Жаңалықтар

Ұйымдастырушылары айына 1 млрд теңгеге жуық табыс тапқан: ІІМ 326 лото клуб жойылғанын мәлімдеді

онлайн-казино
Онлайн-казино ұйымдастырушысының шотына ай сайын 900 млн теңге қаражат түсіп отырған / Фото: kursiv.media

Ішкі істер министрлігі Ұлттық қауіпіздік комитетімен бірігіп, заңсыз істеген 326 лото клуб қызметіне тосқауыл қойды. Бұл туралы ІІМ баспасөз қызметі хабарлады.

13 қаңтарда Ішкі істер министрлігі Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп, Бас прокуратураның үйлестіруімен лотерея клубтарының атымен жұмыс істейтін заңсыз онлайн-казинолардың ірі желісін жойған. Ауқымды арнайы операцияны жүргізуге Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің үш мыңнан астам қызметкері жұмылдырылған.

Жүргізілген іс-шаралар барысында заңсыз ойын ұйымдастырудан бөлек өзге қылмыстар ашылған.

«Жұмыс барысында ойын мекемелеріне ықпал етіп, қамқорлық еткен криминалитеттер де анықталды. Олар лото клуб қызметкерлері мен клиенттеріне қатысты қылмыс жасағаны белгілі болды. Заңсыз ойын қызметінен басқа, VIP-клиенттерге интимдік қызметтерді ұйымдастыру, жеңгетайлық және есірткі заттарын пайдалану фактілері тіркелді. Арнайы операция барысында полицияға 400-ден астам адам жеткізілді. Негізгі қылмыстық схеманы ұйымдастырған сегіз адам, оның ішінде алыс және жақын шетел азаматтары ұсталды», – дейді ҚР ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің басқарма бастығы Қуандық Алпыс.

Республика бойынша лото клубтарға 570 тінту жүргізілген. Нәтижесінде 23 бірлік атыс және травматикалық қару, 247 млн теңге, 55 млн ресей рублі, 125 мың АҚШ доллары, компьютерлік техника, мобильді құрылғылар, сондай-ақ басқа да заттай дәлелдемелер тәркіленген.

Елде барлығы 326 лото клуб қызметінің жолы кесілді. Шетелден онлайн-казино тарататын серверлер анықталып бұғатталды. Әкімшілердің ойын барысына ықпал етіп, реттеп отырғаны белгілі болды. Бұрын жүргізілген сараптамалар ұсталған адамдардың заңсыз әрекеттерін растаған.

Заңсыз ойын бизнесінен бір ұйымдастырушының өзіне айына 1 млрд теңгеге жуық қаражат түсіп отырған.

«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында бір ғана өңірдің лото клубтарының ай сайынғы жиынтық табысы орта есеппен 300 млн теңгені құрайтыны анықталды, сәйкесінше еліміздің барлық өңірінен шамамен 6 млрд теңгені құраған. Бұл ретте ақша қаражатының шамамен 70% шетелге шығарылған. Ұйымдастырушылардың біреуінің ғана банктік шотына ай сайын шамамен 900 млн теңге түсіп отырған. Тергеуді ІІМ тергеу департаменті Қылмыстық кодекстің бірнеше баптары бойынша жүргізуде, фигуранттарға ұйымдасқан қылмыстық топ құру, оған басшылық ету және қатысу айыбы тағылуда. Басқа мәліметтер жариялауға жатпайды», – деді Қуандық Алпыс.

Еске сала кетсек, 9 қаңтар күні ҚМА заңсыз жұмыс істеген 1WIN онлайн-казиносын ұйымдастырушыларға халықаралық іздеу жариялады. Қазақстан, ТМД және алыс шет ел аумағында жұмыс істеген «1WIN» онлайн-казиносы заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған. Мыңдаған адамды тартып, лицензиясыз букмерлік қызмет көрсеткен. Ақшалай қаражатты интернет-эквайринг арқылы аутентификациясыз қабылдап, кәмелетке толмағандарға да құмар ойындарға қатысуға мүмкіндік берген. 2023 жылдың өзінде-ақ онлайн-казино айналымы шамамен 4 млрд теңге болған.

Онлайн-казино сайты бұғатталып, төрт ұйымдастырушыға халықаралық іздеу жарияланды. Жалпы сомасы 1,5 млрд теңге ақшалай қаражатқа тыйым салынған.  Сондай-ақ «Mercedes-Maybach S500» және «Lamborghini Huracan» автокөліктері тәркіленді.