Жаңалықтар

Депутат Құлыбаев басқаратын Ұлттық Олимпиада комитетінің басшыларын ауыстыру қажет деп санайды

Ермұрат Бапи
facebook.com/ermurat.bapi

«Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті қызметіне Тимур Құлыбаев келгеннен бері спорттық жетістіктеріміз құлдырай бастады». Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Ермұрат Бапи сөзін осылай бастады.

Айтуынша, Тимур Құлыбаев келгелі Ұлттық Олимпиада комитетінің басшылығына кілең «Ескі Қазақстанның» өкілдері іріктеліп алынды.

«Оның ішінде, бір-біріне айнымас құда-жекжаттар мен миллиардер күйеудің олигарх-достары өріп жүр», – деп мәлімдеді Бапи.

Сонымен қатар депутат Ұлттық комитет басшылығына мүше болып сайлану жасына шектеу (70 жас) қойылғанын айтты. «Қазіргі мүшелердің ішінен бұл цензден асып кеткендер» де, жақындағандар бар екеніне де назар аударады. Ермұрат Бапидің пікірінше, ұлттық спорттың дамуына бұл да кері ықпал етуі мүмкін екен.

«Оның үстіне, баршаға мәлім, Тимур Құлыбаев Қазақстанның ең ірі 50 жеке бизнесі қатарына кіретін компаниялардың активтерін иелене отырып, бірқатар ірі бизнес жобаларды бақылайды, Оның ішінде: «АЛМЭКС» Холдингтік тобы, «Каспий Мұнай» және «Retro Retail» мұнай компаниялары бар. Мұндай шамадан тыс жүктемемен оның олимпиадалық спорт түрлерін дамытуға мүлдем уақыты жоқ деуге болады! Оның ойы елдің мұнайын сатып қалтасын толтыру. Спортты қайтсын?!», – деді Бапи.

Ұлттық құраманың Токиода өткеy жазғы Олимпиада ойындарындағы сәтсіздігіне тоқталып, «Парижде де осының кебін киюіміз әбден мүмкін» деген қаупін айтты.

«1994 жылдан 2014 жылға дейінгі Жазғы Азия ойындарында қазақстандық спортшылар тұрақты түрде 4-5 орын алып келген еді. 2018 жылы біз 9-шы орынға, ал 2023 жылы 11-ші орынға түстік!» деп мәлімдеді.

Сонымен қатар, Ұлттық құраманың тәуелсіздік жылдарындағы нәтижесін де айтып өтті. Оның дерегінше, спортшылар 11 спорт түрінен 14 алтын, 22 күміс және 35 қола медаль жеңіп алды. 1996 жылдан 2016 жылдар аралығында өткен жазғы Олимпиада ойындарында ешқашан алтынсыз қалмаған.

Париж Олимпиадасында спортшылар нәтижесіз қалмауы керек екеніне де тоқталды.

«Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше рет Ұлттық Олимпиада комитеті мен федерациялар арасында тиісті үйлестірудің жоқтығын атап өтті. Тиімді қарым-қатынастың, өзара әрекеттестіктің, өзара көмектің болмауы теріс нәтижелерге,жеңіліске алып келеді.  Париж Олимпиадасы қарсаңында мұндай жағдайға мүлдем жол берілмеуі тиіс!«, деді депутат

Сонымен қатар мәжіліс депутаты осы саланы дамыту үшін өз ұсыныстарын жария етті.

«Париждегі Олимпиада алдындағы лицензиялық спорттық турнирлерге бай-бағыландардың өкілін емес, ауылдан шыққан, көкірегінде намысы бар патриот, кәсіби спортшыларды апару қажет; Спорт саласындағы жемқорлық пен сыбайластық, таныс-тамырлықты түбімен жою керек; Ұлттық Олимпиада Комитетінің басшылық құрамына ревизия жасап, оларды тек жас, Жаңа Қазақстан өкілдерімен жасақтау керек», – деп түйіндеді Ермұрат Бапи.

Еске салайық, 15 қыркүйек күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Құлыбаев басқаратын Ұлттық Олимпиада комитетін 30 жылдығымен құттықтаған еді.

«Мемлекет олимпиада қозғалысын дамытуға әрдайым баса назар аударады. Біз Халықаралық олимпиада комитетімен және басқа да беделді ұйымдармен ықпалдастықты нығайта береміз», деп мәлімдеген еді Тоқаев.