Қазақстан үкіметі мемлекеттік секторды біртіндеп экономикадан «алыстатып» жатыр

Жарияланды
фото: DALL·E — prompt KIM

Қазақстан билігі биылғы жылды біртіндеп үлкен мақсатқа жетумен, яғни экономиканы мемлекет иелігінен шығарумен бастады. Қаңтар айының басында үкімет мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор кәсіпорындары жүргізе алатын  қызмет түрлері тізімінен ондаған атауды алып тастауы керек. Алайда бұл отандық тәжірибені жарияланған үлгі – «сары беттер» ережесіне сәл ғана жақындатады.

Үкіметтің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы № 1095 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қоғамдық талқылау «Курсив» газетінің 2024 жылғы алғашқы саны жарияланған күні, 10 қаңтарда аяқталуы керек. Құжатты әзірлеуші ​​– Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі.

«Сары беттер» ережесі, жасыл тізім

Экономика 2008-2009 жылдардағы дағдарыстан айыға бастағанда экономистер мен сарапшылар ұлғайып бара жатқан мемлекеттік секторды шектеу керектігін айта бастады. Бірнеше тенденция қалыптасты. Осының алдында шамамен он жыл бұрын мемлекет 90-шы жылдардағы жекешелендіруден қалған активтерді жинап, жаңасын құра бастады. Жеке бизнес өкілдері де мемлекеттік компаниялар ығыстырып бара жатқанына шағымданып, мемлекеттен қолдау сұрай бастады. Дәл осы кезеңде квазимемлекеттік сектор мен шенеуніктер  мемлекетке қарасты құрылымдар желісінің кеңеюі оларды бақылаудың төмендеуіне, бюджет ресурстарының ысырап болуына және қаржылық және әлеуметтік тұрақтылық тәуекелдердің ұлғаюына әкелетінін түсіне бастады. Бизнес өкілдерінің үгіттеуімен Қазақстан үкіметі 20 жыл бұрын Сингапур билігі енгізген «сары беттер ережесін» (YPR) қабылдады.

Бұл тәсілді қолданудағы мақсат – жеке бизнес жұмыс істеп жатқан қызмет түрлерінде жаңа компаниялардың ашылуын шектеу. Бизнес жұмыс істеуге дайын емес стратегиялық секторларға ғана рұқсат берілді. Сонымен бірге үкімет мемлекеттік секторды жеке компаниялар жұмыс істеп жатқан қызметтен шығаруға міндеттелді.

Бұл тәсілдің басты пропоненті Centras Group қожайыны Елдар Абдразақов болды.  Әбдіразақовтың өзі YPR-ды қазақ жеріне әкелу идеясын 2015 жылы қайтыс болған Lancaster Group акционерлерінің бірі, кейінірек «Қазатомөнеркәсіп» басшысы болған Нұрлан Қаппаровпен байланыстырды

Қазақстан Үкіметі «сары беттер» ережесін отандық заңнама мен құқық қолдану тәжірибесінің шынайылығына бейімдеді. 2015 жылы жеке ойыншылар бар секторларға мемлекеттің араласуын шектеу туралы тезиске Кәсіпкерлік кодекс түсті. Шектеу тетігі жасыл тізімнен тұрды. Бұл мемлекет республикалық немесе коммуналдық  меншіктегі кәсіпорындарды, ал ұлттық компаниялар мен ұлттық холдингтер – үлестес ұйымдарды құра алатын рұқсат етілген қызмет түрлерінің тізбесі. Бұл тізім 2015 жылдың желтоқсанында үкіметтің 1095-ші қаулысымен бекітілді.

Қаулы сегіз жыл ішінде 23 жаңартудан өтті. Оның соңғысы былтырғы жылдың желтоқсанында жасалса, ендігі жаңарту биыл болады.

