АҚШ пен Ұлыбританияның Йеменге шабуылынан кейін мұнай бағасы өсті

Жарияланды
АҚШ пен Ұлыбританияның Йеменге шабуылынан кейін мұнай бағасы өсті / shutterstock

АҚШ пен Ұлыбритания Йемендегі хусит әскери нысандарына шабуыл жасағаннан кейін, мұнай бағасы 2%-ға өсті. Осыған дейін Йемендегі хуситтер Иран көмегімен Қызыл теңіздегі кеме қатынасына бөгет болып, шабуыл жасап келген.

Brent маркалы мұнай фьючерстері барреліне 1,53 долларға немесе 2% өсіп, қазір 78,94 доллар болды. АҚШ-тағы West Texas Intermediate маркалы мұнай фьючерстері барреліне 1,53 долларға немесе 2,1% өсіп, 73,55 доллар болды.

Reuters жазуынша, АҚШ пен Ұлыбританияның хуситтерге жасаған шабуылы Израиль мен Хамас арасында қазан айында басталған соғыстың кеңеюіне алып келеді. 

Йемен тұрғындары елдің әр бөлігінде жарылыс болып жатқанын хабарлаған. Ал АҚШ президенті Джо Байден шабуыл «нақты белгіленген аумақтарға ғана» жасалғанын айтқан. Сонымен қатар, ол АҚШ пен оның серіктестері (хуситтер – ред.) өз азаматтарына шабуыл жасағанда қарап отырмайтынын мәлімдеген.

Ол Австралия, Бахрейн, Канада мен Нидерланд елдері шабуылды қолдағанын атап өтті.

Қызыл теңіздегі хуситтердің шабуылдары Еуропа мен Азия арасындағы халықаралық сауда маршрутын бұзған. Ал бұл әлемдік су сауда жолының шамамен 15%-ын құрайды.

Қазан айынан бастап хуситтер Қызыл теңіздегі коммерциялық кемелерге шабуыл жасап, Израиль соғысып жатқан Палестинаның Хамас тобына қолдау көрсеткен.

12 қаңтарда АҚШ пен Ұлыбритания бірігіп, Йемен хуситтерінің әскери нысандарына соққы жасаған.

«АҚШ пен Ұлыбритания қозғалыстың Қызыл теңіздегі кемелерге шабуылына жауап ретінде Йемендегі хуситтердің әскери нысандарына әуеден және теңізден соққы берді»,  делінген басылымда.

7 қарашада Антониу Гутерриш Газадағы жағдайды «адамгершілік қағидаларының дағдарысы» деп бағалап, қарулы қақтығыстың жалғасуы жазықсыз адамдардың өмірін жалмап жатқанын айтқан. БҰҰ хабарлауынша Газа аймағында 10 000-ға жуық адам қайтыс болған.

Еске сала кетейік, 7 қазан күні Газа аумағында билік құрып келе жатқан «Хамас» ұйымы Израильге шабуыл жасады. Кейіннен Израиль әскерилері «Хамас» ұйымының шабуылына жауап ретінде арнайы операция бастады.

Сондай-ақ оқыңыз