Артур Мискарян: Әлемдік нарықта Қытай техникасы үлесінің артуы – қашып құтыла алмайтын процесс

Жарияланды (жаңартылды )
Автонарық сарапшысы Артур Мискарян / жеке архивінен

2023 жылы автонарық саласында елең еткізерлік оқиғалар болған жоқ. Бірақ 4 пайыздық жеңілдетілген несие бағдарламасының елді разы етпегенін, соның ізін ала арзан шарттары бар несие аясында ұсынылатын қытайлық көліктердің ұбап-шұбап Қазақстанға келе бастағанын бөліп-жарып айтуға болады. Осы орайда өткен жылды қорытындылап, келген жылды бағдарлап, көлік саласының сарапшысы Артур Мискарянмен аз-кем сұхбат құрдық.

Артур, 2023 жыл отандық автонарық үшін қолайлы болды ма? Қандай үрдістерді атап, қандай артықшылықтар мен кемшіліктерді тізбелер едіңіз?

– Желтоқсан сатылымының көрсеткіштері қаңтардың бірінші жартысында әлі де қысқартылуы керек, алайда қазір қазақстандық нарықта жыл ең оптимистік болжамдар деңгейінде аяқталды деп айтуға болады. 11 айда қазақстандықтар 175 мыңнан астам жаңа автокөлік сатып алды. Салыстыру үшін айтар болсақ, 2022 жылы 124 мың автокөлік сатылды. Сондықтан биыл біз өсімді 55-60 пайыз деңгейінде тіркеп отырмыз. Өткен жылы бірнеше әлемдік брендтер, соның ішінде Hongqi, Skoda, BYD біздің нарыққа шынайы қызығушылық танытты. Бұл қатарда Kia да бар: инвестициялық құны 250 млн доллар болатын жаңа зауыттың құрылысы басталды. Кәріс әріптестер біздің нарықтың динамикасына қатысты оптимистік көзқараста.

Автонарық саласында жүзеге асып жатқан маңызды бағыт – локализацияны тереңдету жайы. Алматы мен Қостанайда үлкен кластерлер салынуда, олар белгілі бір мағынада пластиктен және резеңке-техникалық бұйымдардан, сымдардан, электроника элементтерінен және басқа да бөлшектерден жасалған автокомпоненттер өндірумен айналысатын шағын және орта бизнес үшін өсу аймағына айналады.

ЕЭК шешімімен электромобиль алып келуге квота енгізілді. Қазақстанда оның саны 15 мың электрмобильді құрайды және жыл соңында соның тек жартысы ғана игерілді. Көліктің бұл түрі іштен жану қозғалтқышы бар автомобильдермен салыстырғанда жоғары құнына, инфрақұрылым мәселелеріне және электр қуатының тапшылығына байланысты белгілі бір топ үшін сұраныстағы өнім болып қала береді.

Тағы бір маңызды оқиға – салалық AutoReport басылымының пайда болғаны. Олар бірнеше тарапты назарына алады: нарық қатысушылары, сала жұмысын реттейтін мемлекеттік органдар, банктер мен сақтандыру компаниялары. Ал ең бастысы – автомобиль иелері мен әлеуетті сатып алушылар.

Ұлттық банк жақында арнайы зерттеу жүргізіп, 2015 жылдан бастап жүзеге асырылып келген жеңілдетілген автонесиеу бағдарламасы тиімсіз болды, отандық автопаркті жаңарта алған жоқ деп мәлімдеді. Бұл пікірмен келісесіз бе? Бағдарлама неліктен дұрыс жұмыс істей алмады?

