Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Қаракөл көліндегі аққулардың қырылуына алып келген құс тұмауы адамдарға жұқпайтынын мәлімдеді. Бірақ соған қарамастан, аққулар өлген жерге бармауды ұсынды.
«Маңғыстау облысында Қаракөл көлінің жағалауында 2023 жылғы 21 желтоқсаннан бастап аққулардың жаппай өлімі тіркелді. Ветеринария бойынша ұлттық рефренттік орталық жүргізген зерттеулердің нәтижелері бойынша «құс тұмауы» (H5N1 штаммы) диагнозы қойылды. Қазіргі уақытта өңір аумағында адамдар арасында құс тұмауы ауруы тіркелген жоқ. Бұл ретте құстардан анықталған құс тұмауының вирусы адамнан адамға берілмейтінін атап өткен жөн», – делінген ДСМ хабарламасында.
Алайда комитет ЖРВИ мен тұмаудың эпидемиологиялық маусымында сақтану шараларын орындамаса, бұл вирустың халық арасында таралу қаупі бар екенін ескертеді. Бұл дерттің адамға берілуін болдырмау үшін:
- инфекция ошақтарына (аққулар өлген жерге) барудан бас тарту;
- бетперде тағу, қолды мұқият жуу және антисептик құралмен өңдеу;
- жұқтырған тірі (немесе өлі) құспен байланысқа түспеу (қауіп факторлары –жұқтырған құстың өлекселерін сою, жүнін жұлу және өңдеу);
- алғашқы белгілері пайда болғанда өзін-өзі емдеуге болмайды, медициналық көмекке жүгіну, дәрігерді үйге шақырту қажет.
Еске сала кетсек, блогер Азамат Сәрсенбаев 2 қаңтарда Қаракөл көлінде аққулардың жаппай өліп жатқанын хабарлады.
Ал бір күн өткен соң, Маңғыстау облысы бойынша экология департаменті аққулардың құс тұмауынан қырылғанын мәлімдеді.
Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті аққулар туралы хабарлаған блогер Азамат Сәрсенбаевқа айыппұл салды. Бірақ 51750 теңге көлемінде тағайындалған айыппұлды блогердің оқырмандары жауып берген.
10 қаңтарда Қаракөл көлінде 800-ден аса аққудың қырылуына байланысты Rixos отелі жоспардан тыс тексерілетіні хабарланды.
Өз кезегінде Rixos Water World Aktau қонақүйінің бас менеджері Серік Исағалиев сарқынды суды Қаракөл көліне ағызғандарын мойындады. Бас менеджер орталық кәріз жүйесі болмағандықтан, қонақүй құрылысы кезінде сарқынды суды тазартып, көлге ағызу жобасы бекітілгенін баяндады. Ол қонақүйде сарқынды суды Қаракөл көліне ағызуға рұқсат беретін тиісті құжат бар екенін және Rixos Water World Aktau Қаракөлдегі аққулардың жаппай қырылуын объективті тергеуге мүдделі екенін мәлімдеді. Ол алдағы бір-екі аптада қонақүй орталық кәріз жүйесіне қосылып, Қаракөл көліне сарқынды су ағызылмайтынын мәлімдеді.
Ал Экология министрлігі Орман шаруашылығы комитеті департаментінің бұрынғы басшысы Айтуар Туғанбеков Ақтаудағы Rixos қонақүйі сарқынды суын Қаракөлге ағызуға рұқсатты «үкіметтегі таныстарының көмегімен» алғанын мәлімдеді.
Туғанбеков жоба бойынша Rixos суды Каспий теңізінен алып, оны сүзгіден өткізіп, өз қажеттіліктеріне пайдалануы керек болған айтады. Ал пайдаланылған суды Қаракөлге ағызу ұсынылған. Жоба жоспарында сарқынды суды тазалайтын сүзгілердің өте қуатты болатыны көрсетілген. Алайда эколог ол сүзгілердің ластанған суды лайықты деңгейде тазаламайтынын айтады. Көлге зияны көп болғаны себепті бұл шешіммен келіспеген, құжатқа қол қоймаған. Бірақ Rixos «жоғарыдағы таныстарына шыққан».