АҚШ пен Ұлыбританияның Йеменге шабуылы әлемдік экономиканың дамуын тежейді – сарапшы

Жарияланды
Exxon опасается потери доходов от продажи казахстанской нефти
kursiv.media

12 қаңтарда АҚШ пен Ұлыбританияның Йемендегі хуситтерге қарсы әскери операция бастады. Соққы портты Ходейда қаласы мен Йемен астанасындағы Сана халықаралық әуежайындағы нысандарға жасалған, деп хабарлады Reuters.

Бұл ақпараттан соң «қара алтын» бағасы бірден өсті. Мәселен, наурызда жеткізілетін Brent маркалы мұнайдың фьючерстері 2,5%-ға қымбаттап, барреліне 79 доллардан асты.

«Мұнай бағасы «Ақ үй» Йемендегі хуситтердің нысандарына әуе шабуылдарын жасағаннан кейін көтерілді. Инвесторлар бұл жағдайдың Таяу Шығыста қақтығысты үдету ықтималдығын бағалауға тырысуда», – деп жазады Bloomberg.

Экономист Бауыржан Шурманов Йемен ірі мұнай өндіруші ел емес екені айтады. Әлемдегі мұнай өндіруші елдердің арасында олардың үлесі 0,1% ғана.

«Мысалы, Қазақстанның еншісіне дүниежүзіндегі мұнай өндірісінің 1,9%-ы тиесілі. Бірақ аймақтағы қақтығыс салдарынан кеме қатынасы біраз уақытқа тоқтап, теңіз қатынасы, теңіз арқылы тасымал шектеледі. Басқа ірі мұнай өндірушілердің жақындығын және танкерлермен жөнелтуге қатысты ықтимал тәуекелдерді ескере отырып, мұнай бағасы шарықтап кетуі мүмкін. Тіпті «қара алтынны» баррелі 100 доллардан асып түсуі де ықтимал», – дейді сарапшы.

Экономистің айтуынша, кез келген мәселе экономика мен саясатта жасырын мүмкіндіктерге жол ашады.

«Біз үшін бұл жоғары бағамен сауда жасау мүмкіндігі. Осы тұрғыдан алғанда, Қызыл теңіздегі жағдай қаншалықты күпірлік болып көрінсе де, біз үшін пайдалы болып отыр», – деді экономист.

Ал экономист Бауыржан Ысқақов Йемендегі хусейттерге соққыдан әлемдік экономикаға төнетін қауіп-қатерді атады.

«АҚШ өзінің одақтастары, яғни, Ұлыбританиямен бірге Йемендегі хусейттерге әуе соққысын жасауы мұнай бағасының қымбаттауына алып келді. Біздің елдің негізгі мұнайының маркасы Brent болғандықтан, оның құны бірден 2 долларға өсті. Осы жердегі басты қауіп – 2023 жылдың желтоқсан айының ортасынан бастап, 2024 жылдың қаңтарына дейінгі аралықта хусейттердің Қызыл теңіз арқылы тасымалданатын мұнай контейнерлеріне жасаған шабуылы тасымалдарды жылдық есепке шаққанда 60%-ға төмендеткенін көріп отырмыз. Ал осы Қызыл теңіз арқылы әлемдік мұнай тасымалының 8%-ы өтетінін ескерек, бұл әртүрлі халықаралық геосаяси оқиғалардың мұнай бағасына ықпал ететінін көрсетеді», – деді экономист.

Осы тұста сарапшы экономикасы мұнай өнімдеріне мұқтаж елдерді дағдарыс қауіп жоғары екенін айтады.

«Дүниежүзілік экономика туралы айтар болсақ, бұл қосымша мұнай өнімдеріне мұқтаж елдер үшін қиыншылық алып келетіні белгілі. Өйткені экономикасы, өнеркәсібі, басқа да нақты секторлары шикізатқа тәуелді мемлекеттерге бұл қосымша шығын. Бұл өз кезегінде әлемдік экономиканың дамуын тежейтін фактор болуы әбден мүмкін», – деп түсіндірді маман.

Яғни, инфляция қарқын алып, тауарлар бағасы қымбаттайды. Ал Қазақстан мұнай экспорттайтын мемлекеттердің қатарында болғандықтан, мұнайды сатудан Ұлттық қорға түсетін қаржы мен салықтар арқылы түсетін, жалпы бюджеттің кіріс бөлігін қалыптастыратын түсімдердің артатындығы белгілі.

«Яғни үш жылға қабылданған бюджет «қара алтынның» бағасына тікелей байланысты. Бірақ қазір шикізат бағасының өсуі одан түсетін түсімдердің артатынын көрсетеді. Бұл өз кезегінде көптеген әлеуметтік жобаларды уақытында қаржыландыруға мүмкіндік береді. Ал ұзақ мерзімді бағытта қарайтын болсақ, әрине, мұндай кикілжің арқылы мұнай бағасының қымбаттауы – ұзақ мерзімді уақытта бізге тиімсіз. Өйткені көптеген мемлекеттер мұнайға балама энергия ресурстарын іздеп жатқандығы белгілі. Соған байланысты бірге тұрақты, бейбіт жағдайда «қара алтынға» сұраныстың қалыстасуын қамтамасыз етуіміз керек», – деп топшылады маман.

Бауыржан Ысқақовтың пайымынша, экономикамыз мұнайға тәуелсіз салалардан түсетін табыс арқылы дамуына бағыт алуымыз керек.

«Сол үшін де әртүрлі халықаралық кикілжіңдердің орын алуы біз сияқты әлемнің барлық экономикасымен еркін сауда жасайтын мемлекет үшін тиімсіз. Бұл ретте біздің негізгі позициямыз – көрші елдермен халықаралық дәрежеде жақсы байланыс орнату», – деп қорытындылады экономист.

Аталған қақтығысқа қатысты соңға жаңалықтарға сүйенсек, Лондон әлі Йемендегі хуситтерге қарсы жаңа соққылар туралы шешім қабылдаған жоқ.

Ұлыбритания қорғаныс министрі Грант Шаппс дүйсенбі күні Йемендік хуситтер позицияларына жаңа соққы беру мүмкіндігі туралы шешім алдыңғы операцияның нәтижелерін бағалағаннан кейін қабылданатынын айтты.

«Әуелі не болатынын көрейік. Жалпы Лондонның Қызыл теңіздегі операцияларға белсенді араласқысы келмейді, бірақ, сайып келгенде, кеме қатынасының еркіндігі халықаралық құқық болып табылады», – деді Шаппс.

Еске сала кетсек, 2023 жылы 7 қазанда «Хамас» Израильге шабуыл жасады. Бұған жауап ретінде Израиль «Хамасқа» қарсы операция бастады. Бұл оқиғалар Таяу Шығыстағы бірқатар топтардың Ирак пен Сириядағы Америка күштеріне қарсы шабуылдарын күшейтуге итермеледі. Йемендік хусит көтерілісшілері өз кезегінде Қызыл теңіздегі кемелерді атқылай бастады.

Өткен аптада АҚШ пен Ұлыбритания Йемендегі хуситтердің әскери нысандарына олардың кеме қатынасындағы үздіксіз шабуылдарына жауап ретінде бірқатар әуе шабуылдарын жасады. Шабуылдар Австралия, Нидерланды, Бахрейн және Канаданың қолдауын тапты.

Сондай-ақ оқыңыз