Алматы соты Қайрат Боранбаевтың сот орындаушысына қатысты шағымын қанағаттандырмады

Жарияланды
боранбаев Алматына сотына шағымданды
Алматы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына Боранбаев шағым түсірді / kursiv.media

Қазақстандық кәсіпкер Қайрат Боранбаев сот орындаушысының әрекетін заңсыз деп тану туралы Алматы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына шағым түсірді. Сот материалдарына сәйкес, сот орындаушысы Азамат Көпбаев Боранбаев пен оның әйелінің ортақ мүлкіндегі үлестерін анықтаудан бас тартқан. Соған байланысты кәсіпкер сот орындаушысының әрекетін заңсыз деп танып, бұзушылықтарды жоюды талап етті.

Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты Қайрат Боранбаевтың талабын қанағаттандырмады.

«Сот әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің 151, 152, 156-бабына сүйеніп, Қайрат Боранбаевтың мемлекеттік сот орындаушысы Азамат Көпбаевқа қатысты ерлі-зайыптының ортақ мүлкіндегі үлестерді анықтау туралы ұсыныс енгізуден бас тарту жөніндегі әрекетін заңсыз деп тану және бұзушылықтарды жою туралы талабын қанағаттандыруда бас тартты», – делінген ақпаратта.

Іс бойынша апелляциялық шағымды сот шешімі шыққаннан кейін 10 күн ішінде жолдауға болады.

20 қазан күні Ақмола облысы Зеренді аудандық соты, бұған дейін 6 жылға сотталып бас бостандығынан айырылған Қайрат Боранбаевтың жазасын бас бостандығын шектеумен ауыстыру туралы шешім шығарды.

Ақмола облысы Зеренді аудандық сотының шешіміне сәйкес, Боранбаев пробациялық бақылауда болады.

«Бұрын Боранбаев сот үкімімен мемлекеттік мүлікті жымқыруға жәрдемдескені үшін мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырыла отырып, 6 жылға бас бостандығынан айырылған»,– делінген хабарламада.

Естеріңізге саламыз, бұған дейін Қаржылық мониторинг агенттігі тергеумен ерікті ынтымақтастығы аясында Қайрат Боранбаевтың бірнеше мүлкі мемлекет меншігіне қайтарылғанын хабарлады. Атап айтқанда Боранбаевқа тиесілі компаниялар шетелден қайтарылған қаражат есебінен Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына 66 млн АҚШ долларын, яғни 30 млрд теңгеден астам қаржы аударды.

Сонымен қатар Боранбаевқа тиесілі «Қаражанбас Северный» кен орны мемлекет меншігіне өткенін жазған едік. Оның өндірістік параметрлері – құны 35,4 млрд теңге болатын 2,6 млн тонна мұнай және 13,2 млн текше метр газ бар 143 ұңғыма.

Боранбаев сондай-ақ тауарлық газды тасымалдаумен және сатумен айналысатын «Азия Газ Чунджа» газ таратушы компаниясын мемлекет меншігіне берді. Компанияның нарықтық құны 14 млрд теңгеге жуық. Сондай-ақ Қаржылық мониторинг агенттігі құны 9 млрд теңге болатын «Сервисный Центр КазТурбоРемонт» ЖШС мұнай-газ жабдықтарын өндіру және жөндеу зауыты мемлекет меншігіне өтетінін хабарлады. . Бұл нысандардың барлығы мемлекеттің пайдасына өтеді.

Бұған дейін, Қайрат Боранбаевтың құны 33,75 млрд теңгені болатын дүние-мүлкі мемлекет меншігіне өткенін жазған едік. Атап айтқанда, «Алмалы» сауда орталығының ғимараты, Unity Hall ЖШС, «Алматы Тауэрс» бизнес орталығы мен Fitnation фитнес клубтар желісі.

Сондай-ақ оқыңыз