«Майқайыңалтын» шахтасында іздестіру-құтқару жұмысына қосымша техника келді

Жарияланды (жаңартылды )
Фото: Төтенше жағдай министрлігі

«Майқайыңалтын» АҚ аумағында іздестіру-құтқару жұмыстары әлі аяқталған жоқ. Кен орнына қосымша техника келді. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдай министрлігі хабарлады.

«Жұмыстарға шағын экскаватор тартылды, оның жалпы салмағы 3,5 тонна. Ол ауыр техника жол ашқаннан кейін, шұңқырдың түбінде қазба жұмыстарын жүргізуге қатысады», – деді ТЖМ баспасөз қызметі.

Павлодар облысы ТЖД құтқарушылары шұңқырдың түбінде маркшейдер рейкасын орнату және автобустың болжамды орналасқан жерін сигналдық лентамен белгілеу бойынша жұмыстар жүргізді.

«Техниканың өтуі үшін бағаналы жолды кеңейту жұмыстары жалғасуда. Жалпы опырылған жерден 110 мыңнан астам тонна топырақ пен тау жыныстары шығарылды», – делінген хабарламада.

Сонымен қатар, жазатайым оқиғаның себептерін тергеу жөніндегі комиссияның жұмысы жалғасуда. Комиссия мүшелері жерасты тау-кен қазбаларына жерүсті опырылу әсерін анықтау мақсатында жерасты кенішін шахтаға түсіруді жүзеге асырды.

«Жерасты кенішінің пайдаланылған тау-кен қазбаларына қолжетімділікті жүзеге асыру үшін тау-кен массасының опырылу орындары мен масштабтарын көзбен анықтау мақсатында пайдаланылған тау-кен қазбаларындағы бетон көпірлерін талдау жұмыстары жүргізілді», – делінген баспасөз қызметінде.

Іздеу жұмыстарына барлығы 142 адам, 50 бірлік техника, 3 кинологиялық есептоп және 2 бірлік ұшқышсыз ұшу аппараты жұмылдырылды.

Айта кетейік, Төтенше жағдайлар Сырым Шәріпханов «Майқайыңалтын» шахтасында шұңқырға құлап кеткен автобус ішіндегі құтқарушы мен жүргізушіні құтқару жұмыстары қашан аяқталатынын нақты айта алмайды. 

Сондай-ақ, жоғалған адамдарды іздестіру-құтқару жұмысы тәулік бойы тоқтаусыз жалғасып жатыр деп хабарлаған болатынбыз.

Павлодар облысындағы «Майқайыңалтын» шақтасындағы қайғылы оқиғаны тергеп-тексеру үшін тәжірибелі тергеушілер қатарынан арнайы жедел-тергеу тобы құрылды. Тергеу ішкі істер министрлігінің ерекше бақылауында. Қайғылы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейін тергеу басталды.

Еске сала кетсек, қайғылы оқиға 4 қаңтар күні болған. Құтқарушылар отырған автобус Майқайың ашық шахтасына құлап кеткені туралы хабарланды.  Апат кезінде автобуста 4 адам болған: КӘАҚҚ РОШ Павлодар филиалының 3 құтқарушысы мен 1 жүргізуші

Сондай-ақ оқыңыз