Жаңалықтар

Дүниежүзілік банкпен серіктестік: 30 жылда 8 млрд долларға бірлескен жобалар жүзеге асырылған

серіктестік

Дүниежүзілік банк пен Қазақстан арасындыға серітестік негізінде 48 бірлескен жоба жүзеге асарылған / Фото: Үкімет үйі

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Дүниежүзілік банктің Орталық Азия бойынша өңірлік директоры Татьяна Проскуряковамен кездесті, деп хабарлайды Үкімет үйі.  

Үкімет басшысы 30 жылдық серіктестік барысында елімізде жалпы сомасы 8 млрд доллардан астам 48 бірлескен жоба жүзеге асырылғанын айтты. Ал қазіргі таңда 6 жоба бойынша дұмыстар жүргізіліп жатыр.

«Қазақстан Үкіметі Дүниежүзілік банкпен серіктестікті әрі қарай нығайтуға ниетті», деді Әлихан Смайылов. 

Смайылов Дүниежүзілік банкпен серіктестік инклюзивті және тұрақты дамуға қол жеткізу үшін Қазақстанда іске асырылып жатқан реформаларды қолдауға бағытталғанын, 20 жылдан астам сәтті жүзеге асырылып жатқан Бірлескен экономикалық зерттеулер бағдарламасы оның айқын мысалы бола алатынын атап өтті.

Татьяна Проскурякова банктің Қазақстан бойынша жаңа жобаларды дайындауды жандандыра түскенін. оған 2023 жылы тамызда өткен келіссөздердің өз ықпалын тигізгенін атап өтті. Маңызды жобалар ішінде шалғай елді мекендерді интернетке қосу бағдарламасы бар екенін айтты.   

«Бұл Орталық Азиядағы барлық ел үшін жақсы үлгі болады деп ойлаймын. Менің ойымша, Қазақстанның өңірлік көшбасшы ретіндегі рөлі нығая түспек», – деді ол.

Екі тарап сонымен бірге экономиканы дамыту, цифрландыруды енгізу, қоршаған ортаны қорғау және басқа да салалар бойынша бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін талқылап, ек жақты серіктестік одан әрі жалғасатынын мәлімдеді.  

Еске сала кетсек, мамырда Дүниежүзілік банктің Орта Азияда климаттың өзгеруімен күресуге 12 млрд доллар бөлетіні хабарланды. Сарапшылардың болжамынша жалпы Орталық Азияда климаттың өзгеруі бүкіл әлемдегі құбылысқа қарағанда екі есе жылдам жүріп жатыр. Ал, аймақтағы су тапшылығы жыл өткен сайын ұлғая береді. Сондықтан аймақ елдері климаттың өзгеруіне бейімделу үшін бірлесе күш салуы керек.

Әлем бойынша климаттың өзгеруіне бейімделу бойынша жобаларға ең ірі қаржы бөлетін институт – Дүниежүзілік банк. Банк өткен жылы ғана әлем бойынша тек осы бағыттағы жобаларды ғана қаржыландыруға 32 млрд доллар бөлді.

Ал, Орталық Азияда Дүнижүзілік банк климаттың өзгеруіне бейімделу бағытындағы жобаларға соңғы 30 жылда 5 млрд доллар бөлген. Қазіргі уақыттағы қолға алынған жобалар портфеліне 12 млрд доллар бөлу қарастырылған.

Сонымен бірге Дүниежүзілік банк Қазақстанның ЖІӨ өсімі болжамын 4,3%-ға дейін жақсартқан болатын. Болжамға сәйкес, Қазақстанның ЖІӨ 2024 жылы 4,3% деңгейінде, 2025 жылы 4,5% деңгейінде болады деп күтілуде. Жаһандық банк 2023 жылдың маусымында елдің экономикалық өсуін 2024 жылы 4% және 2025 жылы 3,6% деңгейінде қалыптасады деп болжаған еді.