Жаңалықтар

Kaspi.kz акционерлері АҚШ-тағы IPO-сынан $900 млн пайда тапқысы келеді

Фото: kursiv.media

Kaspi.kz акционерлері АҚШ-тағы IPO-сынан 900 миллион доллар пайда табуды жоспарлап отыр.

Kaspi.kz финтех тобының қазіргі акционерлері NASDAQ биржасында бастапқы орналастыру кезінде шамамен 9 млн депозитарлық қолхат сатпақ. Бұл туралы АҚШ-тың Бағалы қағаз және биржалар жөніндегі комиссиясы есебіне сілтеме жасай отырып, Bloomberg хабарлайды.

Лондон қор биржасында (LSE) саудаланатын холдингтің депозитарлық қолхаттарының ағымдағы құны – 97 долларды негізге ала отырып, орналастыру көлемі 873 миллион долларды құрайды. Ал бүкіл топ құны 18 миллиард долларға бағаланады.

Холдинг жаңа акция шығаруды немесе капиталын ұлғайтуды көздеп отырған жоқ. Биржаға шығарылатын бағалы қағаздардың басым бөлігін қазіргі негізгі иелері: Вячеслав Ким, Михаил Ломтадзе және Asia Eqouty Partners қоры (Baring Vostok құрамына кіреді) қамтамасыз етеді. Олардың акциялары депозитарлық қолхаттарға айырбасталады.

Kaspi.kz АҚШ-та депозитарлық қолхат орналастыру ниетін алғаш рет қазан айында жариялады. Алайда қанша қағаз шығарылатыны, олардың қандай биржада орналастырылатыны нақтыланбаған. 2023 жылдың желтоқсанында компания АҚШ-тың Бағалы қағаздар және биржалар комиссиясына (SEC) NASDAQ тізіміне кіруге өтініш берді. Сонымен қатар, андеррайтері Morgan Stanley, JPMorgan және Citigroup болатыны белгілі болды.

Kaspi.kz 2020 жылдың қазан айында Лондон қор биржасында IPO өткізді. Акциялардың шамамен 15%-ын орналастыру кезінде компания акционерлері $1 млрд тартты.

Компанияның акциялары Қазақстан қор биржасында (KASE), ал әлемдік депозитарлық қолхаттар LSE-де саудаланады. Компанияның капиталдандыруы шамамен 18 миллиард долларды құрайды.

1 қаңтардағы жағдай бойынша, Baring Vostok қорына компанияның 26,13% жай акциясы, Михаил Ломтадзеге – 23,42% және Вячеслав Кимге – 22,27% пайызы тиесілі.

2023 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша Kaspi.kz 601 млрд теңге табыс тапты, бұл бір жыл бұрынғыдан 50%-ға артық. Компания өсудің негізгі драйверлері ретінде төлем бағытын, нарықты және финтех қызметтерін атады..