Қаржы министрлігі биыл қор биржасынан 2023 жылға қарағанда көбірек қарыз алмақ

Жарияланды
Шығарушы редактор
Қарыз алу үшін облигация

Қаржы министрлігі қарыз алу үшін қанша теңгеге облигация шығарады? Фото: kursiv.media

Қазақстанның Қаржы министрлігі 2024 жылы қор нарығынан 5,2 трлн теңге қаржы тартпақ. Министрліктің бағалы қағаздарды шығару кестесі KASE сайтында жарияланған.

Алынатын қарыздың негізгі бөлігі былтырғыдай 10 жылдық МЕКАМ облигацияларына тиесілі. Қаржы министрлігі жалпы көлемі 500 млрд теңгеге бір жылдық, екі жылдық – 480 млрд теңге, 510 млрд теңгеге үш жылдық бағалы қағаздарды шығаруды жоспарлап отыр.

Алғашқы шығарылым 4 қаңтарда жарияланған. Бұл күні жалпы сомасы 130 млрд теңгеге 4-16 жылдық МЕКАМ орналастырылған. Қаңтар айында биржаға шығарылатын бағалы қағаздардың жалпы сомасы 635 млрд теңге болады.

Бағалы қағаздар шілде айында көбірек шығарылып, сол айда 870 млрд теңге тартылмақ. Желтоқсан айында 33 млрд теңгеге мемлекеттік қарыз шығару жоспарланған. Бұл ретте Қаржы министрлігі бағалы қағаздарды шығару кестесі жыл ішінде өзгеруі мүмкін екенін ескертеді.

Былтыр 1 қазанындағы жағдай бойынша, Қазақстанның мемлекеттік қарызы 29,16 трлн теңгені құраған. Jusan Analytics сарапшыларының бағалауынша, мемлекет қарызы мұнай экспортынан екі есе көп. Былтыр ішкі қарыз 23.4% өсіп, сыртқы қарыз 3.0% кеміген. Соңғы деректерге сәйкес, жалпы мемлекеттік қарыздың 73.9% яғни 21 557,6 млрд теңгесі ішкі қарыз болса, қалған 7 609,6 млрд теңге – сыртқы қарыз.

Сонымен қатар, сарапшылар 2024 жылы мемлекеттік қарыздың өсімі былтырғы 15,2%-дан 11,5%-ға дейін баяулайды деп болжаған.

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров желтоқсан айының соңында квазимемлекеттік сектор субъектілерінің міндеттемелерін ескере отырып, Қазақстанның мемлекеттік қарызының көлемі 105 млрд долларды құрайтынын, бұл республикалық бюджеттің 40 пайызын құрайтынын айтты. Депутат мемлекеттік қарызды бақылау тетіктерін әзірлеуге шақырды.

Сондай-ақ оқыңыз