Жаңалықтар

Үкімет «Самұрық-Қазына» қоры мен «Бәйтерек» холдингінің сыртқы қарыз лимитін бекітті

"Самұрық-Қазына" қоры
Фото: shutterstock

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров казимемлекеттік компаниялардың сыртқы қарызының шекті мөлшерін бекітті. Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде министрлік қаулысы жарияланған.

Қаулыға сәйкес, биыл «Самұрық-Қазына» сырттан 5,7 трлн теңге немесе 12,5 млрд доллар, ал «Бәйтерек» 2,3 трлн теңге немесе 5,04 млрд доллардан артық қарыз ала алмайды. Доллар курсы 460 теңге деп бекітілген.

Қаулы жарияланғаннан кейін, 10 күн өткесін ресми күшіне енеді. Оның орындалуын Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин қадағалауға тиіс.

Бғған дейін Үкімет «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры мен «Бәйтерек» холдингі сыртқы борышының шекті көлемін бекітуді жоспарлап отырғанын хабарлағанбыз.

2015–2016 жылдардағы «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының борыштық дағдарысынан кейін, Үкімет квазимемлекеттік сектор компанияларының (КМС) сыртқы қарызын шектеуді қолға алды. Ол кезде дефолтқа жол берілмеді, алайда бұл жағдай қоғамда қатты талқыланды. Үкімет депутаттар мен сарапшылар қауымдастығы тарапынан көп сынға ұшырады.

2017 жылдың қыркүйегінде Қазақстан үкіметі» Квазимемлекеттік сектордың сыртқы қарыздарының көлемін келісу қағидаларын» бекіту туралы қаулыны қабылдады. Онда квазимемлекеттік сектордың «сыртқы қарызының шектік көлемін белгілеуді» бекітті. Көрсеткіштер туралы Экономика министрлігі есеп беріп, Үкіметке мәліметтерді жіберіп отырды. Бұл ретте міндеттемелерді орындау КМС субъектілерінің өзіне жүктелді. 

Үкімет «бюджет параметрлері өзгерген жағдайда немесе квазимемлекеттік сектор үшін түзетілген қарыз алу жоспарлары негізінде» КМС-ның сыртқы қарызы бойынша лимитті өзгерту құқығын өзіне қалдырды. Басқаша айтқанда, бұл формат квазимемлекеттік компанияларды шектемей, тек қарыз көрсеткіштерінің өзгеруі туралы Үкіметті хабардар етуге міндеттеді.

2018 жылдың сәуірінде Үкімет Квазимемлекеттік сектордың сыртқы және ішкі қарыздарына мониторинг жүргізу және бақылау қағидаларын бекіту туралы  басқа қаулыны қабылдады. Бес жылда бұл қағидалар үш рет жаңартылды. Соңғы рет 2023 жылдың шілдесінде жаңартылған. Құжатта резиденттер алдындағы міндеттемелердің барлық көлемі емес, тек қарыздар туралы сөз болып отырғаны көрсетілген. Бірақ та әңгіме нақты өлшемге келгенде «қарыз» сөзі қолданылады.

2022 жылы мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор борышының жиынтық мөлшерін жалпы ішкі өнімге шаққанда 53,5%-ға шектеген. Ұлттық компаниялар мен квазимемлекеттік сектордың басқа да субъектілері атынан қарыз алушылар Үкіметке тоқсан сайын қарызды төлеу бойынша есеп беріп отыруға міндеттелген.

Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басым бөлігі – «Самұрық-қазына» ҰӘҚ мен «Бәйтерек» ҰБХ-ға шоғырландырылған. «Самұрық-Қазынада» нақты сектор компаниялары, екінші холдинг – «Бәйтеректе» қаржылық институттар біріктірілген.

Егер пандемиядан кейінгі (2020-2022) жылдардағы жағдайға баға беретін болсақ, ҰӘҚ міндеттемелері тек 14%-ға, ал ҰБХ-ныкі екі есе өскен. Бұл динамика «Самұрықта» үлкен құрылымдық өзгерістер болмағанымен түсіндіріледі. Ал «Бәйтерекке» басқа мемлекеттік холдинг – «ҚазАгро» активтері берілген. Сондай-ақ мемлекеттік бағдарламалар бойынша міндеттеме көлемінің артуы «Бәйтеректің» қарызын да өсірді.