АҚШ банктерінің табысы, мұнай бағасы, ҚазАтомөнеркәсіп акциялары: қаржы нарығындағы өзгерістер

Жарияланды
АҚШ банктерінің табысы, мұнай бағасы, «ҚазАтомөнеркәсіп» акциялары: қаржы нарығындағы өзгерістер / shutterstock

Мұнай мен уран бағасы өсіп, «ҚазАтомөнеркәсіп» акциялары сұранысқа ие болуы әсерінен KASE-де сауда-саттық қалыпты өсім көрсетті.

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы дайындаған шолуға сүйенсек, АҚШ қор нарығы жұма күні сауда-саттықты әртүрлі бағытта аяқтады. S&P және Nasdaq іс жүзінде өзгермей, 0,08% және 0,02% төмен өсім көрсетсе, Dow медициналық шығындардың өсуі әсерінен UnitedHealth индексінің (-3,4%) төмендеуінен 0,3% жоғалтты. АҚШ-тағы баға индексінің төмендеуі банк секторындағы өсімді тежеп қалды. Желтоқсан айында PPI индексі 0,1% төмендеді. Сонымен қатар BNY Mellon, JPMorgan және Bank of America 2023 жылдың төртінші тоқсанында табыстың азайғанын жариялады.

Қазақстан қор нарығындағы (KASE) сауда-саттық жұма күні қалыпты өсіммен (+0,4%) аяқталды. Өсімнің негізгі драйвері «ҚазАтомөнеркәсіп» акциялары (+2,9%) болды. Уран бағасының өсу әлеуеті жергілікті инвесторлардың компанияға қызығушылығын арттыра түсті. 

Ұлттық валюта өткен аптаны нық аяқтады. Валюта бағамы бір доллар үшін 451,33 теңгеге (-1,52 теңге) дейін төмендеді. USD сатып алу төмендеп, 162,2 млн долларды (-34,1 млн) құраған. Теңге динамикасына бір мезгілде мұнай және уран бағасының өсуі әсер еткен.

Қаңтар айындағы Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы сауалнамасына сәйкес, қаржы нарығының сарапшылары алдағы 12 айда доллар бағамының 484,1 теңгеге дейін жетуі мүмкін деп болжайды.

Жұма күні Brent маркалы мұнай бағасы барреліне 78,3 долларға дейін өсті (+1,1%). Негізгі себеп АҚШ бастаған халықаралық коалицияның Йемендегі хуситтерге әуе соққыларын жасауы әсер етті. Енді Еуропа мен Азия арасындағы мұнай тасымалы Қызыл теңіз арқылы емес, Оңтүстік Африка арқылы жүріп, неғұрлым ұзақ уақыт алатын болады. 

Қазан айынан бастап хуситтер Қызыл теңіздегі коммерциялық кемелерге шабуыл жасап, Израиль соғысып жатқан Палестинаның Хамас тобына қолдау көрсеткен.

12 қаңтарда АҚШ пен Ұлыбритания бірігіп, Йемен хуситтерінің әскери нысандарына соққы жасаған.

«АҚШ пен Ұлыбритания қозғалыстың Қызыл теңіздегі кемелерге шабуылына жауап ретінде Йемендегі хуситтердің әскери нысандарына әуеден және теңізден соққы берді»,  – делінген басылымда.

АҚШ пен Ұлыбритания Йемендегі хусит әскери нысандарына шабуыл жасағаннан кейін, мұнай бағасы 2%-ға өсті.

Сондай-ақ оқыңыз