Қашаған кен орнына қатысты дау реттелуге жақын – Bloomberg
Ірі мұнай компаниялары Қашаған кен орнына қатысты құны 5 млрд доллар болатын дауды реттеуге жақын. Бұл туралы Bloomberg жазды.
Агенттік ақпаратына сүйенсек, Қашаған алып кен орнына иелік ететін ірі мұнай компаниялары мен Қазақстан билігі өзара мәміле жасауға жақын. Басылым компаниялар 5 млрд доллар көлеміндегі экологиялық айыппұлға қатысты мәселені шешуге ниетті.
«Eni SpA, Shell Plc, Exxon Mobil Corp және TotalEnergies SE сынды халықаралық серіктестер Қазақстан Үкіметі экологиялық санкцияларды қолдануды тоқтататып, компаниялардың әлеуметтік жобаларға қосымша инвестиция салуына келісіп, бітімгершілік мәмілеге келеді деген үмітте. Келісімге нақты келмейінше, Bloomberg дереккөзі өзі туралы ақпаратты таратпауды сұраған. Ол бітімгершілік мәмілеге қол қойылған жағдайда компаниялардың екі жылдағы шығыны 110 млн долларды құрайтынын айтты», – деп жазады басылым.
Bloomberg 18-19 қаңтар аралығында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Италия мен Ватиканға кездесуі кезінде «Қазақстан – Италия» дөңгелек үстеліне қатысып, бірқатар ірі итальяндық компаниялардың басшыларымен кездесу өткізетініне баса назар аударған.
Айта кетейік, 2023 жылы 29 наурызда Қазақстан Қашаған операторы – North Caspian Operating Company (NCOC) консорциумына қоршаған ортаны қорғау мақсатында шамамен 2,3 трлн теңге (5,1 млрд доллар) айыппұл салу туралы сот арқылы даулаған.
14 маусымда Астана қаласының Әкімшілік істер жөніндегі мамандандырылған соты North Caspian Operating Company консорциумының шағымын ішінара қанағаттандыру туралы шешім шығарды. Сот шешімімен талап арыздың үш тармағы қанағаттандырылған. Қалған шағымдарын сот қанағаттандырудан бас тартты.
Бірақ ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі сот шешімімен келіспеді. Министрлік ертесі Астана қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына шағым түсіретінін хабарлады. Осыған дейін Қашаған мұнай-газ кен орнының операторы – North Caspian Operating Company (NCOC) консорциумы Қазақстанмен арада халықаралық арбитраж арқылы шешілуі мүмкін дау бар екенін растаған.
«Қазақстан Республикасы мен Солтүстік Каспий бойынша өнімді бөлу туралы келісімге қатысатын мердігер компаниялар арасында (KMG Kashagan B.V. компаниясын қоспағанда) келісімнің кейбір ережелерін қолдануға қатысты бірқатар даулы мәселелер бар. Келісімге сәйкес, бұл мәселе арбитражға жүгіну арқылы шешілуі керек», – дейді NCOC.
Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Жомарт Әлиев North Caspian Operating Companу консорциумы Қазақстанның экологиялық талаптары бойынша халықаралық арбитражға жүгінбеді деп мәлімдеді. Оның айтуынша, қазіргі кезде іс еліміздегі сот жүйесінде қаралып жатыр. Әзірге компания да, министрлік те арбитраж сотқа өтініш бермегенін айтты.
NCOC консорциумының акционерлері: KMG Kashagan B.V. (16,877%), Shell Kazakhstan Development B.V. (16,807%), Total EP Kazakhstan (16,807%), AgipCaspian Sea B.V. (16,807%), ExxonMobil Kazakhstan Inc. (16,807%), CNPC Kazakhstan B.V. (8,333%) және Inpex NorthCaspian Sea Ltd. (7,563%).