Үкімет осы жылдан бастап парламентке мемлекеттік активтерге қатысты ұлттық баяндама ұсынатын болады

Жарияланды
мемлекеттік активтер
Қараша айында мемлекеттік активтер мен квазимемлекеттік секторды басқару жөніндегі есептілік мәселесін Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев көтерген болатын/ Фото: kursiv.media

2024 жылдан бастап Үкімет мемлекеттік активтерді және квазимемлекеттік секторды басқару жөніндегі Ұлттық баяндаманы Парламентке ұсынады. Бұл жайлы Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Құжат мыналарды қамтиды:

  • Мемлекеттік активтердің жай-күйі туралы талдамалық ақпарат;
  • Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметі туралы ақпарат;
  • Мемлекеттік активтер мен квазимемлекеттік секторды басқару тетіктерін одан әрі дамыту жөніндегі қорытындылар мен ұсыныстар;
  • Мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі өзге де деректер.

Еске сала кетсек, Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Ұлттық қор қаражатын «Самұрық-қазына» облигацияларына пайдалану бар, бірақ есептілік жоқ екенін айтқан болатын. Ол «Самұрық-Қазына» облигациялар шығаратынын, оның Ұлттық қор қаражатына сатып алынатынын, бірақ бұл жөнінде парламентке ешқандай есеп берілмейтінін мәлімдеді.

«Біз бұдан мынадай механизмді көріп отырмыз. «Самұрық-Қазына» облигацияларды шығарады. Ұлттық қор сатып алады. Мұндағы кейбір процедуралар жеңілдетілген жолмен жүргізілуі мүмкін. Бұл процедураларды кім бағалайды? Жоғары аудиторлық палата осы мәселені қадағалай ма?», – деген Сенат төрағасы мұндай құнды қағаздарды алғанда, Парламентке хабар берілуі керектігін айтып, ондай қадамдар жасалмағанына тоқталып өтті.

«Егер біз пайыздық мөлшерлемені субсидиялайтын болсақ және Ұлттық қор бұл шығындарды өз мойнына алатын болса, онда Ұлттық қор тұжырымдамасына және оның балаларды қолдауға және т.б. бойынша орындауға тиіс міндеттемелеріне қайшы келетін жағдайлар туындамай ма? Сонымен қатар есеп беруге тоқталсақ. Ұлттық қор қаражатын пайдалану тұжырымдамасына сәйкес «Самұрық-Қазына» қорының облигацияларын қаржыландыру және сатып алу мүмкіндігін қарастырады, сонымен қатар өткен жылдың бюджеті туралы Үкіметтің Парламентке есебін ұсынады. Біз өткен жылдың бюджеттік есебін қарап шықтық. Ұлттық қор қаражатын пайдалануда бұл туралы ешқандай мәлімет көрмедік. Ақпарат жоқ. Осылайша, бұл қаражатты пайдалану туралы есеп беруде проблемалар туындайды. Біз Ұлттық қордан қаржыландыруға қарсы емеспіз. Қор осындай стратегиялық ірі жобаларды қаржыландыру үшін де құрылып отыр. Сол себепті де депутаттар осы мәселені әділ көтеріп отыр. Әлихан Асханұлы, 2023 жылғы үкімет есебінде «Самұрық-Қазынаның қарыздық облигацияларын сатып алуға жұмсалған қаражат туралы ақпарат болады деп сенеміз», – деді Әшімбаев.

Сонымен бірге қарашада үкімет 1 трлн теңгенің активтері мемлекетке қайтарылғаны туралы есеп берген болатын. Оның шамамен 600 млн доллары басқа юрисдикциялардан қайтарылған. Мысалы, БАӘ-ден шамамен 15 млн доллар қайтқан. Ал Австриядан 82 млн доллар, Лихтенштейннен 260 млн доллар, Гонконгтан 2 млн доллар қайтарылды.

Сондай-ақ оқыңыз