Жаңалықтар

Қазақстанда заңдастырылмаған шетелдік автокөлік иелеріне айыппұл салынады

Автожүргізушілерге заңды бұзғаны үшін айыппұл салынады/kursiv.media

Мемлекеттік тіркеуге алынбаған шетелдік автокөлік иелеріне әкімшілік жауапкершілік жүктеледі. Автожүргізушілерге заңды бұзғаны үшін айыппұл салынады. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті басқарма басшысының орынбасары Алтынбек Жамалиев мәлімдеді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, мүдделі мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасына 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген шетелдік көлік құралдарын заңдастыруды жүргізді. Заңдастыру шеңберінде қазақстандық есепке барлығы 304 мыңнан астам автокөлік алынды, оның ішінде 21 мың автоконструктор және 55 мың автокөлік уақытша есепке тіркелді», – деді Алтынбек Жамалиев.

Ішкі істер министрлігінің өкілі заңдастырылмаған шетелдік автокөлік техникалық, экологиялық талапқа сай болған және тиісті төлемі төленген жағдайда мемлекеттік тіркеуге алынатынын айтты.

Алтынбек Жамалиевтің түсіндіруінше, заңдастырылмаған көлік құралын басқарған автожүргізушіге әкімшілік жауапкершілік жүктеледі. Тіпті айыппұл салынады. Себебі мемлекеттік тіркеуге алынбаған автокөлікпен жүру заңға қайшы әрекет саналады.

Қазақстанда шетелдік автокөлікті заңдастыру 2023 жылғы 23 қаңтарда басталды. Шара шеңберінде елге 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген автокөліктер есепке алынды. Ережеге сәйкес, жеңіл машина, шағын және орташа автобустар мен кішігірім жүк көліктері тіркеуге алынды. Бұл тізімге Қазақстанға ЕЭО елдерінен 2023 жылғы 31 тамызға дейін кірген оң рөлді автокөліктер де енді. Ішкі істер министрлігі автокөліктің ел аумағына қашан енгенін шекарашылар мен сақтандырушылардың базасы арқылы тексерді.

2023 жылы 7 қарашада Ішкі істер министрлігі шетелдік автокөлікті заңдастыру қашан аяқталатынын мәлімдеді.

«Бір реттік заңдастыруды ескере отырып, автокөлік иелеріне 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін заңдастыруға берілген өтінімдер ағымдағы жылдың 31 желтоқсанына дейін ғана қаралатынын хабарлаймыз. Бүгінгі күні нормативтік құқықтық актілерге тиісті өзгерістер енгізілуде. Яғни шетелдік автокөліктерді заңдастыруға 2 айдан аз уақыт қалды. Уақыттың шектеулі екенін ескере отырып, біз автокөлік иелерін заңдастыру процесін аяқтауға және көлік құралдарын тіркеуге шақырамыз», – деді ІІМ ӘПК басқарма басшысының орынбасары Алтынбек Жамалиев.

Айта кетейік, 2024 жылдың басында Қазақстанға рөлі оң жақта орналасқан автокөлік әкелуге 6 айға тыйым салынды. Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) туралы шарттың жекелеген тармақтары бар. Оған сәйкес, Қазақстанға рөлі оң жақта орналасқан, бөлшектелген автокөлік әкелуге болмайды деген бұйрық шықты. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің бұйрығы 16 қаңтардан бастап күшіне енді.

Айтпақшы 2023 жылдың соңында 2024 жылдан бастап жол апаты жиі болатын өңірлерде автокөлікті міндетті сақтандыру құны қымбаттайтыны жарияланды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап елімізде автокөлікті міндетті сақтандыру әр өңірде тіркелген жол-көлік оқиғасының санына қарай анықталатынын, сақтандыру жарнасы кей өңірде қымбаттап, кей өңірде арзандайтынын, ал Қарағанды және Ұлытау облыстарында – сақтандыру құны сол қалпында қалатынын хабарлады.