Ресейдің Санкт Петербор қаласы Пушкин ауданындағы Wildberries компаниясы қоймасында болған өрт шығыны 10 млрд рубль болуы мүмкін.
РБК ақпаратына сүйенсек, Жалпы ресейлік сақтандыру одағы шығынды алдын ала есептеп, 10 млрд рубльден (51 млрд теңге) астам деп белгілеген.
ТАСС ақпаратына сәйкес, өрт болған кезде қоймада 1000 астам адам болған. Дәл қазіргі уақытта 16 адамнан хабар жоқ.
Ресей Төтенше жағдайлар министрлігі өрттің үш себебі болуы мүмкін екендігін айтқан. Бірінші, белгісіз адамның өрт қоюы, екінші, электр желісін апаттық жұмысы, үшінші, отты абайсыз пайдалану.
ТАСС ақпаратына сүйенсек, қоймада электр желісі дұрыс жұмыс істемеген. Осыған дейін дабылды ескерту тетігі (сигнализация) бірнеше рет өздігінен қосылып, жалған ақпарат бергендіктен, компания қызметкерлері оны өшіріп тастаған.
Ал Wildberries дабыл қағылып және белгі берілгеннен кейін, қызметкерлердің қоймадан шығарылғанын айтқан.
Құрылыс секторы бойынша бақылаушы орган Wildberries компаниясы қойманы салуға рұқсат алып, пайдалануға рұқсат алмағанын айтқан. Өз кезегінде Wildberries қойманы салу және пайдалануға рұқсат бар екенін жазған.
Wildberries қоймасындағы өрт 13 қаңтар таңертең басталған. Қойманың аумағы 100 мың шаршы метр болса, өрттің тарау аймағы 70 мың шаршы метрге жеткен.
«Известия» газетінің жазуынша, қоймадағы барлық тауар өртеніп кеткен. Wildberries қоймада болған тауарлардың маркетплейстен алынып тасталғанын айтып, сатушылардың шығындарын өтеп, тапсырыс берушілердің ақшасы қайтарылатынын айтты.
Wildberries – 2004 жылы құрылған ресейлік маркетплейс. Оның иесі Татьяна Бакальчук 2021 жылы Ресейдегі ең бай әйел (13 млрд доллар) болған. Wildberries компаниясы Қазақстан, Беларусь, Ресей, Қырғызстан, Армения, Израиль, Молдова, Түркия, Өзбекстан мен Әзірбайжан елдерінде жұмыс істейді. Компанияның Қазақстандағы жұмысы туралы сұхбат жариялаған едік.