Қазақстандағы инфляция баяулап келеді

Жарияланды
Шығарушы редактор
Қазақстандағы инфляция баяулап келеді
Қазақстандағы инфляция деңгейі қандай? Фото: shutterstock.com

Ұлттық банктің хабарлауынша, 2023 жылғы желтоқсанда елде жылдық инфляция баяулап, 9,8%-ды құраған.

Қараша айында Қазақстандағы жылдың инфляция деңгейі 10,3%-ды құраған еді. Аймақтар бойынша жылдық инфляция 16 өңірде бәсеңдесе, 2 өңірде жеделдеген. Ал 2 өңірде өзгеріссіз қалды

Бұл ретте, желтоқсан айында елдегі айлық инфляция 0,8% болған.

«Жылдық инфляцияның ең жоғары мәні Қарағанды, Ақмола және Маңғыстау облысына тіркелді», – делінген ҰБ хабарламасында.

Желтоқсанда азық-түлік тауарларының бағасы жылдық 8,5%-ға дейін (қарашада – 9,2%) баяулаған. Осы топтағы тауарлар бағасы Ұлытау облысында (11,8%) мейілінше тез, ал Түркістан облысында (7,1%) баяу өсті.

Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсу қарқыны жылдық мәнде 9,1%-ға дейін баяулаған. Маңғыстау облысында (12,5%) ең жоғары болса, , ең төмен мән Ақтөбе облысына (7,5%) тиесілі. Ал  ақылы көрсетілетін қызмет бағасы 12,4%-ға дейін өсті.

Былтыр ел Үкімет елдегі инфляция деңгейін төмендетуге бар күш-жігерін салды. Өйткені 2022 жыл ел экономикасы үшін ауыр тиіп, елдегі инфляция шарықтап кетті.

Нәтижесінде 2023 жылғы ақпанда жылдық мәндегі инфляция деңгейі 21,3%-ды құраған еді. Ал наурызда Премьер-Министр Әлихан Смайылов 20 пайыздан асып кеткен инфляцияны екі есе азайтуды тапсырған болатын.

Сол кезде қайта тағайындалған Үкімет басшысы 2023 жылы орта мерзімді кезеңде экономика өсімін 5%-ға дейін жеткізіп, жыл аяғына дейін инфляцияны 2 есе төмендету – басты міндетіміз деп мәлімдеген.

Жыл соңына қарай Үкімет қойған межесіне жетіп, Қазақстандағы жылдық инфляция 10,3%-ды құрады.

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов Қазақстан үшін инфляцияның ең оңтайлы деңгейі 5-7 пайызды құрайды деп тұжырымдайды.

Еуразиялық экономикалық даму банкінің де болжамы жағымды. Қаржы ұйымы 2024 жылы Қазақстан экономикасы 5%-ға көтеріліп, инфляция 7,1%-ға дейін төмендейді деп тұжырымдайды.

Сондай-ақ оқыңыз