«SHYMKENT» ӘКК бизнесмендердің құқығын бұзғаны үшін 105 миллион теңге айыппұл төлейді

Жарияланды

«SHYMKENT» ӘКК 105 миллион теңге айыппұл төлейді/kursiv.media

«SHYMKENT» «Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын бұзғаны үшін әкімшілік жауаптылыққа тартылып, 105 миллион теңге айыппұл салынды.

Шымкент қаласы прокуратурасы ӘКК кәсіпкерлермен келісімшарт жасау кезінде шарттық міндеттемелерді орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін әртүрлі пайыздық айыппұлдар қолданғанын анықтады.

Мысалы, ЖШС-нің бірімен бірлескен қызмет туралы жасалған келісімге сәйкес құрылыс жұмыстарын жүргізу кезіндегі бұзушылықтар үшін ӘКК 0,01% мөлшерінде айыппұл төлеуді міндеттеген, ал осыған ұқсас бұзушылықтар үшін  басқа ЖШС-ге 5% қолданылған. Айтарлықтай айырмашылық пен әртүрлі шарттардың талаптарын қолдану кәсіпкерлердің құқығын өрескел бұзған.

Ал Кәсіпкерлік кодекстің 174-бабына сәйкес үстем жағдайға ие нарық субъектілерінің басқа тұлғалардың заңды құқықтарын бұзатын әрекеттеріне тыйым салынады.

Шымкент қаласының әкімшілік құқық бұзушылық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты прокуратураның уәждерімен келісіп, ӘҚБтК-нің 159-бабының 3-1-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін ӘКК кінәлі деп тауып, 104,7 млн теңге айыппұл салды (нарық субъектілерінің үстем жағдайын теріс пайдалануы).

Тап осы «SHYMKENT» ӘКК-ы бұған дейін ірі көлемде ақша жымқыру фактісі бойынша айыпты болған. 2023 жылдың наурызында Қаржы мониторингі агенттігі Шымкентте әлеуметтік маңызы бар тауарларды, оның ішінде 3000 тонна 1 сұрыптағы ұнды өткізу барысында аса ірі мөлшерде ақша жымқыру фактісін анықтаған.

ҚМА Шымкент қаласы бойынша департаменті қызметкерлері «SHYMKENT» ӘКК АҚ лауазымды тұлғаларына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған. Қалалық МІАД аудиторының қорытындысына сәйкес келтірілген залал сомасы 68 млн 800 мың теңге болған.

Сондай-ақ оқыңыз