Qarmet басшылығы «Костенко» шахтасында көмір өндірісін бастауға тыйым салды

Жарияланды
Костенко шахтасы

Костенко атындағы көмір шахтасы уақытша жұмыс істемейді / Фото: https://t.me/qarmet_news/109

Qarmet басшылығы Андрей Лаврентьев пен Вадим Басин жағдай дұрысталмайынша, Костенко атындағы көмір шахтасында өндірісті бастауға тыйым салды. Бұл жайлы компанияның баспасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, шахтаның қазіргі жағдайымен танысу үшін Qarmet басшылары апат болған аймаққа жақын 600 метрден астам тереңдікке дейін түсіп сол маңайдың жай-күйімен танысқан.

Шахта директоры Андрей Бойко нысанда жүргізілген тексерулердің қорытындыларымен таныстырған. Сонымен бірге қорытындыға сәйкес жағдайдың себептері мен салдарын жою, көмір өндіруді қайта жандандыру шараларына қатысты жұмыс жоспарын ұсынған. Бірақ компания басшылығы апатты жағдай қайталанбауы үшін шахтада көмір өндірісін қайта бастауды кейінге қалдырған.

«Басшылық тарапынан трагедияның қайталану ықтималдығы әбден жойылғанға дейін шахтада өндірісті қайта бастауға тыйым салынды. Сонымен бірге компания көмір департаментінің инженерлері үшін тиісті жұмысты орындауға барлық қажетті жағдай жасайды», – делінген хабарламада.

Жақында өткен брифингте Сырым Шәріпханов «Костенко» шахтасындағы апатқа байланысты 19 адам жауапқа тартылатынын айтты.

«Жауапқа инженерлік-техникалық қызмкетерлер тартылады. Олардың бұл мәселеге тікелей қатысы бар. Біз 19 адамды кінәлі деп таптық. Олардың барлығы жауапты қызметтегі адамдар. Бұл адамдарға қатысты материалдар құзырлы органдарға берілді. Сол материалдар негізінде олар тергеу жүргізіп, сотқа жолдайды. Ал жауапты адамдарға тоқталар болсақ, АМТ-ның атқарушы директоры Яблонский, HR директоры Винокурова, Көмір департаментінің техникалық директоры Александр Белый мырза мен көмір департаментінің атқарушы директоры Огай және тағы басқалары бар», – деді министр.

Еске сала кетсек, 28 қазанда «ArcelorMittal» компаниясына қарасты Костенко шахтасында жарылыс болды. Салдарынан 46 кенші опат болды.

Бұл қайғылы оқиғадан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев  Үкіметке кеншілердің отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетуді тапсырды. Сонымен бірге үкіметке «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату туралы шешім қабылдады.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Қарағанды облысында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның Костенко атындағы шахтасында болған апаттың себептерін тергеу және оның салдарын жою жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылжы. Оны премьер-министр Әлихан Смайыловтың өзі басқарды.

Сонымен бірге шахтада болған апатты Бас прокуратура тексеретінін  мәлімдеді. Шахтадаға қайғылы оқиғадан кейін арнайы прокурорлардың басшылығымен ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды. Оның құрамына құқық қорғау органдарының неғұрлым тәжірибелі қызметкерлері мен ТЖМ мамандары кірген.    

Бұл оқиғадан соң АМТ мемлекетке қайтарылатын болды. Біраз уақыт өткен соң Өндіріс және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев АМТ компаниясының жаңа акционерін жария етті. Жаңа инвестор «Allur» компаниялар тобы және оның иесі Андрей Лаврентьев болды.

Өз кезегінде бас акционер ArcelorMittal өзінің ресми сайтында осы мәміленің болғаны туралы ақпарат жариялады. Ақпаратқа сәйкес, мемлекет бақылауындағы жеке инвестициялық қор Qazaqstan Investment Corporation-мен арада келісім жасалған. Оған ArcelorMittal Temirtau JSC пен ArcelorMittal Tubular Products Aktau JSC компанияларының 100% акциясы берілген.

Сондай-ақ оқыңыз