Мерзімі өткен берешекті қалай реттеуге болады – ҚНРДА өкілі жауап берді

Жарияланды
берешек

Банкроттық алған тұлғалар төлем қабілеттілігін қалай қалпына келтіреді, қарыздар мен микрокредиттер бойынша мерзімі өткен берешекті реттеу тәртібі қандай? Бұл сұрақтарға өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚНРДА Қаржы қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын қорғау Департаментінің директоры Александр Терентьев жауап берді.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі өкілінің айтуынша, 2023 жылы заңды тұлғалардан 60 мыңға жуық өтініш кеп түскен.

«2023 жылы Агенттік азаматтар мен заңды тұлғалардан келіп түскен
59,4 мыңнан астам өтінішті қарады. Өтініштерге жасалған талдау көрсеткендей, қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын бұзудың көпшілігі кредиторлардың азаматтардың мерзімі өткен берешегін реттеу бойынша шаралар қабылдамауы себепті туындаған. Банктік қарыздар бойынша – 53%, микрокредиттер бойынша – 29%. Өтініштердің 19%-ы қаржы нарығының басқа субъектілері бойынша келіп түсті»,
деді Александр Терентьев.

Анықталған бұзушылықтар бойынша 2023 жылдың басынан бері Агенттік қаржы ұйымдарына қатысты 224 шара қолданып, шамамен 189,9 млн теңге сомасына 159 әкімшілік жаза шығарылған.

Терентьев қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау мақсатында 2021 жылғы 1 қазаннан бастап кредиттік ұйымдардың төлемге қабілетсіз қарыз алушы -жеке тұлғалардың берешегін реттеудің бірыңғай заңнамалық тәртібі қолданылатынын айтты. Яғни қарыздар мен микрокредиттер бойынша мерзімі өткен жағдайда қарыз алушылар қайта құрылымдауға өтініш бере алады.

«2021 жылғы 1 қазаннан бастап Қазақстанда кредитті өтеуде қиындықтарға тап болған азаматтардың проблемалық берешегін реттеу тәртібі қолданылады. Банктер мен микроқаржы ұйымдары (МҚҰ) оны орындауға және борышкерлердің қарыздары мен микрокредиттерін қайта құрылымдауға өтініштерін қарауға міндетті. 2022 жылы кредиттік ұйымдар қарыз алушылардың 708,7 мың өтінішін қарады, олардың 74,5%-ының 527,8 мыңының қайта құрылымдау жөніндегі өтініші мақұлданды»,– деп нақтылады сарапшы.

Сондай-ақ, ҚНРДА арнайы талап енгізген. Оған сәйкес кредиттік ұйымдар қарыздар мен микрокредиттер бойынша мерзімі өткен берешекті реттеудің міндетті тәртібін ескеретін ішкі нормативтік құжаттарды өзектендіреді. Сонымен бірге ресми интернет-ресурстарда, әлеуметтік желілерде және мобильді қосымшаларда банктер мен МҚҰ мерзімі өткен берешекті реттеу тетігі туралы ақпарат орналастырылып, кредиттерді қайта құрылымдау мәселелері бойынша қарыз алушыларға кеңес беру үшін қосымша жедел желілер іске қосылады.

Еске сала кетсек, желтоқсанның басында ҚНРДА төрағасының орынбасары Олжас Қизатовтың 1,5 млн адамның мойнында банктер мен МҚҰ алдындағы төлем мерзімі 90 күннен кешіктірілген қарызы бар екенін айтты. Бірқатары коллекторларға өткен. Агенттік өкілі осы борышкерлердің қарыз жүктемесін азайту үшін әр банк, МҚҰ және коллекторлармен жеке жоспар жасалғанын мәлімдеген.

Оның бірнеше жолы бар. Егер борышкердің несиесін төлеуге еш мүмкіндігі жоқ болса, банктер мен микроқаржы ұйымдары бұл қарызды кешірудің жолын қарастырады. Ал қарыз алушының қаржылық жағдайы уақытша қиындағаны анықталса, банктер бұл несиені қайта құрылымдауы қажет. Агенттік өкілі 2024 жылдың соңына дейін әр қаржы ұйымы 1,5 млн адамның ішінде өз борышкерімен жұмыс істеп, несие жүктемесін азайтуы керек деп тұжырымдайды.

Алдағы уақытта несиесін өтей алмайтын борышкерлердің қатары көбеймес үшін агенттік төлем мерзімі кешіктірілген несиесі бар адамға жаңа қарыз бермеуді заң жүзінде бекітпек. Борышкерге бұған дейін алған несиесін толық жаппайынша жаңасы берілмейді.

Қазіргі кезде Қазақстандағы жеке тұлғалар алған несиенің жалпы көлемі 18 трлн теңгені, ал қарыз алушылардың саны 8 миллион адамды құрайды. 

ҚНРДА басшысы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, соңғы 3 жылда тұтынушылық кредит беру сегментінде өсім байқалған.

«Ұлттық банктің дерегіне сәйкес, 2021 жылдан бастап кепілсіз тұтынушылық кредиттердің орташа жылдық өсуі 33%-ды құрады. Соңғы 8 айда тұтынушылық кредит портфелі 9,2 трлн теңгеден асты», – деді М. Әбілқасымова.

Соның ішінде проблемалық қарыз деңгейі де өсіп, бұл көрсеткіш 5,2%-ға жетіп, 0,5 трлн теңгеден асқан.

S&P Global Ratings агенттігі Қазақстан халқының 75 пайызында жабылмаған тұтынушылық несие бар деп мәлімдеген.

Сондай-ақ оқыңыз