Қолданыстағы редакцияда мемлекеттік компанияларға рұқсат етілген қызмет түрлерінің тізбесі бес топқа бөлінген. Біріншісі – республикалық меншіктегі мемлекеттік кәсіпорындарға қолжетімді салалар жиынтығын реттейді. Екіншісі – коммуналдық меншіктегі мемлекеттік кәсіпорындар, үшіншісі – мемлекет бақылайтын республикалық меншіктегі заңды тұлғалар, төртіншісі – мемлекет бақылайтын коммуналдық меншіктегі заңды тұлғалар, бесінші – ұлттық басқарушы холдингтердің үлестес және тәуелді компаниялары, ұлттық холдингтер және басқа да заңды тұлғаларға арналған қызмет (көбінесе квазимемлекеттік сектор деп аталатын құрылымдар).

Бұлардың барлығы – заңды тұлғаның түпкілікті бақылаушы иесі мемлекет болатын  Қазақстан заңнамасы бойынша  рұқсат етілген құрылымдық меншік нұсқаларының түрлері. 

Бүкіл жекешелендіруді жүзеге асыруға жауапты авторлар мен шенеуніктер жекешелендірудің екінші толқыны кезінде  бұл тізімнан шығатын компаниялар болатынын болжаған. Қаулының бастапқы нұсқасында квазимемлекеттік сектор компанияларының қызмет түрлері тізімінде 272 атау болса, соңғы редакцияда 112 атау бар.

Қызмет түрлері қалайша қысқарды

Жаңартылған қаулы жобасының түсіндірме жазбасында әзірлеуші – БҚДА осындай үлкен «тазартудың» себептерін ашып көрсетеді. Қолданыстағы тізімді талдау барысында 50-ден астам қызмет түрінде квазимемлекеттік сектор субъектілерінің жоқ екенін көрсетті. Құжат авторлары мемлекеттік  кәсіпоры, шын мәнісінде, сылақ жұмыстарымен айналыспайтынын, бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлемейтінін, көлік құралдарының жүргізушілерін дайындамайтынын көрсетіп отыр.

Бес топ бойынша қызмет түрлерінің тізімінен шығарылғанының жалпы саны – 111 (заң жобасының салыстырмалы кестесінің мәліметтері). Негізінен бұл жағдайда қосу дұрыс емес. Себебі қызметі түрлерінің тізімінен шыққандардың жартысы басқа топтарда қайталанады, ал жартысы бір топ тізімінен шығарылғанымен, басқа топ тізімінде тұрады.

Топтар бойынша жалпы мәліметтерді келтірейік. Республикалық меншіктегі мемлекеттік кәсіпорын тобынан 31 қызмет түрін алып тастаған. Оның ішінде балташылық және ағаш ұстасының жұмысы, жер қазу жұмыстары, тұрғын ғимараттар құрылысы, тіпті тұщы судағы балық шаруашылығы шығып қалған. Алайда РМК әлі де болса 59 қызмет түрімен айналыса алады.

Коммуналдық меншіктегі мемлекеттік кәсіпорындардың жағдайы алдыңғыға қарағанды жақсырақ. Олардың қызмет түрінен 10 қызметті алып тастаған, бірақ 53-ін қалдырған.  

Республикалық меншіктегі заңды тұлғаларға «жалпы ауруханалар мен мамандандырылған ауруханалар қызметімен», «төтенше жағдайда қауіпсіздікті қамтамасыз ету қызметімен», «инфекцияға қарсы препараттар саласында зерттеулер мен әзірлеулер жасау», «газет шығару», «ғарыштық ұшу аппаратарын өндірумен» айналысуға тыйым салынды. Бас-аяғы 26 қызмет тізімнен шығарылып, 24 қызмет түрі ғана қалған. Бұл бірқатар активтерді басқа меншік түрлеріне берумен байланысты болуы мүмкін.

