Сарапшылар ең ескі және ең жаңа көлік мінетін өңірлерді атады

Жарияланды (жаңартылды )
Қазақстандағы ең ескі және ең жаңа көлік мінетін өңірлер / shutterstock

Қазақстан бойынша ең жаңа көліктер Астана қаласы мен Атырау облысының автопаркінде тіркелген. Ал ең ескі автокөліктер Жамбыл мен Жетісу облыстарында тіркелген.

Freedom Finance Global талдаушысы Аңсар Әбуевтің Қазақстан автонарығына жасаған зерттеуіне сүйенсек, елдегі автомобильдердің орташа жасы – 14,3 жыл.

2023 жылы алғашқы 9 айда Қазақстанда 1 386 321 жеңіл автомобиль тіркелген. Тіркеу саны бойынша Алматы көш бастап тұр. 

2023 жылы қазақстандықтар ескі көліктерден бас тартып, сәл жаңалау көліктер алған. Алайда бұл ескі автомобильдерді жаппай жаңа автомобильдерге ауыстыру дегенді білдірмейді. Себебі 2023 жылы тіркелген 10 жылдан асқан көліктердің жалпы үлесі әлі де басым болып отыр, яғни 67%-ды құрайды.

Зерттеудегі деректерге сүйенсек, 2023 жылы қаңтарда бензинмен жүретін автомобильдердің саны 3 451 775 данаға жетті. Электр қозғалтқыштарының серпінін есептемегенде, ең жоғары пайыздық өсім аралас отын түрімен жүретін көліктерде болды (+15%). Көліктің осы түрінің жалпы үлесі бүкіл автопарк арасында 7,2%-дан 8,3%-ға дейін өсті.

Осыған дейін Қазақстанда 18-24 жас аралығындағы жастардың 35,7%-ы неміс автоөнеркәсібін, ал 55 жастан асқан азаматтардың 23,5%-ы қытай автокөліктерін таңдайтынын жазған едік. 18-24 арасындағы жастардың 3,6%, 25-34 жас шамасындағы 3,4% қазақстандық автоөнеркәсіпті таңдайды. Бұдан бөлек, қазақстандықтар, Германия (17,2%), Корея (15,6%) және Қытай (13,1%) автокөліктеріне қызығады. Сауалнамаға жауап берген респонденттердің 13,4%-ы өздерінің нақты қандай көлік алғысы келетінін әлі шешпеген.

Айта кетейік, қазақстандықтардың 49%-ы 20 жылдан асқан, ескі автокөлік мінеді. Ал еліміздегі жаңа көлік үлесі 6%-ды құрайды. Бұл жайлы депутат Нартай Сәрсенғалиев премьер-министр Әлихан Смайыловқа жолдаған сауалында айтты.  Депутат Ұлттық статистика бюросының мәліметін келтірді. Ол мәліметтерден ескі көліктер үлесінің айтарлықтай үлкен екенін көруге болады.

Сондай-ақ оқыңыз