Каспий құбыр концорциумы мұнай тиеу мен тасымалдауды қалпына келтірді

Жарияланды
Шығарушы редактор
Каспий құбыр концорциумы
Мұнай тиеу қалпына келді. Фото: КТК

Каспий құбыр концорциумы мұнай құбырын пайдалану және мұнайды ауыстырып тиеуді қайта бастады. Бұл туралы КҚК-ның баспасөз қызметі хабарлады.

«Ауа-райының қалыпқа келуі Каспий құбыр консорциумына компанияның Теңіз терминалының қалыпты жұмысын 2024 жылдың 17 қаңтарында қалпына келтіруге мүмкіндік берді», – делінген хабарламада.

Бұған дейін КҚК ауа райының қолайсыздығына байланысты Теңіз терминалынан мұнай қабылдауды уақытша тоқтатқанын хабарлаған.

«Консорциум Теңіз терминалының жұмыс аймағындағы қолайсыз ауа райы жағдайы қалыпқа келгенше және дауылды ескертулер жойылғанға дейін мұнайды ауыстырып тиеуді тоқтатуға мәжбүр»,– делінген баспасөз хабарламасында.

Шикізат қоймалары толып кеткендіктен, жүк жөнелтушілерден мұнай қабылдау да тоқтаған болатын. Жүк жөнелтушілерден мұнай қабылдау да қалпына келтірілді.

Еске салсақ, 16 қаңтарда КҚК директоры Николай Горбань соңғы жылдары Қара теңізде дауыл көбейгенін айтты. 2021 жылы ауа райына байланысты 16 күнтізбелік күнге консорциум жұмысы тоқтап қалған.

Ал 2023 жылы консорциум жұмысы ауа райына байланысты 27 күн тоқтап қалған. Соңғы жылдары теңіздегі дауылдар да көбейген. Мәселен, 2015 жылы теңіздегі дауыл 60-75 күн болса, 2023 жылы Қара теңіздегі дауылды күндер саны 111-ге жеткен. 

Консорциум басшысы теңіздегі дауылдар тасымалдаудың жоспарлы уақытта жүзеге асырылуына кедергі келтіргеніне қарамастан, жалпы жылдық жоспар орындалғанын мәлімдеді.

Компания 2024 жылы 70 млн тоннадан асатын мұнай тасымалдауды жоспарлап отыр. Оның 10 пайызы Ресей мұнайы болса, 60 млн тоннадан астамы – Қазақстан мұнайы.

Каспий құбыр концорциумы акционерлері: Ресей Федерациясы (Транснефть (MOEX: TRNF) бақылайтын 24%, баланста 7%) – 31%, Қазақстан (Қазмұнайгаз – 19% және Kazakhstan Pipeline Ventures LLC – 1,75%) – 20,75%, Chevron Caspian Pipeline Consortium Company – 15%, LUKOIL International GmbH – 12,5%, Mobil Caspian Pipeline Company – 7,5%, Rosneft-Shell Caspian Ventures Limited – 7,5%, BG Overseas Holding Limited – 2%, E.A.ni. Н.В. – 2% және Oryx Caspian Pipeline LLC – 1,75%. 

Сондай-ақ оқыңыз