Коммуналдық меншіктегі заңды тұлғалар бұл заңжобасына дейін де жұмысқа аса жүктелмеген болатын. Сондықтан осы жолы олардан небәрі төрт қызмет түрін ғана алған. Олар – «коммерциялық қызмет пен басқару мәселелер бойынша кеңес беру», «басқа топтарға қосылмаған басқа кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет», «басқа да көліктік-экспедициялық қызмет» және «телекоммуникациялық компьютерлік және теледидарлық желілерді тарту бойынша электр монтаждық жұмыстар». Яғни қалғаны осы 20 қызмет түрі.

Тізімнен ең көп шығып қалған қызмет түрлері квазимемлекеттік компанияларда болды. Оларда 40 қызмет түрі қысқарды. Квазимемлекеттік компанияларға мыс кенін өндіру мен байытуға пластмассалық тақтайшаларды, құбырларды шығаруға, авто магистраль салуға, автокөліктерге техникалық қызмет көрсетуге, «көшіру бойынша қызмет түрлерін ұсынуға», «санаториялық-курорттық ұйымдардың қызметіне» және т.б тыйым салынды.  

Тізімнен шығарылғандар ішінде қару мен оқ-дәрі шығару, әскери ұрыс машиналарын өндіру, атыс қаруы мен артиллериялық қондырғыларды жөндеу сияқты айрықша қызмет түрлері де бар. Бұл, ең алдымен, 2018 жылдан бастап еншілес ұйымдары Қазақстан Республикасы қорғаныс өнеркәсібінің негізін құрайтын «Қазақстан инжиниринг» холдингінің республикалық меншікке өткенімен байланысты (2006 жылдан бастап әртүрлі министрліктерге сенімгерлік басқаруға беру арқылы «Самұрық» холдингіне тиесілі болды.) болуы мүмкін. Бұл ретте квазимемлекеттердің жасыл тізімінде әлі де 112 қызмет түрі қалды.

Үнсіз қабылданған шешім

Жария талқылаудың соңына қарай заң жобасының техникалық орындалуына қатысты ескертулер көп болды. «Атамекен» ҰКП өкілдері өз қорытындыларында заң жобасын әзірлеушілердің қаулы жобасының мәтіні мен салыстырмалы кестедегі мәліметтерінің сәйкес келмейтінін сынға алды. Сондай-ақ ҰКП тізімнен кейбір қызмет түрлерін алып тастауды ұсынды. Өйткен олар 2024 жылдың 1 сәуірінен бастап ЭҚЖЖ жіктелуі өзгергеннен кейін, онсыз да тізімнен шығып қалады.

Тікелей мемлекеттік кәсіпорындар бақылауындағы заңды тұлғалардың жасыл тізімінен шығатын қызмет түрлерінің ішінде фармацевтикалық тауарларды көтерме бағада сату алынады. Осы орайда мемлекеттік мәліметтер базасының маңызды мәліметтеріне сүйенер болсақ, Денсаулық сақтау министрлігі құрылтайшы болып отырған фармпрепараттарды көтерме бағада жеткізуші «СК-Фармация» тап осы топта екенін көреміз.  

Осы компаниялар тобына электр энергиясының саудасы өтетін электр қуаты нарығының операторы – ЭҚНҚО-да кіреді. 2021 жылдан бастап ЭҚНҚО Мемлекеттік меншік комитетінің меншігінде. Ал меншік және басқару құқығы Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігіне берілген. Егер түзету жобасына қарайтын болсақ, онда бұл компанияның ағымдағы форматта жұмысы істеуі мүмкін. Өйткені оның қызмет түрі – «қосымшаларды (қолданбалы бағдарламалар)орналастыру және сонымен байланысты қызмет» те қолжетімді қызмет тізімінен шығарылады.

