Жаңалықтар

Жаңа заң: электрокар иелері салық пен утильалым төлемейді және басқа да артықшылықтарға ие болады

электромобиль

2023 жылы Қазақстанда 7793 электромобиль тіркелген / Фото: kursiv.media

Қазақстанда электромобильдерге арналған инфрақұрылым дамытылады. Мәжіліс электромобильдерге арналған инфрақұрылымды дамыту мәселелері бойынша заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

«Бүгінгі таңда әлемде электромобильдер кең таралып оған деген сұраныс артып жатыр. Электромобильдердің әлемдік сатылымы 2020 жылы 3 млн 240 мыңды құраған болатын. 2023 жылы әлемде шамамен 17 млн электромобильдер мен гибридті автомобильдер сатылып, соңғы үш жылда бес есеге артқан. Ал 2030 жылға қарай бензинді қозғалтқыштары бар автомобильдерден толық бас тарту жоспарланып отыр. Зерттеушілердің пікірінше 2035 жылға қарай әлем бойынша эксплуатацияда 130 млн электромобиль болады», – деді депутат Самат Мұсабаев.

Депутат Заңның алғашқы жобасын дайындаған кезде электрмобильдерді кең ауқымды қолдануға тежеуші фактор ретінде арнайы инфрақұрылымның болмағанын айтты. Бірақ қазір жағдай өзгерген. Қазақстанда 2023 жылдың 1 қаңтарында электрқозғалтқышпен 812 жеңіл көлік тіркелсе, он екі айдың қорытындысы бойынша 7793 электркөлігі тіркелген.

«Бұл дегеніміз электромобиль санының 9,5 есеге өскенін көрсетіп отыр. Яғни «жасыл» көліктерге сұраныстың көбеюі қажетті инфрақұрылымды дамытуды ілгерлетуді талап етеді», – деді Мұсабаев.

Электромобильдер «өте арзан» ба?

Депутат электрокөліктерге қатысты инфрақұрылымды дамытуға бизнес те мүдделі деп санайды.

«Болашақта барлық қалааралық жолдың барлығына электромобильді зарядтайтын электр станцияларына жер беріледі. Жалпы үлкен жолдарда бұл мәселені бизнестің өзі реттейді деп ойлаймыз. Жанармай станцияларының жанынан сондай орындар пайда болады. Бұған бизнестің өзі қызығушылық танытып отыр», – деді депутат.

Журналистер Самат Мұсабаевтан электрлі көліктің қолданысына электр энергиясының болашақтағы тапшылығы кедергі келтірмей ме деп сұрады. Депутат заңның Энергетика министрлігімен ақылдаса отырып әзірленгенін айтты.

«Ондай мәселе туындамайды. Энергетика министрлігі құжаттармен танысты. Бұған соншалықты көп энергия кетпейді. Сондықтан да бұл орайда айтарлықтай проблема болады деп ойламаймын. Қорқатын ештеңесі жоқ. Біз әлемдік өркендеуден қалмауымыз керек. Бұл жерде экология мәселесі тұр», – деді ол.

Журналистер қазір электромобильдерді қол жеткендер ғана алатынын, сол себепті бұл заңа қарапайым халықты алалау деп бағалады. Бірақ депутат олармен келіспеді. Ол электромобильдерді қарапайым тұрғындар үшін қолжетімді деп санайтынын айтты.

«Бұл заң қарапайым адамдарға жасалып жатыр. Электромобильді алсын. Олар қолжетімді. Қытай электромобильдері қазір 7-8 млн немесе көлеміне байланысты 11 млн тұрады. Өте арзан. Қарапайым адамға жақсы емес пе? Коммуналды тұрақтар тегін, паркинг тегін, налог тегін, утильалым тегін»,- деді депутат.

Тіпті заң негізінде электромобильдерге жеке жол мен жеке нөмір берілу мәселесі қозғалған. Бірақ бұл өзгерістерді ІІМ мақұлдамаған.

Заң аясында не өзгереді?

Заң жобасына сәйкес көлік құралдарының түрлерін заңнамалық деңгейде сәйкестендіру үшін «гибридті автомобиль» және «электромобиль» ұғымдары енгізіледі. Электромобильдер тұрақ пен паркингтерде арнайы орындарымен қамтамасыз етіледі, ал олардың иелері автотұрақ ақысын төлеуден босатылады.

«Жол жүрісі туралы» заңға электр қозғалтқыштарымен жабдықталмаған көлік құралдарының жүргізушілеріне электр зарядтау станцияларымен жабдықталған орындарда тұрақтауға тыйым салатын норма енгізу ұсынылды. Бұл үшін Әкімшілік кодексте жауапкершілік енгізіледі.

Сонымен қатар жол бойындағы қызмет көрсету нысанына жатқызылатын «электр зарядтау станциясы» түсінігі енгізіледі. Жолдарды жобалау кезінде олар үшін бөлек орындар жабдықтау, егжей-тегжейлі жоспарлау жобасында аумақты электрмен қуаттау станцияларын орналастыру үшін резервке қою, оларды тұрғын және қоғамдық аймақтарда орналастыру жоспарланған.

«Заң жобасын қабылдау электрмен жүретін көліктердің инфрақұрылымын дамытуға, экологиялық таза көліктердің жұмыс істеуі үшін жағдай жасауға және электр зарядтау станцияларын орнатуды реттеудің құқықтық тетіктерін бекітуге мүмкіндік береді»,- деді Мұсабаев.

Еске сала кетсек, осыған дейін елімізге жеке тұтынуға арналған электромобильдер кеден және баж салығынсыз кіргізілетіні белгілі болды.

Электрокарлар экологиялық жағынан өте тиімді және иелеріне де біршама жеңілдіктер жасалады. Десе де, осыншама тиімділігіне қарамастан халық жаппай электромобиль сатып алуға дайын емес. Оған бірнеше себеп бар.

  • Дәстүрлі автокөліктерге қарағанда электромобилің бастапқы құнының қымбаттығы;
  • Жеткілікті дамымаған инфрақұрылым: елде электр қуаттау бекеттері, мамандандырылған сервис нүктелері және бөлшек жеткізу қызметі жетіспейді;
  • Электромобильді қайталама нарыққа сату кезіндегі қалдық құнының белгісіздігі.