Қоғамда Заманбек Нұрқаділовтің аты өзін-өзі үш рет атқан адам емес, ұлт жолында құрбан болған азамат ретінде қалуы керек – депутат

Жарияланды
Депутат Заманбек Нұрқаділов туралы пікірін айтты /kursiv.media

Мәжілістің жалпы отырысынан кейінгі кулуарда депутат Ринат Зайытов марқұм Заманбек Нұрқаділов пен экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткіштеріне қатысты сұраққа жауап берді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Заманбек Нұрқаділовке ескерткіш орнатуды тапсырғанын тілге тиек еткен журналист депутатқа: «көпшілік: «бұл бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев үшін үлкен соққы болды» деп жатыр. Сіз не дейсіз? деген сауал қойды.

«Мұны Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзі айтатын шығар, соққы болды ма, болған жоқ па?! Бірақ Заманбек Қалбайұлын тұлға ретінде қоғамға таныту – біздің міндетіміз. Өйткені ол мемлекеттің пайдасына, ұлттың пайдасына аз еңбек еткен жоқ. Бұл туралы талай адам айтып жүр. Алматы қаласын басқарып тұрған кезінде талай мәдениет адамдарына, басқаларына баспана берді, халыққа пайдалы шешім қабылдады, ешкімге жалтақтамады. Қоғамда Заманбек Нұрқаділовтің аты өзін-өзі үш рет атқан адам емес, ұлт жолында құрбан болған азамат ретінде қалуы керек», – деп түсіндірді Ринат Зайытов.

Журналист депутаттан: «Заманбек Нұрқаділовке қатысты қылмыстық іс қайта қозғалуы керек пе? Қаңтар оқиғасынан кейін баласының ұсынысы өтпей қалды ғой», – деп сұрады. Ол іркілмей, бірден: «Иә, қайта қозғалуы керек деп санаймын. Бәлкім, ол (ұлы – ред) кешігіп қалған шығар. Ресми органдар осы уақытқа дейін қайда болдың деген шығар?! – деді.

12 қаңтарда Ұлттық қорғаныс университетінің алаңынан Қазақстанның тұңғыш президентінің ескерткіші алынып тасталғанын жазған болатынбыз.

Осыған қатысты берген жауабында Қорғаныс министрлігі: «ҚР Қорғаныс министрінің бұйрығымен «ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университеті» атауы «ҚР Ұлттық қорғаныс университеті» болып өзгертілді. Осыған байланысты Ұлттық қорғаныс университетінің аумағында орналасқан ҚР Тұңғыш Президентінің ескерткішін ҚР Қарулы күштерінің Мемлекеттік әскери-тарихи мұражайының ғимаратына көшіру және орнату туралы шешім қабылданды. Қазіргі уақытта ескерткіш қорғаныс ведомствосы ғимараттарының бірінде уақытша сақталып тұр. Тиісті дайындық шараларын өткізгеннен кейін ескерткіш мұражай ғимаратына көшіріледі», – дегенді алға тартқан.

Журналист ескерткішке қатысты мәселені қозғап, мәжілісменнен: «ескерткіштің алынып тасталуы қаншалықты орынды болды?» – деп сұрады.

«Заңдылық қой. Біздің бала кезімізде көшелерде Лениннен басқа ешкім жоқ еді ғой. Қазір іздеп таппайсың ғой Ленинді. Сол сияқты ғой. Қолдан жасалған тұлға қолдан, қайтадан ғайыпқа кетеді», – деді депутат.

Журналистің «Алматыда үлкен ескерткіші тұр ғой» деген уәжіне Ринат Зайытов: «Ол кісінің ескерткіші Анкарада да бар. Оның қанша тұратынын бір құдай біледі. Өз басым ол ескерткіштің де ғұмыры жоқ деп ойлаймын», – деп жауап берді.

Сондай-ақ оқыңыз