– Техникалық іске асыруға қарамастан, әр түрлі модификациялары бар жеңілдетілген несие беру бағдарламасы тұтынушылар тарапынан үлкен сұранысқа ие болды. Нарықтық несиелеу құнын ескеретін болсақ шекті 7,5 пайыз дегеніңіз – әлдеқайда тартымды ұсыныс. Тағы бір айта кететін жайт осы бағдарлама секілді кез келген әлеуметтік жобаның ауқымы әрқашан әкімшілік жолмен белгіленген қаржыландыру шегімен шектеледі. Бағдарламаның қамту ауқымы үлкен болар еді деп әркез айта беруге болады, бірақ ол үшін қорландыруды пропорционалды түрде ұлғайту керек. Алдын ала белгіленген шеңберде бағдарлама сөзсіз нәтиже көрсетті. Осы бағдарламаның екінші итерациясы аясында еліміздің 12 мыңнан астам тұрғыны автокөлік сатып алды. Әрине, елдің автопаркін жаңарту мәселесі әрқашан өзекті. Алайда паркті жаңалау – тек жаңа техниканы пайдалануға беру емес, сонымен бірге, ескі көліктерді пайдаланудан шығару. Ол жағын да ұмытпаған абзал.  

2024 жылы утиль алым тағы да қымбаттайды. Ал қоғам белсенділері болса утиль алым мен бастапқы тіркеуді мүлде жою керек, не болмаса минималды шекке дейін төмендету керек екенін айтады. Сіздіңше, биыл бұл бағытта қандай өзгеріс болуы мүмкін?

– Нарықтағы ахуал сұраныс пен ұсыныстың қатынасы, сондай-ақ мемлекеттің стратегиялық позициясы тұрғысынан анықталады. Соңғысының өзіндік өндірісті дамыту мен импортқа тәуелділік өсімі аралығынан анықталарын да айта кеткен жөн. Алғашқысы ұзақ жолды жүріп өтуді ұсынады: ауқымды құрастырудан бастап дәнекерлеумен, сырлаумен, жинақтаушы бұйымдарды шығарумен, кәсіпорындар салумен және технологиялық кадрларды оқытумен толыққанды өндіріске дейін – мұның бәрі ел ішінде жүзеге асады. Екіншісі, автокөліктерді әкелуді және автокөліктерді автоорталық алдында немесе қоймада кейіннен сату мақсатында түсіруді қамтиды, айтпақшы, бұл үшін сату менеджерлерін оқытудың қажеті жоқ, қазір онлайн арналар белсенді түрде дамып келеді. Екі бизнес-модель де жұмыс істей алады. Айтпақшы, біздің елімізде ешқашан (бүгінде автомобиль өнеркәсібінде әлемдік көшбасшылардың қатарында тұрған кейбір басқа елдермен салыстырғанда) автомобиль немесе автобөлшек импорты жабылған емес. Дегенмен, мемлекеттің ұстанымы – ел ішінде кешенді өндірістерді дамыту, кадрларды даярлау және технологияларды дамытуға басымдылық беретіні анық.

Теорияда кедендік-тарифтік қадағалаудың барлық құралдарын өшіріп тастауға болады. Нарық пен өнеркәсіптің жалпы бұзылуынан басқа, бұл жағдайда импорттаушылар үшін кірістің өсуін күтуге болады. Бірақ барлық энтузиастарға тегін Cayenne немесе Maybach беру арқылы емес.

2024 жылы автокөлік бағасы арзандай ма?

– Бұл ретте 2022 жылдың соңында Қазақстанда және әлемдік нарықта бүкіл шоктан кейін ес жиып, тұрақтала бастаудың белгілері көрінген еді. Мұндай қиындықпен нарық 2019 жылдың соңында кездесті және ол ауыр тиді. 2023 жылы осы үрдіс сақталды. Яғни баға тұрақталуының үрдісі сақталып қалды және жалғасты. Бұл ретте баға жаппай түсті деп тұрған жоқпыз, баға өсімі тұрақтанды. Неліктен? Өйткені өндірушілер мен дилерлер компоненттер мен жабдықтарды жеткізуді нақты болжауға, тіпті кейбір позицияларға сәйкес қорларды қалыптастыруға мүмкіндік алды. Әрине, жағдайдың бұлай өрбуі тұтынушылар үшін де тиімді: жаңа, әлдеқайда қолайлы сатып алу шарттары пайда болады. Әрі әртүрлі позиция бойынша қолма-қол төлеп сатып алу ыңғайлырақ бола түседі.

