«Майқайыңалтын» кенішіндегі апат: құтқарушылар мен жұмысшылар өте қиын және қауіпті жағдайда жұмыс істеп жатыр

Жарияланды
«Майқайыңалтын» кенішінде құтқару жұмыстары қалай жүріп жатыр / gov.kz

Құтқарушылар мен жұмысшылар өте қиын және қауіпті жағдайда жұмыс істеп жатыр. Кез келген уақытта олардың өмірі мен денсаулығына қатер төнуі мүмкін, деп мәлімдеді Төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов «Майқайыңалтын» кенішіндегі апатқа қатысты пікір білдіргенде.

Мәжілістің жалпы отырысынан кейін журналистер вице-министрден апат болған аумақта құтқару жұмысы қалай жүріп жатқанын сұрады.

«Өздеріңіз білесіздер, жағдай өте күрделі. Мамандар жерді сканерлеп, автобустың орналасқан жерін анықтады. Құрылғы оның шамамен қай жерде екенін көрсетіп тұр. Топырақтың арасында шыны мен металл бар екені белгілі болды. Металлдың астында бос кеңістік бар. Құтқарушылар мен жұмысшылар өте қиын және қауіпті жағдайда жұмыс істеп жатыр. Кез келген уақытта олардың өмірі мен денсаулығына қатер төнуі мүмкін. Топырақ жылжыса, техниканың төмен құлау қаупі бар», – деді Бауыржан Сыздықов.

Төтенше жағдайлар вице-министрінің мәлімдеуінше, іздестіру-құтқару жұмысына ауа райының қолайсыздығы кедергі келтіруде.

«Біріншіден, ол жердегі температура нөлден төмен деңгейде. Екіншіден,

бос кеңістіктің аумағы қаншалықты үлкен екенін білмейміз», – деді Бауыржан Сыздықов. Ол қауіпсіздік шаралары қатаң сақталып жатқанын жариялады.

Депутат сауалы

Ал, Мәжіліс отырысында құзырлы орган басшыларына осы шахта жұмысы туралы сауал жасаған Жарқынбек Амантайұлы, кен орнына қатысты бірқатар маңызды мәліметті жария етті.

«Ең өкініштісі, құлаған жердің астына бұрындары шахта болғанын ешкім ескертпеген. Тіпті үстінен жол салған және сол жолды қызметкерлер осы күнге дейін пайдаланып келген. Ал, техникалық қауіпсіздік шараларына сай, ол жерді қоршауға алып, қауіпті зона ретінде оқшаулап тастау керек еді», – деді депутат.

Ол сонымен қатар, 10 мыңнан аса адам тұратын «Шанхай» шағын ауданының тұрғындарының  алаңын жеткізді. 

«Шағын ауданның асты да шахтаға айналып кеткен дейді. Кен қазу барысындағы жарылыстардан үй іргесі солқылдап кететінін айтып отыр. 100-ге жуық шаңырақ орналасқан аумақ, қазіргі опырылып құлаған жерден небәрі 500 метр қашықтықта орналасқан», – деді Жарқынбек Амантайұлы.

Ал, «Майқайың Алтында» мыңнан астам жергілікті тұрғындар еңбек етеді екен. 

«Майқайыңалтын» ресми сайтындағы мәліметтерге сүйенсек, кәсіпорын құрылған уақыттан бері мұнда 16,7 млн тонна кен өндірілген. Бұл дегеніміз – 80 тонна алтын, 1 240 тонна күміс, 204 мың тонна мыс, 300 мың тонна мырыш. 13 млн тоннадан астам кен кәсіпорынға қарасты кен байыту фабрикасында қайта өңделген. Сөйте тұра, «Майқайың Алтын» өз қаржысына кентте ешқашан тұрғын үй салмаған, балалар алаңы, спорттық немесе әлеуметтік нысандар тұрғызбаған. Тек жылына жергілікті бюджетке барды-жоқты алым-салық төлеп келген”, – деді депутат.

Бұған дейін шұңқырға құлаған автобустың шанақ бөлшегі мен құтқарушылардың журналы табылған еді. 

«Жұмыстарды жүргізу кезінде жұмыс құжаттатары және жол-сапар журналы бар құтқарушылардың сөмкесі, сондай-ақ, мемлекеттік тіркеу нөмірі бар автобустың шанақ бөлшегі табылды. Іздестіру жалғасуда», – деп нақтылады өңір басшысы.

Апат туралы

 Естеріңізге салайық,  4 қаңтарда Павлодар облысы Баянауыл ауданында «Майқайыңалтын» АҚ шахтасына құтқарушылар мінген автобус құлап кетті.

Кейін «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметі» ТЖД құтқарушылары құмнан 2 адамның мәйіті табылғанын  жариялады.

5 қаңтарда кеніш аумағында іздестіру-құтқару жұмысы аяқталмағаны, шахтаға құлап кеткен 2 адам әлі табылмағаны мәлімделді.

6 қаңтарда «Майқайыңалтын» шахтасындағы іздестіру-құтқару жұмысына 134 адам мен 37 бірлік техникаға және 3 кинологиялық есепке қосымша 2 дрон жұмылдырылды.

 9 қаңтарда ТЖМ басшысы Сырым Шәріпханов «Майқайыңалтын» шахтасындағы құтқару жұмысы қашан аяқталатыны белгісіз екенін мәлімдеді.

15 қаңтарда Майқайыңалтын» АҚ бұрынғы жұмысшылары басшыларын айыптап, кеніштегі апатқа объективті тексеру жүргізуді талап етіп, мемлекеттік комиссия мүшелеріне ашық хат жолдады. Олар қайғылы оқиғаға комбинат басшысының салғырттығы себеп болғанын айтты.

Айта кетейік, «Майкаинзолото» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы ретінде Милан Попович есімді азамат тіркелген. Қазақстан қор биржасында жария етілген «Самұрық-Қазына» ұлттыұ әл-ауқат қорымен аффирленген тұлғалар тізіміне сәйкес, Попович Қазақстан азаматы емес. Кипрдегі компаниялар регистрінде оған қатысы бар 8 компания көрсетілген. RocketReahc сайтының ақпаратына сүйенсек, Милан Попович Швейцария азаматы. Ол Хюненберг қаласында тіркеуде тұр.

Сондай-ақ оқыңыз