Жаңалықтар

Назарбаевтың немере інісі Самат Әбіштің ісі сотқа жіберілді

абиш
Фото: gov.kz; shutterstock

Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбішке қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталды.

Бас прокуратураның хабарлауынша, Самат Әбішке қатысты іс сотқа жіберілді.

Қылмыстық істе мемлекеттік құпияға қатысты мәлімет болуына байланысты, сотқа дейінгі тергеп-тексеру дерегі жарияланбайды.

Самат Әбішке қатысты тергеу былтыр басталған болатын.

«Бас прокуратураның Арнайы прокурорлары Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбішке қатысты «қаңтар оқиғалары» кезінде билік пен лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізуде», – деп хабарлаған Бас прокуратураның баспасөз қызметі.

Сол кезде де прокурорлар тергеу барысында құпия құжаттар зерделеніп жатқанын жариялаған.

«Тергеу құпия құжаттаманың едәуір көлемін зерделеумен байланысты. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесінде сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге де деректері жария етілуге жатпайды», – деп нақтылаған Бас прокуратураның баспасөз қызметі.

Естеріңізге салайық, өткен жылы 14 қыркүйекте Алматыда «Дикий Арман» лақап атымен танылған Арман Жұмагелдиев және қалалық мәслихаттың 7-шақырылымының экс-депутаты Қайрат Құдайбергенге қатысты сот отырысы өтті. Айыпталушылардың қатарында 40-тан астам адам болды. Солардың бірі ҰҚК 5- ші департаментінің бұрынғы бастығы Руслан Ысқақов 18 қыркүйектегі отырыста «Қаңтар» оқиғасы кезінде оған Самат Әбіш бұйрық бергенін мәлімдеген болатын. Сонымен қатар ол өзінен жауап алғаннан кейін бір жарым жылдан соң оның жауаптары құпия деп танылғанын атап өтті.

ҰҚК төрағасының экс-орынбасары Самат Әбіш 2022 жылы 17 қаңтарда қызметінен босатылды. 2022 жылғы 22 маусымда ҰҚК төрағасының орынбасары Асқар Әмерханов тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі, Самат Әбіштен жауап алынып жатқанын хабарлады.

«Самат Әбіш те тергеу орбитасында. Ол куәлік беріп жатыр, бірақ мен оның статусын білмеймін», – деген еді ол.

Өткен жылы Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев Назарбаевтың немере інісі Самат Әбіштің ешқайда кетпеу туралы қолхатпен жүргенін айтты. Оның пікірінше, тергеушілер оның қашып кетпейтініне сенімді болуы мүмкін.

«Тергеу органдары өз тергеу жұмыстарына сүйенеді. Олар оның ешқайда қашпайтынына сенімді болса керек. Және ол қылмыстық қудалау органдары алдындағы заң бойынша өзіне жүктелген міндеттерінің ешқайсысын бұзбаған болуы мүмкін, Сондықтан оған басқа бұлтартпау шарасын қолдану туралы мәселе туындамаған», – деді ол.

Айта кетейік, ҰҚК экс-төрағасы Кәрім Мәсімов «Қаңтар» оқиғасынан кейін қамауға алынған еді. Ол қылмыстық кодекстің 175-бабының 1-бөлігі, 179-бабының 3-бөлігі, 362-бабының 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылды. Ол жазаны ішінара қосу арқылы 18 жылға бас бостандығынан айырылған.