Қазақстандықтар Сейшель аралдарына визасыз бара алады

Жарияланды
Қазақстандықтар Сейшель аралдарына визасыз бара алады / gov.kz және freepik

2024 жылдың 6 қаңтарынан бастап қазақстандықтар Сейшель Республикасына визасыз бара алады. Бұл туралы Астанада өткен брифингте сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты.

Смадияровтың сөзіне сүйенсек, Қазақстан Үкіметі мен Сейшель Республикасының Үкіметі 2023 жылдың 22 қыркүйегінде Нью-Йорк қаласында өзара визалық талаптардан босату туралы келісімге келген.

«Келісімінің 1-бабына сәйкес екі елдің азаматтары екінші уағдаласушы тарап мемлекет аумағына бір немесе бірнеше рет келу-кету, транзит, уақытша болу үшін визалық талаптардан босатылады. Осы ретте азаматтардың шекарадан өткен кезден бастап, екі мемлекет аумағында болу мерзімі күнтізбелік 30 күннен аспауы қажет», – деді Смадияров.

Яғни егер Қазақстан азаматтары Сейшель аралдарында 30 күннен аса уақыт болу керек болса, олар тиісті санаттағы Сейшель визасын алдын ала рәсімдеуі керек.

2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан әлемдік паспорт индексінде 66-орынға көтерілген. Зерттеу жасаған Henley & Partners компаниясы қазақстандықтардың әлемнің 78 еліне визасыз бара алатынын жазған. Айта кетейік, 2022 жылы Қазақстан рейтингте 68-орында болып, ел азаматтары визасыз 75 елге бара алған. Паспорт индексіне 104 ел кірген. ТМД елдері арасында Қазақстаннан бөлек Ресей, Беларусь, Әзірбайжан, Армения мен Өзбекстан бар. Индекстің бірінші орнында бірден алты мемлекет орналасқан: Еуро Одаққа кіретін Германия, Италия, Испания және Франция мен қос Азия елі – Сингапур мен Жапония. Бұл ел азаматтары 194 елге визасыз бара алады.

Қазақстан азаматтарына визасыз баруға болатын елдер тізімі жыл сайын артып келеді. 2024 жылы қай елдерге визасыз баруға болатынын тізіп шыққан едік. Шенген аймағынан тыс Еуропа елдері мен Азияның бірқатар елдеріне есік ашылды. Үш айға дейін визасыз жүруге болатын елдер саны артты.

2024 жылы саяхатқа шығуды жоспарласаңыз, тізімдегі елдердегі саяси жағдайды анықтап алғаныңыз абзал. Украина, Ресей, Беларусь аумағы мен Таяу Шығыс елдеріне ұзақ мерзімге жоспар құрмаңыз. Егер Қырым немесе Абхазия, Оңтүстік Осетияға барып жатсаңыз, Украина мен Грузияға кіргенде қиындық болуы мүмкін.

Бірқатар елдерге шетелге шығатын паспорт жасамай-ақ, ішкі жеке куәлікпен баруға болады: Беларусь, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Грузия, Армения, Әзірбайжан.

Сондай-ақ оқыңыз