Инфрақұрылым жобаларына БЖЗҚ-дан 1,5 трлн теңге алу туралы Үкімет жоспарынан Энергетика министрі бейхабар ма?

Жарияланды
Шығарушы редактор
БЖЗҚ-дан
БЖЗҚ-нан қаржы алынатынын Сәтқалиев білмей ме? / Фото: kursiv.media

ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев күтпеген жерден министрліктің Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан 1,5 трлн теңге қаражатты энергетика саласындағы инфрақұрылым жобаларға салғысы келгені туралы еш хабарым жоқ деп мәлімдеді.

«Менде Зейнетақы қорынан қаржы жұмсалатыны жайлы ақпарат жоқ. Дерек көзін нақтылай аласыз ба?»,– деді Сәтқалиев сейсенбі күні үкімет брифингінде.

Дегенмен журналистер министрдің назарын БЖЗҚ-дан 1,5 триллион теңге алу жоспарын Премьер-министр Әлихан Смайыловтың өзі растағанын айтқан соң, бұл мәселе Сәтқалиевтің «есіне түсті».

«Бұған дейін маған сұрақ қойылғанда, егер зейнетақы қорының басшылары қазіргі саясатқа, тұрақтылыққа негізделген, сол нысандардың жағдайына сүйене отырып, энергетика нысандарына инвестиция салуға дайын болса, мұндай байланыс тиімді болуы мүмкін екенін айттым. Нақты жобалар туралы әлі айта алмаймын»,– деді Энергетика министрлігінің басшысы.

«Яғни, қордан 1,5 трлн теңге алынбай ма?», – деп сұрады журналистер.

«Бұл Энергетика министрлігінің құзыретіне жатпайды. Яғни, қаржы активтерін басқару Ұлттық банктің құзырында»,– деді Сәтқалиев.

Қаржы қандай жобаларға салынбақ?

2023 жылдың 21 қарашасына «ҚазТаг» ақпараттық агенттігі БЖЗҚ-дағы қаражаттың 1,5 трлн теңгесі инфрақұрылым жобаларына салынуы мүмкін деген ақпарат таратты. Сайттың хабарлауынша, «Бәйтерек» холдингінің Энергетика министрлігіне жолдаған құжатында қаржы энергетика саласын жаңғыртуға жұмсалатыны жазылған.

Құжатта қаржы сәуір айындағы экономиканы жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссияның шешіміне сәйкес бөлінетіні жазылған. Биыл жыл соңына дейін 500 миллиард теңге, 2024 жылы тағы 1 триллион теңге инвестициялануға тиіс. Қаражатты Қазақстанның Даму банкі (ҚДБ) мен Индустриялық даму қоры (ИДҚ) тікелей алмақ.

Сондай-ақ құжатта энергетика саласындағы жобаларды қаржыландыру негіздемесі келтірілген. Авторлардың айтуынша, қолданыстағы инфрақұрылымның, ең алдымен, генерациялау қуаты тозған, ал инвестициялық ахуал төмен көміртекті дамуға қарай көшіп жатыр. Осыған байланысты Қазақстан көмір мен оны пайдаланатын электр стансаларынан біртіндеп бас тартуы керек.

БЖЗҚ қаражатын Қазақстан аймақтарында газ, су, жел және күн электр станцияларын салу мен жаңғыртуға жұмсау жоспарланған. Құжатта жазылған жобалар қатарында газға көшірілетін Алматы ЖЭО-2 мен ЖЭО-3, Ақтөбе облысындағы жел электр станциясы, Қарағанды ​​облысындағы Балқаш көліндегі күн электр станциясы, Ақмола облысындағы ЖЭО бар.

Энергетика министрі не деген еді?

Сол кезде Мәжіліс кулуарында Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев осы мәселеге қатысты пікір білдірген. Оның айтуынша, энергетика жобаларына қаржы салу – «өте сенімді инвестиция».

