19 қаңтарда Ұлттық банк базалық мөлшерлеме  бойынша қандай шешім қабылдайды – сарапшы болжамы

Жарияланды
Ұлттық банк базалық мөлшерлемені төмендете ме – сарапшы пікірі / kursiv.media

2023 жылдың соңындағы инфляция деңгейі төмендегендіктен Ұлттық банктің келесі отырысында базалық мөлшерлемені төмендету ықтималдығы жоғары. Сарапшы Данияр Темірбаев осындай пікірімен бөлісті.

Былтыр Ұлттық банк базалық мөлшерлемені жыл басындағы 16,75 пайыздан 15,75 пайызға дейін бірте-бірте төмендетті. Негізгі көрсеткішке қатысты шешімді жыл сайын реттеуші 8 рет қабылдайды. Соңғы жолы 2023 жылғы 24 қарашада базалық мөлшерлеме 15,75 пайыз болып белгіленді. Алдағы жылы валюта бағамы, еліміздің ақша-несие саясаты мен инфляция деңгейіне ықпал ететін көрсеткіш өзгеруі мүмкін бе? 19 қаңтарда Ұлттық банк қандай шешім қабылдайды? Kursiv.kz Қазақстанның миноритарлық акционерлер қауымдастығының атқарушы директоры Данияр Темірбаевтың пікірін білді.

«2023 жылдың соңындағы инфляция деңгейі бір сандық мәнге жеткендіктен, Ұлттық банктің келесі отырысында базалық мөлшерлемені төмендету ықтималдығы жоғары», – дейді QAMS атқарушы директоры.

Сарапшы атап өткен инфляция деңгейі 2023 жылғы желтоқсанда жылдық мәнде баяулап, 9,8 пайызды (2023 жылғы қарашада – 10,3 пайыз) құрады.

«Баға азық-түлік тауарларға бір жылда – 8,5% (2023 жылғы қарашада – 9,2%), азық-түлік емес тауарларға – 9,1% (2023 жылғы қарашада – 9,9%), ақылы қызметтерге 12,4% (2023 жылғы қарашада – 12%) өсті», – деп жазылған Ұлттық статистика бюросының есебінде.

Былтыр Үкімет елдегі инфляция деңгейін төмендетуге бар күш-жігерін салғаны белгілі. Өйткені 2022 жыл Қазақстан экономикасы үшін күрделі болды, инфляция шарықтап, тауарлар мен қызметтер құны қымбаттады. Нәтижесінде 2023 жылғы ақпанда жылдық мәндегі инфляция деңгейі 21,3%-ды құраған еді.

Бұл тұста инфляцияға Ресейдігі қымбатшылық ықпал етті ме? Көрші елмен инфляциялық диспаритет сақтала ма? Данияр Темірбаевтың пайымынша, базалық мөлшерлеме – инфляцияның көрінісі.

«Нақтырақ айтқанда, нарықтың  инфляцияға ықпалының көрінісі. Егер «диспаритет» туралы айтатын болсақ, оны екі елдегі инфляция деңгейінде байқауға болады. Ресейдің санкциялық шектеулер жағдайында өмір сүріп жатқанын ескеру керек, бұл экспорттық тасымалды да, импортты да қиындатады. Яғни, Қазақстан мен Ресейде мұндай жағдайларда инфляция деңгейі әртүрлі болуы мүмкін. Демек, базалық мөлшерлемелер арасында айырмашылық болуы мүмкін, сонымен қатар тарифтердің көп бағытты динамикасы байқалады», – дейді маман. 

Данияр Темірбаевтың айтуынша, Қазақстандағы жоғары базалық мөлшерлеме теңге бағамының құбылмалылығын төмендетіп, төл валютамыздағы активтерді, әсіресе теңгелік депозиттердегі жинақтарды «тартымды» етеді. Заңды және жеке тұлғалардың теңгеге сұранысы артады. Қазақстандағы жалпыға қолжетімді долларлық активтердің (доллардағы депозиттер) салыстырмалы түрде кірістілігі төмен. Бұл факторлар теңгенің нығаюына ықпал етуде.

Сарапшы 2023 жылы теңгенің нығаюына әсер еткен екі негізгі шартты атады: жоғары базалық мөлшерлеме және Ұлттық қор қаражатын конвертациялау.

Ал, базалық көрсеткіш инфляциядан жылдам төмендеп, ел экономикасына жағымсыз ықпал етпей ме? Сарапшы мөлшерлемені төмендету немесе арттырудың әсері бірден емес, уақыт өте келе көрініс табатынын айтады.

«2023 жылдың соңында инфляция 10%-дан аз болды. Бірақ бұл базалық мөлшерлемені бірден 10%-ға дейін төмендету керек дегенді білдірмейді. Ұлттық банк инфляциялық тәуекелдердің нақты төмендеуіне қол жеткізуі керек. Ал инфляцияның төмендеу қарқыны маусымдық немесе қысқа мерзімді емес, тұрақты.Біз Үкімет Ұлттық қордың қаражатын пайдалана отырып, бюджет шығыстарын ұлғайту арқылы елдегі экономикалық өсуді ынталандыратын кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Бюджет шығынының мұндай инерциядан құтылуы қиын. Бірақ бұл салық-бюджет саясаты про-инфляциялық сипатқа ие. Мұны инфляция төмендегеннен кейін базалық мөлшерлемені төмендету туралы айтқанда ескеру қажет», – деп қорытындылады сарапшы.

Базалық мөлшерлеме – ақша-кредит саясатын жүргізетін Ұлттық Банктің негізгі құралы. Ұлттық Банк базалық мөлшерлеме деңгейін белгілей отырып, ортамерзімді кезеңде бағаны тұрақтандыру үшін банкаралық қысқамерзімді мөлшерлеменің мақсатты мәнін айқындайды.

Базалық мөлшерлеменің өзгеруі ақша нарығындағы пайыздық мөлшерлеме мен айырбас бағамы арқылы инфляция деңгейіне әсер етеді. Мысалы, жоғары базалық мөлшерлеме ақша нарығындағы пайыздық ставканың өсуіне, содан кейін қаржы нарығындағы қаражаттың қымбаттауына әкеледі. Бұл өз кезегінде халық пен кәсіпорындардың тұтыну мен үнемдеудегі шешіміне әсер етеді. Барынша аз тұтыну мен көбірек үнемдеу – инфляцияны тежейтін құбылыс. Сонымен қатар, базалық мөлшерлеме жоғарылаған кезде ұлттық валюта да нығая түседі.

Сондай-ақ оқыңыз