АҚШ Йемен астанасы Сана қаласына соққы жасады деп хабарлайды, CNN.
Америка Құрама Штаттары Йемендегі хуситтердің позицияларына әуеден соққы берген. АҚШ әскерилер хуситтер пайдаланатын радарларды нысанаға алған.
Йемендегі «Аль-Масира» басылым жергілікті уақытпен сенбі күні таңертең елдің асттанасына әуеден соққы жасалып жатқанын хабарлаған.
«АҚШ-Британдық жауымыз ел астанасы Санаға бірқатар әуе шабуылдарын жасап жатыр», – деп хабарлаған жергілікті басылым.
Бейсенбіде Америка Құрама Штаттары мен Ұлыбритания Қызыл теңіздегі халықаралық жүк тасымалдау жолдарына оқ ату мүмкіндігін жоққа шығару мақсатында хусилердің 28 бөлек нысанасына соққы берген. Екі елге Канада, Австралия, Бахрейн және Нидерланды да қолдау көрсеткен.
АҚШ-тың Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің стратегиялық коммуникациялар үйлестірушісі Джон Кирби жұма күні CNN арнасына: «Біз істеп жатқан барлық нәрсе, одан әрі шиеленісудің алдын алу үшін істеліп жатыр», – деп жауап берген.
Өз кезегінде АҚШ президенті Джо Байден бейсенбі күні кешке бұл мәселеге қатысты пікір білдіріп, керек болған жағдайда бұдан ары қарай да қажетті шаралар қолданудан тартынбайтынын мәлімдеген.
«Бұл соққылар Америка Құрама Штаттары мен серіктестеріміздің дұшпандық субъектілерге жауабы. Біз олардың қызметкерлерімізге шабуыл жасауына және еркін қозғалуына кедергі келтіруе жол бермейміз»,– деді Байден.
АҚШ Қорғаныс министрі Ллойд Остин өз мәлімдемесінде бұл соққылар дрондар мен баллистикалық және қанатты зымырандар бойынша жасалғанын, солайша хуситердің шабуыл жасау мүмкіндіктері шектелгенін айтқан. Ұлыбританияның Қорғаныс министрлігі бұл мәлімдемені растап, «хуситтердің коммерциялық кеме қатынасына қауіп төндіру қабілеті төмендегеннін» хабарлады.
Хуситтердің өкілі Йеменнің Санада, Саада мен Дхамар қалаларында және Ходейда провинциясында «рейд» жүргізілгенін растады. Бұл соққыларды олар «американдық-сионистік-британдық агрессия» деп бағалаған.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, соққы барысында Сана әуежайы маңындағы әскери база, Таиз әуежайының жанындағы әскери нысан, Ходейдадағы хуситтердің әскери теңіз базасы және Хаджа провинциясындағы әскери нысандар жойылған.
Сарапшылар бұл жағдай Таяу Шығыстағы соғыстың етек жаюына алып келуі әбден мүмкін екенін айтады. Десе де, АҚШ бұл шиеленісті күшейтуге ниетті жоқ екенін мәлімдеген.
Хуситтер желтоқсан айының соңынан бері 27 кемеге шабуыл жасап, Еуропа мен Азия арасындағы негізгі бағыттағы халықаралық сауда тізбегін бұзған. Бұл жаһандық тасымалдаудың шамамен 15%-ын құрайды.
Хуситтер кемелерге шабуыл жасау арқылы Газа секторына қолдау көрсетіп жатқанын мәлімдеген.
7 қазан күні Газа аумағында билік құрып келе жатқан «Хамас» ұйымы Израильге шабуыл жасады. Израиль шабуыл салдарынан 1 200 бейбіт адам қайтыс болғаны туралы ақпарат таратты. Кейіннен Израиль әскерилері «Хамас» ұйымының шабуылына жауап ретінде арнайы операция бастады. 3 айдан асқан әскери операция барысында Газа секторында 23 мыңнан астам бейбіт халық қаза тапты.