін анықтады. Осы дерек негізінде Rixos Aktau компаниясына жоспардан тыс тексеру басталды», – деді Экология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Жомарт Әлиев.

Оның айтуынша, тексеру аяқталғаннан кейін тәртіп бұзушыларға қатысты шара қабылданып, әкімшілік іс қозғалады.

Естеріңізге салайық, аққулардың қырылып жатқаны 2023 жылы желтоқсан айының соңында белгілі болды. Блогер Азамат Сәрсенбаев 2 қаңтарда Қаракөл көлінде аққулардың өліп жатқанын жариялаған болатын. 2024 жылғы 2 қаңтарда 227 өлі аққу табылды.

3 қаңтарда Маңғыстау облысы бойынша экология департаменті мәлімдеме жасап, аққулардың құс тұмауынан қырылып жатқанын хабарлады.

«2023 жылдың 21 желтоқсанында Үстірт мемлекеттік табиғи резерватының қызметкерлері Қаракөл көлінде қорғау шараларын жүргізу кезінде 30 аққудың (Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілмеген) өлгенін анықтады. Осы факті бойынша қорық пен облыстық аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының мамандары ҚР ЭТРМ ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Маңғыстау облысы бойынша экология департаментінің, ветеринария ұлттық орталығының қызметкерлерімен бірлесіп, тиісті зертханалық зерттеулер жүргізу үшін сынамалар алды. Зерттеу нәтижелері бойынша өлген аққулардан құс тұмауының вирусы анықталған», – делінді Маңғыстау облысының экология департаментінің хабарламасында.

Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті Каракөл көлінде қырылған аққу туралы хабарлаған блогер Азамат Сәрсенбаевқа айыппұл салды.

Бірақ 51750 теңге көлемінде тағайындалған айыппұлды блогердің оқырмандары жауып берген. Блогер өзіне салынған айыппұл туралы айтып, халықтан жылу жинаған. Оқырмандары айыппұл сомасын бір сағаттың ішінде жауып тастаған.

«Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті салған айыппұлды халық жауып тастады. Достар, тілектеріңіз бен жылы сөздеріңіз үшін көп рахмет. Бір сағат ішінде 100-ден астам адам 500 теңгеден жіберді. Бұл мен үшін үлкен жауапкершілік, баршаңызға шын жүректен алғыс білдіремін»,- деп жазды Сәрсенбаев.

Естеріңізге салайық, осыдан 2 жыл бұрын Маңғыстау облысының Экология департаменті сарқынды суды Қаракөл көлі мен Каспий теңізіне ағызғаны үшін Rixos Aktau қонақүйіне 76 млн теңгеден астам айыппұл салған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз