Түркістан облысында банк менеджері ауыл тұрғындарына 21 млн теңгеге несие рәсімдеген

Жарияланды (жаңартылды )
Фото: shutterstock

Банк менеджері тұрғындардың атынан несие рәсімдеп, 21 миллион теңге қаржыны қалтасына басқан, деп хабарлайды ҚР ІІМ баспасөз қызметі.

Не болды. Қазығұрт аудандық полиция бөліміне бір топ аудан тұрғындары арызданды. Жәбірленушілердің айтуынша, аттарына бейтаныс біреу заңсыз несие рәсімдеген.

Аталған фактіні полицейлер «алаяқтық» бойынша тіркеді. Қылмысты тез арада ашып, күдіктіні анықтау мақсатында полицейлерден арнайы топ құрылып, жедел іздеуге кіріскен. Нәтижесінде, тәртіп сақшылары күдіктіні қолға түсірді.

«Белгілі болғандай, 31 жастағы күдікті азамат банк қызметкері болып жұмыс істеп жүрген уақытында мәселемен алдына келген клиенттердің құжаттарын пайдаланып, 70 мың теңге мен 1 миллион теңге аралығында несие рәсімдеп отырған. Осылайша 47 адамды алдап, ақшаны өз пайдасына жұмсаған. Келтірілген шығын көлемі 21 миллион теңге«, – делінген хабарламада.

Қазіргі таңда күдікті ер адам қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

2023 жылдың қаңтар-қараша айларында елімізде сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде «Алаяқтық» бабы бойынша 40,8 мың қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген. Бұл 2022 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 1,6%-ға көп.

Мұндай құқық бұзушылықтардың жартысына жуығы интернет-алаяқтыққа қатысты: 19,9 мың жағдай, жылдық өсім — 5,8%. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде төлем карталарын пайдалана отырып (267 жағдай), кредит беру саласында (53 жағдай), ақшалай қаражатты қарызға алу жолымен (41 жағдай) және т.б. алаяқтық әрекеттер тіркелген.

Сондай-ақ оқыңыз