Синтетикалық есірткі өндірісімен айналысқан екі шетел азаматы ұсталды – ҰҚК

Жарияланды (жаңартылды )
Есірткі өндірісімен айналысқан

Есірткі өндірісімен айналысқан екі шетел азаматы ұсталып, есірткі зертханасы жойылған. Бұл жайлы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.

«ҰҚК Алматы қаласы бойынша департаменті аса ірі көлемде синтетикалық есірткіні өндіру және тарату әрекетінің жолын кесті. 2024 жылғы 3 қаңтарда Алматы қаласына жақын орналасқан жалға алынған жеке үйде есірткіні дайындау кезіндегі қылмыс үстінде жедел қызметкерлер екі шетелдік азаматты ұстады», – делінген хабарламада.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша тінту барысында 30 кг «альфа-PVP» психотропты затының дайын өнімі анықталып, заңсыз айналымнан алынған. Сонымен бірге 5.5 тоннадан астам прекурсорлар да тәркіленген.

Есірткі өндірісімен айналысқан азаматтар бұл синтетикалық есірткілерді интернент арқылы Қазақстан аумағында сатумен айналысқан.

«Сот шешімімен фигуранттарға қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы тағайындалды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде», – деп хабарлайды комитет.

Бір жылда қанша есірткі тәркіленді?

Ұлттық қауіпсіздік комитеті 2023 жылы «қара нарықтағы» бағасы 20 млрд теңгеден асатын есірткі тәркілеген. Комитет жалпы есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл жасау бойынша 150-ден астам операция өткізгенін хабарлады. Бір жылда 34 халықаралық және 32 өңірлік есірткі жеткізу арналары жойылған. Сонымен бірге 36 жасырын есірткі зертханасының қызметі тоқтатылған.

Есірткінің заңсыз айналымына қатысы бар 101 адам сотталған. Олар осындай қылмыстарға қатысы бар деп күдіктеледі. Баспасөз қызметі одан бөлек, еліміздің және шетел азаматтарын қоса алғанда 169 азаматқа қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады. Ал Қазақстан арқылы есірткіні әкелу және тасымалдаудың жолын кесу бойынша шетел мемлекеттерінің құзыретті органдарымен бірлескен 32 операция жүзеге асырылған.

Сонымен бірге ҰҚК Павлодарда ірі синтетикалық цехы анықтап, жойды. Цех 0.5 гектар аумақты алатын жерде орналасқан. ҰҚК жедел қызметкерлері зерделеу барысында психотроптық заттарды әзірлеу үшін және оны одан әрі ТМД елдерінде сату мақсатымен Қазақстанға келген шетелдік азаматтарды анықтады.

Тінту барысында 100 келіге жуық «а-PVP» психотроптық заты мен прекурсорлар табылған. Сонымен қатар синтетикалық есірткі өндірісіне арналған заманауи құрылығы анықталып, тәркіленген.

Ал 31 шілде күні Ішкі істер министрлігінің Есірткі қылмысына қарсы күрес департаменті осы Павлодар облысының полиция департаментімен бірлесіп, жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында героиннің ірі партиясын «транзиттеу» арнасын анықтап, жолын кескен болатын. Онда құны 2,5 млн доллар болатын есірткі тасымалдаған Қырғызстан азаматы ұсталды.  

Сондай-ақ оқыңыз