Үкімет Астананың бас жоспарын бекітті. Оған 10 жылда 6,3 трлн теңге инвестиция қажет

Жарияланды
Шығарушы редактор
Астананың бас жоспары
Астананың бас жоспары
Астананың бас жоспары қандай болмақ? Фото: shutterstock

Қазақстан Үкіметі Астана қаласының 2035 жылға дейінгі бас жоспарын бекітті. Оны жүзеге асыру үшін 2025 жылға жейін 6,3 трлн теңге инвестиция тартылмақ.

Соның ішінде 4,3 трлн теңге жеке инвестиция – тұрғын үй құрылысына, 700 млрд теңге – инфрақұрылымдық жобаларға тиесілі.

Астананың бас жоспары қаланың әлеуметтік, тұрғын үй-коммуналдық, көлік және энергетикалық инфрақұрылымын одан әрі дамыту бағытындағы нақты қадамдарды қамтиды.

Елорданың бас жоспарын бекіту туралы қаулыға ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов қол қойған.

«Онда халық санының қарқынды өсуін ескере отырып, қаланы қарқынды дамыту шаралары қарастырылған. Бүгінгі таңда елорда тұрғындарының саны шамамен 1,2 млн адамды құрайды, 2035 жылға қарай аталған көрсеткіш 2,3 млн адамға жетеді деп күтілуде», – делінген хабарламада.

Бас жоспар бойынша қандай нысандар салынады?

Бас жоспар бойынша, алдағы жылдары Астанада 164 мектеп, 178 балабақша және 93 денсаулық сақтау мекемесі салынбақ. 2029 жылға дейін 15 заманауи оқушы сарайы бой көтереді.

Бұл нысандардың құрылысына қажет қаражат жергілікті бюджет пен жеке инвестиция есебінен тартылады.

Ал қаланың тұрғын үй қорын 68,2 млн м2-қа дейін, ал жол желісінің ұзындығын 1000 км, яғни 2,5 мың км-ге дейін ұлғайту жоспарланған.

Қаланың инфрақұрылымы қалай дамиды?

Үкімет Астанада қоғамдық көліктің баламалы түрін дамытуды қолға алмақ. Оған қоса негізгі магистральдарда, әсіресе, Есіл ауданында кептелісті жеңілдету үшін бес ірі көпір салу жоспарланған.

«Су тұтыну көлемінің өсуін ескере отырып, Ертіс-Қарағанды каналынан тартылатын су құбырымен тәулігіне 210 мың текше метр №4 сорғы-сүзгі стансасы салынады. Бұл ретте техникалық сумен қамтамасыз ету үшін өндірістік қуаты тәулігіне 160 мың текше метрге дейін жететін «Тельман» сорғы стансасын кеңейту көзделген», – делінген хабарламада.

Жылу және электр энергиясы бойынша ЖЭО-3 екінші кезегін, 4 жаңа газ жылу стансасын салынады, Оған қоса, ЖЭО-2 кеңейту жоспарланған.

«Газбен жабдықтау мәселелерін шешу үшін қолданыстағы АГТС-1 және АГТС-2 автоматтандырылған газ тарату стансаларының қуаты ұлғайтылады, сондай-ақ ұзындығы 71 мың шақырымнан асатын жаңа тармақ бойынша «Сарыарқа» магистральдық газ құбырына қосылатын АГТС-3 салынды», – деп атап өтілген.

Сонымен қатар 110/10 кВ 14 қосалқы стансаны іске қосылмақ.

Былтыр 2 700 гектар жер бөлінген Астананың «жасыл белдеуін» дамыту жалғасады. Сондай-ақ қоғамдық орындар мен аула абаттандырылады.

2023 жылы Қонаев қаласының Бас жоспары бекітілгенін хабарлағанбыз. Қала Алматы агломерациясының инновациялық-индустриялық белдеуіне айналады

Сондай-ақ оқыңыз