Елімізде автонарық қытайлық автомобильдермен тола бастады, қазірдің өзінде ірі қытайлық брендтерді өзімізде құрастыруға байланысты ресми келісімшарттар да жасалды. Бұл ішкі нарықта қандай тенденция тудырады және қытайлық көліктердің жаппай ағылуы өзге шетелдік маркалардың арзандауына жол аша ма?

– Өндірісі мен дистрибуциясы Ресейде қалыптасқан бірқатар еуропалық және жапониялық брендтердің кетуіне байланысты қытайлық көліктер сол босап қалған нарық бөліктерін заңды түрде толтырып кетті. Бұл орайда қытайлық көліктердің күрт көбеюі тұтынушылық қасиеттер жиынтығымен, техникалық сипаттамаларымен немесе бірегей баға ұсынысымен емес, табиғи алмастырумен байланысты. Ал шындап келгенде әлемдік нарықта да Қытай техникасы үлесінің артуы – қашып құтыла алмайтын процесс. Себебі Қытай үкіметі өз өндірушілерін айырықша құлшыныспен қолдап отыр. Әлемде болып жатқан соңғы оқиғалар динамиканы одан әрі үдете түсті.

2023 жылы автонарық электромобильдердің де танымалдылығы өсуімен ерекшеленді. Тіпті қытайлық компаниямен келісімге де қол қойылды. Электромобиль әкелушілер үшін арнайы жеңілдіктер де бар. Ондай көліктер үлесінің артуына біздің инфрақұрылым қаншалықты дайын?

– Импорттауға қатысты жұмыс істеп тұрған преференцияға қарамастан отандық автопарктегі электромобиль үлесі аз күйінде қалып отыр. Жыл басынан бері елімізде 15 мың электромобильге квота берілген еді. Қазіргі уақытқа дейін 7,3 мың электромобиль әкелініпті. Демек квотаның жартысы ғана игерілген деген сөз. Тиісінше, бұл квотаны тағы бір жылға созу туралы шешім шығарылды. Қазіргі уақытта елімізде 3,9 млн жеңіл автокөлік тіркелсе, соның 6,2 мыңы – электромобильдер. Ұқсас өлшемдері мен жабдықтары бар бензин немесе дизель отынымен жүретін автомобильмен салыстырғанда, электромобиль айтарлықтай қымбат (орта есеппен бір жарым есе).

Техниканың осы түрінің төмен таралуына, сондай-ақ қызмет бойынша статистиканың болмауына байланысты бұдан әрі қарайғы сату кезінде электромобиль құнының құлдырауын болжау қиын.

Қазақстан автомобиль жасау саласында қандай тәжірибе жинады және бұл бағыттағы біздің шынайы әлеуетіміз қандай?

– Қазіргі кезде еліміздің әр өңірінде (Алматы, Қостанай, Қарағанды, Семей, Көкшетау және тағы басқа) техниканың әр түрін шығаратын кәсіпорындар жұмыс істейді. Олардың біразы жеңіл автокөлік, жүк көліктері, автобус, трактор, комбайн және арнайы техникалар шығарады. 2023 жылдың 11 айында өндіріс көлемінің жалпы жиынтығы 140 мың бірлікке жуықтады. Желтоқсанның қорытындысы бойынша бұл көрсеткішке тағы 11-13 мың техника бірлігі қосылды ғой деп ойлаймын.

Соңғы жылдары отандық машина жасау және автопром сыртқы қатерлер мен кадр тапшылығына қарамастан сенімді өсім көрсетуде. 2023 жылдағы алдын ала нәтиже бойынша – 45 пайызға, 2022 жылдың қорытындысы бойынша 23 пайызға өсім көрсетті.

Сонымен қатар компоненттер өндірісі де қарқынды дамып жатыр. Кәсіпорындар оқу орындарына қамқорлық жасайды және жас инженерлік кадрларды оқытуға, тағылымдамадан өтуге және жұмысқа қабылдауға қолдау көрсетеді.

Болашақта экспортты дамыту жеделдетіледі – қазақстандық техника бүгінде көрші елдерде сұранысқа ие. Ішкі нарықты қамтамасыз ету, өндірістік қуаттарды ұлғайту және елден тыс жерлерде қазақстандық бизнестің қатысуын кеңейту өте маңызды.

Сондай-ақ оқыңыз