Су ресурстары және ирригация министрлігі «Қазсушар» РМК қызметіне аудит жүргізеді. Бұл жайлы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.
Министрліктің құрылымдық бөлімшелері мен кәсіпорын басшыларының қатысуымен кеңесте Аудит департаментінің директоры Ғалымжан Молдаш тексеріс ақпан айының соңында басталатынын айтқан.
«Аудиттің басты мақсаты – ашықтық, кәсіпорын мен су саласын қаржылық сауықтыру. Жоғары аудиторлық палата мен Парламент депутаттары тарапынан сұрақтар мен ескертулер бар. Сондықтан барлық кемшілік пен бұзушылықты жою қажет», – дейді Ғалымжан Молдаш.
Министрлік мемлекеттік аудит объектілерінің бекітілген тізбесіне сәйкес «Нұра топтық су құбыры» ШЖҚ РМК қызметіне тексеруді бастап кеткен.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша алдағы уақытта жүргізілген аудиторлық іс-шаралар бойынша Жоғары аудиторлық палатаның ескертулерін жою бойынша жұмыс жүргізіледі.
Еске сала кетсек 20 желтоқсанда ЖАП басшысы Наталья Годунова «Қазсушар» РМК мекемесіне аудит жүргізілгенін айтты. Нәтижесінде аудиторлық жоғары палата біршама олқылықтар анықталғанын айтқан болатын. ЖАП төрағасының айтуынша есеп комитеті 2018 жылы аудит жүргізген. Олар су шаруашлығына қатысты су ресурстарын тиімді басқару тетіктері мен активтерін тексерген. Ал 2022 жылы мемлекет басшысының тапсырмасымен оңтүстік аймақтардың су ресурстары бойынша тексеріс жұмыстарын жүргізген. Осы жылы «Қазсушар» РМК халықаралық несиелерді пайдаланудағы қаржылық шаруашылық қызметінің тиімділігіне аудит жасаған. Нәтижесінде 3 млрд 300 млн теңге қаржылық бұзушылықтар анықталған. Сонымен бірге 56 млрд теңге бюжет пен қарызға алынған қаражат тиімді пайдаланбаған болып шықты. Ал 2,5 млрд теңге қаражат бойынша экономикалық шығынға ұшырап, тиімді табыстан айырылған. Аталған қаражаттың бюджетке 1 млрд 700 млн теңгесі ғана қайтарылды.
«Бюджеттен қомақты қаражат құйылса да, барлық негізі проблема су ресурстарын басқару жүйесінің тиімсіз ұйымдастырылуымен байланысты», – деп атап өтті Годунова.
Сонымен бірге халықаралық несиелеу нәтижелері де көңіл көншітпейді. Мәселен Еуропалық қайта құру және даму банкі мен Ислам даму банкінің несиелендіруімен «Қазсушар» РМК 2017 жылдан бері жалпы құны 317 миллион АҚШ долларын құрайтын 61 жобаны жүзеге асырып жатыр. Бірақ ЖАП аудиті кезінде 5 жылдан бері небары 18 жобаның ғана аяқталғаны анықталған. Ал 37-сі іске асыру сатысында, 6-уы бойынша жұмыс әлі басталмаған. Себебі – сол баяғы сапасыз жоспарлау мен адал емес мердігерлер. Сонымен бірге аудит нәтижесінде ЕҚДБ-ның 3 млрд теңге несиелік қаражатына жоспарланған 8 жобаға деп сатып алынған құрал-жабдықтар мен салынған инфрақұрылымдар негізгі мақсаты бойынша пайдаланылмаған.