«Майқайыңалтын» кенішіндегі апат: тұрғындар мен бұрынғы жұмысшылар қайғылы оқиғаға комбинат басшысы кінәлі деп санайды

Жарияланды
«Майқайыңалтын»
«Майқайыңалтын» кенішінің бұрынғы жұмысшылары кеніште қауіпсіздік ережесі сақталмай игерілгенін айтты / Фото: kursiv.media

«Майқайыңалтын» АҚ бұрынғы жұмысшылары басшыларын айыптап, кеніштегі апатқа объективті тексеру жүргізуді талап етті. Бұл туралы кеніште болған апаттың себебін тексеру жөніндегі мемлекеттік комиссия мүшелеріне жолданған ашық хатта жазылды.

 «Құрметті «Майқайыңалтын» АҚ  жерасты кенішіндегі апаттың себебін тексеру жөніндегі мемлекеттік комиссияның мүшелері! Біз, Майқайың кентінің тұрғындары және «Майқайыңалтын» АҚ бұрынғы жұмысшылары  өндірістік апаттың себебін анықтау және тергеу жұмысын алаңдаушылықпен мұқият бақылап отырмыз. Бұл – біздің адамдарымыз бен туыстарымыздың өмірін қиған үлкен трагедия. Біз тау-кен саласындағы тәжірибелі, ең бастысы білікті мамандарды, ғылыми жобалау институттарын тарта отырып, апаттың себептеріне объективті тексеру жүргізуді талап етеміз!» – делінген ашық хатта.

Адамдар қайғылы жағдай шетелдік инвестор Милан Поповичтің басқаруындағы тау-кен байыту комбинатында жылдар бойы қордаланған өзекті мәселелердің шынайы бейнесін көрсеткенін алға тартты.

«Біз апаттың себебі осы комбинаттың саясаты мен басқару жүйесінде жатқанына сенімдіміз. Көп жылдан бері «Майқайыңалтынды» инвестордың атынан бұрынғы бас директор, қазір Поповичтің немесе атқарушы директор Ботин Қуаныш Советұлының кеңесшісі Қабдолов Орынжан Қабдолұлы басқарып келеді. Апат кездейсоқ орын алған жоқ, бұл – Қабдолов мырза  түсінбейтін, күрделі тау-кен процесін авторитарлық басқарудың жемісі», – деп жазылған Майқайың кентінің тұрғындары мен «Майқайыңалтын» АҚ бұрынғы жұмысшыларының ашық хатында.

Тау-кен байыту комбинатының бұрынғы жұмысшыларының айтуынша, Майқайың Б кен орны қауіпсіздік ережесін сақтамай игеріледі.

«Біз соңғы жылдары кен орнының солтүстік-шығыс қапталында жұмыс істеп тұрған карьер жағынан полиметалл кені өндірілгенін білдік. Бұл ретте кен өндіру жобалық құжатта қарастырылғандай блоктар мен камералардың бос жерлерін арнайы ерітіндімен толтырмай-ақ жүргізілген. Салдарынан пайдаланылған блоктардың үстінде бос орын пайда болған. Ол жылдар бойы қопсып, құлап, ұлғайып отырған. Ақырында автобус өтіп бара жатқанда опырылып кеткен. Кен бақылаусыз өндірілген. Бұған дейін мемлекеттік органдар жүргізген тексеру мен ескерту еленбеген, түзетілмеген», – дейді шағымданушылар.

Осындай олқылықты жіпке тізген тұрғындар «Майқайыңалтын» АҚ басшысын айыптайды.

«Қабдолов мырза өзін әрқашан Майқайыңның иесі және комбинаттың жалғыз иесі ретінде көрсетіп, кез келген қарсылық пен шағымды және сынды ауыр қабылдайды. Кейіннен адамдардан кек алып, оларға қысым көрсетеді», – делінген ашық хатта.

Жазба авторлары соңғы жылдары Қабдолов мырза кәсіпорынның кірісін жеке мақсатына жұмсағанына, өндірісті бақылауға атүсті қарағанына наразылық білдірді.

«Біз, ауыл тұрғындары, «Майқайыңалтынның» өндірістік қызметін шұғыл тоқтатып, кешенді тексеру жүргізуді талап етеміз. Өйткені кез келген уақытта басқа өндіріс орындарында апат қайталануы мүмкін деп есептейміз. Мемлекеттік комиссияның мүшесі Қабдолов мырза адам өлімінің  жауапкершілігінен құтылу үшін осы апатқа кінәлілерді табуға мүдделі болады деп қорқамыз», – делінген ашық хатта.

Естеріңізге салайық,  4 қаңтарда Павлодар облысы Баянауыл ауданында «Майқайыңалтын» АҚ шахтасына құтқарушылар мінген автобус құлап кетті.

«Апат кезінде автобуста 4 адам болған: КӘАҚҚ РОШ Павлодар филиалының 3 құтқарушысы мен 1 жүргізуші. Шахтадан 33 жұмысшы эвакуацияланды, олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жоқ», – деп хабарлады бастапқыда Облыстық төтенше жағдайлар департаменті.

Кейін «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметі» ТЖД құтқарушылары құмнан 2 адамның мәйіті табылғанын  жариялады.

5 қаңтарда кеніш аумағында іздестіру-құтқару жұмысы аяқталмағаны, шахтаға құлап кеткен 2 адам әлі табылмағаны мәлімделді.

6 қаңтарда «Майқайыңалтын» шахтасындағы іздестіру-құтқару жұмысына 134 адам мен 37 бірлік техникаға және 3 кинологиялық есепке қосымша 2 дрон жұмылдырылды.

Дәл осы күні Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің кинологтар бригадасы келіп, іздестіру жұмысына кірісті. Сонымен қатар шахтадағы  қайғылы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейін тергеу басталды.

9 қаңтарда ТЖМ басшысы Сырым Шәріпханов «Майқайыңалтын» шахтасындағы құтқару жұмысы қашан аяқталатыны белгісіз екенін мәлімдеді.

Айта кетейік, «Майкаинзолото» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы ретінде KASE есебінде Милан Попович есімді азамат тіркелген. Есепке сүйенсек, ол Қазақстан азаматы емес. Кипрдегі компаниялар регистрінде оған қатысы бар 8 компания көрсетілген. RocketReahc сайтының ақпаратына сүйенсек, Милан Попович Швейцария азаматы. Ол Хюненберг қаласында тіркеуде тұр.

Сондай-ақ оқыңыз