Алматының 2-ші және 3-ші жылу электр орталықтарының құрылысына 600 млрд теңге жұмсалады

Жарияланды
ЖЭО-2 ЖЭО-3

Алматы ЖЭО-2, ЖЭО-3 жобаларына 600 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалады. Бұл жайлы үкімет отырысында «Самұрық Энерго» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов айтты.

Қайрат Мақсұтов Президенттің тапсырмасы бойынша 2023 жылы Алматының 2 және 3 жылу-электр орталықтарында жаңа бу-газ қондырғыларын салу жобалары іске асырылып жатқанын айтты.

«Алматы ЖЭО-2 жобасы бойынша белгіленген электр қуаты 557 МВт, ал жылу қуаты 816 Гкал құрайтын жаңа газ станциясын салу көзделіп отыр. EPC келісімшартына сәйкес жобаның құны 330 млрд теңгені құрайды. «Алматы ЖЭО-3» жобасы бойынша белгіленген электр қуаты 544 МВт-қа дейінгі және жылу қуаты 160 Гкал болатын бу-газ қондырғысын салу жоспарлануда. Техникалық-экономикалық негіздемеге сәйкес жобаның құны – 273 млрд теңге»,– деді ол.

Бұл екі жоба бойынша ЕРС-келісімшарттар жасалып, негізгі технологиялық жабдықтарды жеткізу шарттарына Siemens Energy, Ansaldo Energia және Dongfang Electric компанияларымен қол қойылған.

«Бүгінгі таңда Алматы 2 және 3 – ЖЭО жобаларын қаржыландыру мәселелері толығымен шешілді, құрылыс алаңдарын дайындау жұмыстары, геологиялық ізденістер, жүзеге асырылуда. ЖЭО-2 және ЖЭО-3 нысандарын пайдалануға беру 2026 жылдың аяғына жоспарланып отыр»,– деді Мақсұтов.

Ал Алматы ЖЭО-1 нысанын жаңғырту осы екі жоба аяқталған соң жүзеге асырылады.

«Қазіргі уақытта жобаның ТЭН нәтижелерін бекіту бойынша корпоративтік рәсімдер жүргізілуде. ЖЭО-1 станциясының газбен жұмыс істеп тұрғанын және Алматы қаласының экологиялық жағдайына әсері елеусіздігін ескере отырып, бұл жобаны ЖЭО-2 және ЖЭО-3 жобалары аяқталғаннан кейін, әрі қарай жалғастыруды қарастыру қажет. Қазіргі уақытта жобаның техникалық-экономикалық негіздемесіне «Мемсараптама» РМК-нің оң қорытындысы алынды»,– деді «Самұрық-Энерго» басшысы.

Сонымен бірге Мақсұтов Көкшетау қаласында қуаттылығы 240 МВт, Семей қаласында қуаттылығы 360 МВт және Өскемен қаласында қуаттылығы 360 МВт жылу электр орталығын салу жобалары бойынша Ресеймен Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылғанын атап өтті.

«Осы үш қаладағы жылу электр орталығын салу барысында Жобаларды жүзеге асыру үшін Ресей Федерациясының негізгі технологиялық жабдықтарын қолдану көзделіп отыр. Сонымен бірге жобаны қаржымен қамтамасыз ету мақсатында Ресей қаржы институттарымен жұмыс жүргізілуде»,– деді Мақсұтов.

Компания басшысы Ресейден бөлек Самұрық-Энерго Total Eren, Aqua Power,  Masdar, Power China және Юнигрин Энерджи сияқты ірі инвесторлармен әрқайсысының қуаты 1 ГВт болатын, жалпы қуаты 5 ГВт жаңартылатын энергия көздерін жобалары әзірленетінін айтты.

Әлихан Смайылов еліміздің ЖІӨ екі есе өсіру үшін бізге энергия қуатын арттыру қажет екенін айтты.

«Электр энергетикасы ел экономикасының тамырына қан жүгіртіп тұрақты дамуға негіз болатын бірегей сала. Меслекет басшысы өз жолдауында 14 Гвт көлемінде қосымша қуат көзлерін іске қосуды тапсырды. ЖІӨ екі есе өсіру үшін бізге осындай көлемде энергия қуаты қажет. Ол үшін энергетика саласы тез дамуы тиіс. Қазірдің өзінді біздің елімізде электр энергиясының тапшылығы бар. Энергия көздернің жетіспеуі алдағы уақытта ірі кәсіпорындар үшін үлкен проблемаға айналулы мүмкін. Өйткені болжам бойынша Қазақстанда энергия тұтыну көлемі тұрақты өсе беретін болады. Сондықтан еліміздегі энергия балансын сақтау үшін Батыс өңірлердің газ қуатын тарту жұмыстары жүргізілуде. Солтүстік және оңтүстік аймақтарда генерациялау көлемін ұлғайтуға басымдық берілді»,– деді үкімет басшысы.

Смайылов экологиялық жағдай өзгеріп, су тапшылығының артуына байланысты Энергетика және Су ресурстары және ирригация министрлігіне наурыз айының соңына дейін гидроэнергетиканы дамытудың 2030 жылға дейінгі жоспарын қабылдауды тапсырды.

Еске сала кетсек, «Самұрық-Энерго» АҚ Алматыдағы газбен жанатын жаңа ЖЭО-2 құрылысы тамыз айында басталды.  Компанияның баспасөз қызметі ЖЭО-2-ні газға ауыстыру жобасын 2026 жылдың 31 желтоқсанына дейін аяқтауды жоспарлап отырғанын хабарлады. Сонымен бірге «Алматы электр станциялары» компаниясы қуаты кемінде 450 МВт бу-газ қондырғысын салумен «Алматы ЖЭО-3 қайта құру» техникалық-экономикалық негіздемесін әзірленгені айтылған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз