Студенттерге білім кредитін берудің жаңа ережесі жарияланды

Жарияланды
Студенттерге білім кредитін берудің жаңа ережесі жарияланды / shutterstock

Студенттерге арналған білім беру кредиті ұлттық валютамен 10 жыл мерзімге беріледі. Аталмыш жобаның жаңа тәртібін Ғылым және жоғары білім министрлігі Ашық НҚА-да қоғам талқысына ұсынды.

Бұл несиенің бұған дейінгі «Қаржы орталығы» АҚ жүйесін екінші деңгейлі банктер арқылы беріліп келген несиеден бірқатар айырмашылығы бар.

Несие алу үшін келесі талаптарға сай болу керек:

  • Қазақстан аумағындағы ЖОО не ЖОО-дан кейінгі оқу орнының студенті болу;
  • ҚР-ның тұрақты табысы бар, еңбекке қабілетті бір азаматының кепіл болуы (егер студент жетім, не ата-ана қамқорлығынсыз қалған болса, бұл талап міндетті емес);
  • Оқу құнының кемінде 10 пайызы мөлшерінде жинағының барын растайтын білім беру жинақтау сақтандыру шартының болуы;

Несие 10 жыл мерзімге берілгенімен, оны төлеу ЖОО бітірген соң емес, оқу кезінде, яғни несие берілген айдан кейін бір айдан соң басталады. Егер студент академиялық демалыс алса, несиені төлеу уақыты шегеріледі. Несиені 100 пайыз мемлекеттік ұйым тағайындайды, бірақ нақты қандай ұйым екендігі нақтыланбаған.

Осыған дейін ғылым министрі Саясат Нұрбек студенттер оқу ақысын төлеу үшін банктерден 2-3 пайызбен несие рәсімдей алатынын айтқан еді.

«Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) талапкердің оқу жетістіктері мен әлеуметтік жағдайын ескеретін  көрсеткіштер бойынша жетілдіріледі. Аталған тәсіл грант бағасы жүйесіне (30%дан 100%-ға дейін)  дифференциация енгізуде де қолданылатын болады. Білім алушыларға 2-3%-дық  жеңілдетілген несие алу мүмкіндіктері де жоспарланып отыр», – деді Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Сондай-ақ оқыңыз