«Бүкіл әлемде энергетикаға қаржы салу өте сенімді инвестиция саналады. Әсіресе, ел ішінде, өйткені мемлекет бағаны реттеп отырады. Біз төлем тәртібін қатаң сақтаймыз, төлем қабілеті жоғары сұраныс бар. Оған қоса жылдан-жылға энергия тапшылығы сезіліп келеді, сондықтан энергия өндіретін нысандардың бәрі қамтылады. Тікелей шетелдік инвестиция тартылатын, жаңартылатын энергия көздерін дамыту жөніндегі ауқымды бағдарлама бар. Яғни, энергетика саласы өсіп-дамиды, бұл сала инвестиция үшін тартымды бола түседі»,– деп түсіндірді Сәтқалиев.

Министрдің айтуынша, энергетика саласын дамыту – үкіметтің басты міндетінің бірі. Сәтқалиев егер зейнетақы қоры (БЖЗҚ) активтерін энергетика саласындағы жобаларға инвестициялаған жөн деп шешсе, қаржы сенімді және қамтамасыз етілген жобаларға салынатынына сенімді.

«Егер қарызды «Самұрық-Қазына» қорының құрамына кіретін компаниялар алса, үкімет акционер ретінде қарыздың тиімді жұмсалып, уақтылы қайтарылуын қадағалай алады. Яғни, бұл ақша нарықтық бағада кіріс әкелуімен қатар, пайдалы болады. Инфрақұрылыммен қатар, экономиканы, энергетика саласын дамытуға мүмкіндік беріп, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, өнеркәсіпті дамытуға алғышарт туындайды. Оған қоса БЖЗҚ жақсы инвестициялық кіріс алады», – деді Энергетика министрі.

Сәтқалиевтің айтуынша, энергетика саласы қазір 5 трлн теңге инвестицияға мұқтаж. Министр құжатта 1,5 трлн теңге туралы айтылса, онда қаржы шұғыл жүзеге асырылуға тиіс жобаларға салынуы мүмкін деп тұжырымдайды.

Үкімет пен «Бәйтерек» холдингі не деді?

Бұл ақпаратқа қатысты түсініктеме берген «Бәйтерек» холдингі шешім қабылданса, инвестициялық жобаларға қор қаражаты тартылуы мүмкін екенін мәлімдеген.

Кейін Үкімет отырысынан соң, үкімет басшысы Әлихан Смайылов БЖЗҚ-дан алынатын қарыздың қорға қайтарылатынына кепілдік берді.

«Егер Үкімет қарыз алса, оны кері қайтаруға кепілдік береді. Бұл үкіметтік қарыздар қатарына жатып, оны республикалық немесе квазимемлекеттік компаниялар есебінен қайтарады. Сондықтан бұл қаражат міндетті түрде қайтарылады», – деді Смайылов.

Ал Ұлттық банк басшысы  Тимур Сүлейменов БЖЗҚ-дан алынатын 1,5 трлн теңгенің тек үштен бірі энергетика саласына салынуы керек екенін алға тартқан.

Сүлейменов мұндай жобаларға зейнетақы ақшасын салу қалыпты тәжірибе деп санайды. Бірақ оның үштен бірін ғана энергетика саласына жұмсау керек.

«Бұл 1,5 триллион теңгенің бәрін тек инфрақұрылы жобаларына бөлуге болмайды деп есептейміз. Үштен бірін инфрақұрылымдық жобаларға, қалған ақшаны экономиканы әртараптандыру және ішкі ұсынысты арттыруға бағытталған жобаларға салу керек. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, өңдеу өнеркәсібі және т.б., жоғары өнімді қызметтер. Қаржының қалай бөлінетінін үкімет, «Бәйтерек», «Самұрық» және тағы басқа мүдделі тараптармен талқылауы керек»,– деді Сүлейменов брифингте.

Қаржы БЖЗҚ-ның «Бәйтерек» пен «Самұрық-Қазына» шығарған облигацияларын сатып алуы арқылы ел экономикасына құйылады.

Қазіргі кезде БЖЗҚ-да 17 228,7 млрд теңге жинақталған. Бұл ретте Ұлттық Банктің сенімгерлік басқаруындағы актив көлемі 17 216,9 млрд теңгені құраса, ал ИПБ басқаруына 11,8 млрд теңге  берілген.

Сондай-ақ оқыңыз