Елдегі әрбір бесінші лифт ауыстыруды немесе күрделі жөндеуді қажет етіп тұр

Жарияланды
«Жаңалықтар» бөлімінің арнайы тілшісі
лифт
Фото: primeminister.kz және shutterstock

Көпқабатты үйлердегі 34 мыңға жуық лифттің 6,5 мыңы (19 пайызы) ауыстыруды немесе күрделі жөндеуді қажет етеді. Бұл туралы Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың депсауалға берген жауабында жазылған.

«Қазіргі кезде тұрғын үй қорында 34 мыңға жуық лифт бар, оның ішінде 4 мыңға жуығы ауыстыруды және 2,5 мыңға жуығы күрделі жөндеуді қажет етеді. Биыл лифттерді сатып алумен жөндеуге 13,8 млрд теңгеге бюджеттік өтінім беріледі», – деді Смайылов жауабында.

Үкімет басшысы Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы аясына лифт қорын жаңғыртуға жыл сайын бюджеттен несие берілетінін атап өтті.

Оның айтуынша, лифтілердің дұрыс жұмыс істеуіне тұрғын үй инспекторлары жауапты. Олар көпқабатты үйлердегі лифтілерді тұрақты түрде техникалық тексеруден өткізіп, жөндеу жұмыстарының кестесін жасап, ақаулын дер кезінде жойып отырады.

Азаматтық қорғаныс туралы заңға сәйкес, лифтілер – қауіпті техникалық құрылғы санатына жатады.

2019 жылы «Курсив» Қазақстанда мыңдаған лифтіні ауыстыру қажет екенін хабарлады. Атап айтқанда, бір ғана Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларында 1860 лифт болса, оның 885-і қалыпты қызмет ету мерзімі бітіп, ауыстыруды қажет етсе, тағы 253-і жөндеуді қажет етеді. Оралда лифтілердің үштен бірінің жарамдылық мерзімі өтіп кеткен. Бұл ретте мамандар ескірген лифтіні жаңасына ауыстыру кезінде электр қуатын тұтыну 40-50 пайызға дейін төмендейтінін атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыз