2023 жылы «Баку-Тбилиси-Джейхан» бағыты бойынша мұнай тасымалы 5,5 есе өскен

Жарияланды (жаңартылды )
Шығарушы редактор
«Баку-Тбилиси-Джейхан»

Фото: ҚМГ

Қазақстан мұнайының Ақтау портынан шетелге көптеп жөнелтуге «Баку-Тбилиси-Джейхан» мұнай құбыры бағытында тасымалданатын шикізат көлемінің артуы әсер еткен. Бұл бағыттағы мұнай тасымалы бір жылда 250 мың тоннадан 1 млн 392 мың тоннаға дейін артқан. Яғни, 2022 жылмен салыстырғанда 5,5 есе көп.

«ҚазТрансОйл» АҚ («ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ еншілес компаниясы) 2023 жылды Ақтау портынан қазақ мұнайының 3 млн 376 мың тоннасын экспорттаған. Компания баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1 миллион 108 мың тоннаға артық.

Соның ішінде Теңіз кенішінен осы бағыт бойынша 1 миллион 057 мың тонна мұнай жөнелтілген.

2022 жылы Ресей Украинаға соғыс ашқан соң, Қазақстан мұнай тасымалын әртараптандырып, Ресейді айналып өтетін бағыттарды дамыта бастады.

AERC (Қолданбалы экономиканы зерттеулер орталығы) сарапшылары сол кезде отандық мұнайды экспортқа шығара алатын бірнеше әлеуетті балама маршрут бар екенін жазған.

«1768 шақырымға созылып жатқан «Баку-Тбилиси-Жейхан» мұнай құбыры үш елдің – Әзірбайжан, Грузия және Түркияның территориясынан өтеді. Өткізу қабілеті – жылына шамамен 50 млн тонна. Құбыр мұнайды Түркиядағы Жерорта теңізі жағалауында орналасқан Жейхан портына апарады. Аталған бағыт – ТМД-дағы Ресейді айналып өтетін және АҚШ пен Ұлыбритания тікелей қатысатын алғашқы маршрут», – деді сарапшылар.

Сол кезде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Транскаспий дәлізі бойынша мұнай тасымалдауды арттыруды тапсырған. Осы тапсырмаға сәйкес, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ мен Әзірбайжан Республикасының SOCAR мемлекеттік мұнай компаниясы Теңіз кенішінен «Баку-Тбилиси-Джейхан» мұнай құбыры бағытында жылына 1,5 миллион тоннаға дейін мұнай тасымалдау туралы келісімге келген.

Қазіргі уақытта Қазақстаннан мұнай транзиті негізінен РФ территориясы арқылы өтеді (жылына 65,0 млн тонна – Қазақстан экспортының 90 пайызы). КҚК қазақстандық мұнай экспортының 80 пайызын қамтамасыз етіп тұр. КҚК-нан өзге балама бағыттардың жалпы қуаттылығы – жылына 20-25 млн тоннаға жетеқабыл.

Сондай-ақ оқыңыз