Аталған компанияларды жекешелендіруге дайындап жатыр деп ойлаған қисынды болар еді, алайда «Курсив» ашық дереккөздерден «СК-Фармация» мен ЭҚНҚО-ны жекешелендіру тізіміне қосуға қатысты мәліметтер таппады. Мемлекеттік және квазимемлекеттік компаниялар жұмыс істеуі мүмкін қызмет түрлері тізімінің қысқаруының өзі жақсы жаңалық. Бұл жерде Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің (БҚДА) жұмысын ерекше атап өту керек. Агенттіктің осы бағыттағы жұмысы үкіметтің экономикалық блогынан тәуелсіз мемлекеттік орган мәртебесіне ие болғаннан бері ерекше белсенді болды.

БҚДА-ның осы жұмысқа бар күш-жігерін салғанына қарамастан, мемлекет иелігінен шығаруға қатысты саясатта проблемалар мен қарама-қайшылықтар жетерлік.

Мемлекеттік органдардың жасыл тізімінде «теңіз балық шаруашылығы», және «жинау бойынша басқа да қызмет» сияқты қызмет түрлері бар. Бұл екі қызметтің стратегиялық маңыздылығы неде және жеке компаниялар бұл қызметпен неге айналыса алмайтынын ешкім түсіндіре алмайтын шығар, сірә.  

Квазимемлекеттік сектор  «қаржылық лизинг» және «телефон мен анықтама қызметінің қызметі» сияқты жүздеген қызмет түрлерімен айналысу құқығын өзіне қалдырды. Бірақ та Қазақтанда он шақты жекелеген лизингтік компаниялар болғанына қарамастан, Kursiv Research зерттеуіне сәйкес екі квазимемлекеттік ойыншы нарықтың 95%-ын иемденіп отыр. Осының арқасында мемлекеттік бағдарламаларының операторы да квазимемлекеттік сектор.

Қарапайым сөзбен айтар болсақ, мемлекет иелігінен шығарудың отандық тәжірибесі YPR принципін іске асырудан әлі де алшақ. Сондай-ақ мемлекеттің экономикадағы рөлін төмендету жөніндегі мемлекеттік саясаттың жалпы жүйелілігіне де қатысты сұрақ көп.

Қызмет түрлерін алып тастау, яғни нақты кәсіпорынды жасыл тізімнен шығару, демек бұл компанияларды жекешелендіру тізіміне қосу дегенді білдіреді. Бұл жұмыстың қаншалықты үйлестірілгенін түсіну қиын. Заң жобасының түсіндірме жазбасында 1095 қаулы бойынша бірқатар қызмет түрлерін алып тастауға дәлелдер келтірілген. Әңгіме «Қазақстан Республикасы Президентінің отандық ірі бизнес өкілдерімен кездесу қорытындысы бойынша берген тапсырмаларын» орындау туралы болып отыр.

Жекешелендіру тізіміне жекелеген кәсіпорындар қосылған немесе шығарылған кезде үкімет өз шешімін Экономиканы жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысының хаттамасымен түсіндіреді. Ал егер президенттің халық алдында сөйлеген сөзінде айтқан тапсырмаларын көбіне жазып алу мен қадағалау мүмкін болса, Жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссияның қызметі онша ашық емес. Комиссияның жұмыс органы – ҚР ҰЭМ сайтында оның жұмысын көрсететін ешқандай құжат жоқ.  

Мемлекеттік сектордың ЖІӨ мен жұмыспен қамтуға ықпалының жалпыға қолжетімді және үнемі жаңартылып отыратын бағалаулары да ашық дереккөзде жоқ.  ЭЫДҰ сарапшылары бұл көрсеткіштерді – әсіресе, жұмыспен қамтуды – мемлекеттік сектордың экономикаға жалпы әсерін анықтауда негізгі фактор деп санайды. Саясатты әзірлеу кезінде елдің жоғары лауазымды тұлғалары мен бизнес көшбасшыларының пікіріне сүйену, әрине, маңызды, бірақ деректерге сүйену ұзақ мерзімді перспективада сенімдірек болар еді.

Сондай-ақ оқыңыз