Көмірсутектер мен уран өндіру саласында банктік салым кепіліне қатысты қағидаларға өзгеріс енгізілді. Оған сәйкес жер қойнауын пайдаланушылар екінші деңгейлі бакнтермен қатар Ұлттық пошта операторының да қызметін пайдалана алады. Осыған орай Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің бұйрығы «Ашық НҚА» порталына орналастырылды.
«Кодекстің 57–бабына сәйкес кепіл нысанасы екінші деңгейдегі банкте немесе Ұлттық пошта операторында орналастырылған банктік салым ғана бола алады. Салым банктік кепіл шартын жасаған күнге Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі айқындайтын ұлттық валютаның ресми бағамы белгіленетін теңгемен немесе шетел валютасымен енгізілуі мүмкін», – делінген құжатта.
Енгізілген өзгеріске сәйкес, кепілді соманы жер қойнауын пайдаланушылар береді. Оның иесі ретінде көмірсутектерді өндіру және уран өндіру саласындағы уәкілетті орган танылады. Банктерге немесе Қазпоштаға салынған қаражат есебінен жер қойнауын пайдалану операцияларының салдары жойылады, яғни бұл ақшаға бүлінген жерлер қалпына келтіріледі.
Бұл құжат «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасы Кодексін жаңартуға байланысты заңнамалық актіні өзектендіру мақсатында әзірленген.
Еске сала кетсек, қазанда Жер қойнауын пайдаланушылардың ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру қағидаларына өзгерістер енгізілген болатын. Ондағы өзгерістерге сәйкес Энергетика министрлігінің жанынан ғылыми орта, қоғамдық ұйымдар, мүдделі мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен Ғылыми-Техникалық кеңес (ҒТК) құрылуы керек болған.
Жер қойнауын пайдаланушылардың ғылыми зерттеулерді қаржыландыруы ғылыми кеңес бекіткен бағдарламаға сәйкес, ғылыми жаңалықтар ескеріле отырып және энергетика саласындағы басым бағыттар негізге алына отырып жүзеге асырылады.
Сонымен бірге Энергетика министрлігі Ғылыми-техникалық кеңестің ұсыныстары негізінде жер қойнауын пайдаланушының ғылыми зерттеулердің нәтижелері мен келісімшарттық міндеттемелерін орындады деп таниды.