Rixos Water World Aktau қонақүйінің бас менеджері Серік Исағалиев сарқынды суды Қаракөл көліне ағызғандарын мойындады.
Оның айтуынша, қонақүйден Қаракөл көліне лай су емес, тазартылған сарқынды су ағызылады. Алдағы 1-2 аптада қонақүй Қаракөл көліне су ағызуды тоқтатады.
Бас менеджер орталық кәріз жүйесі болмағандықтан, қонақүй құрылысы кезінде сарқынды суды тазартып, көлге ағызу жобасы бекітілгенін баяндады. Ол қонақүйде сарқынды суды Қаракөл көліне ағызуға рұқсат беретін тиісті құжат бар екенін және Rixos Water World Aktau Қаракөлдегі аққулардың жаппай қырылуын объективті тергеуге мүдделі екенін мәлімдеді.
«Су тазартылады. Барлық пайдаланылған су 250 текше метрлік 2 резервуардан өтіп, бактериямен өңделеді. Кейін сүзіледі, мембраналар арқылы химиялық тазартудан өтеді. Содан кейін тазартылған су резервуарға жіберіледі. Сол жерден Қаракөл көліне ағызылады», – деді Серік Исағалиев
Қонақүйдің бас менеджері жазда сарқынды су ағаш суаруға жұмсалатынын, күзде суды пайдалану мен ағызу көлемі азаятынын айтты.
«Көріп тұрғандарыңыздай, біздің аумақтың барлығы жасыл желек. Біз оны күтіп ұстау үшін осы суды пайдаланамыз. Қыста суару жұмысы уақытша тоқтайды. Қыркүйек айының соңынан бастап жүйені тазалау үшін ғана аптасына бір рет қосамыз. Қазір аптасына шамамен 50-60 текше метр төгіп жатырмыз», – деді Серік Исағалиев.
Оның айтуынша, 2023 жылы қонақүйге орталық кәріз жүйесі тартылған. Алайда ол қалалық жүйеге сай келмеген. Қазір ішкі қайта құру жұмысы жүріп жатыр. Алдағы бір-екі аптада қонақүй орталық кәріз жүйесіне қосылады. Содан кейін Қаракөл көліне сарқынды су ағызылмайды.
Журналистер қонақүйдің бас менеджерінен Қаракөл көліне тазартылған сарқынды су ағызылып жатса, оның түсі неге қарақошқыл екенін сұрады. Ол:
«Су қысымының әсерінен көлдің түбіндегі лай көтеріледі, сондықтан түсі қарақошқылданады. Біз тексеруді қолдаймыз, тиісті органдар келіп, сынама алсын. Әділ тергеу жүргізу үшін құжаттарды көрсетеміз. Біз барлығымен ынтымақтасуға дайынбыз, ештеңені жасырмаймыз. Rixos Water World Aktau жасыл экономиканы жақтайды. Қазір біздің қонақүйде пластикті жою процесі жүріп жатыр», – деді бас менеджер.
Естеріңізге салайық, 2023 жылғы 21 желтоқсанда Ақтаудағы Қаракөл көлінде аққулардың жаппай қырылып жатқаны белгілі болды. Блогер Азамат Сәрсенбаев 2 қаңтарда Қаракөл көлінде аққулардың өліп жатқанын жариялады. Қаракөл көлінің жағасынан 826 құстың өлексесі табылды.
Экологтар аққулардың қырылуына Rixos Aktau қонақүйінің қатысы болуы мүмкін екенін мәлімдеді. Желіде Rixos Aktau қонақүйінен Қаракөл көліне қара сұйықтық құйылып жатқаны көрсетілген видео тарады.
«Қаракөл көлінде аққулардың өлу фактісіне байланысты Маңғыстау облысы бойынша экология департаменті тергеу ісіне қатысып жатыр. Зертханалық-сараптамалық бақылау қызметкерлері Қаракөл көліне құятын су қоймаларына жүргізілген мониторингтік зерттеу барысында Қаракөлге ағызылатын судан ластаушы заттардың артық мөлшерін анықтады. Осы дерек негізінде Rixos Aktau компаниясына жоспардан тыс тексеру басталды», – деді Экология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Жомарт Әлиев.
Осыдан 2 жыл бұрын Маңғыстау облысының Экология департаменті сарқынды суды Қаракөл көлі мен Каспий теңізіне ағызғаны үшін Rixos Aktau қонақүйіне 76 млн теңгеден астам айыппұл салған болатын.