КҚК Теңіз терминалынан мұнай ауыстырып тиеуді уақытша тоқтатты

Жарияланды
Теңіз
Теңіз терминалынан мұнай тиеу жұмыстары ауа райы жағдайы реттелген соң қайта жанданады / Фото: kursiv.media

Каспий құбыр консорциумы (КҚК) ауа райының қолайсыздығына байланысты Теңіз терминалынан мұнай қабылдауды уақытша тоқтатты. Бұл жайлы КҚК баспасөз қызметі хабарлады.

«Консорциум Теңіз терминалының жұмыс аймағындағы қолайсыз ауа райы жағдайы қалыпқа келгенше және дауылды ескертулер жойылғанға дейін мұнайды ауыстырып тиеуді тоқтатуға мәжбүр»,– делінген баспасөз хабарламасында.

Шикізат қоймалары толып кеткендіктен, жүк жөнелтушілерден мұнай қабылдау да тоқтаған.

«КҚК Қара теңіздегі консорциумның теңіз терминалының жабдығын пайдалану кезінде қоршаған ортаны қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету және мұнайдың төгілуіне байланысты төтенше жағдайлардың туындауына жол бермеу мәселесіне аса жауапкершілікпен қарайды. Шектеулер сол ұстаныммен байланысты енгізілді»,– деп мәлімдейді компанияның баспасөз қызметі.

Компания мұнай құбырының жұмысын және мұнайды жөнелтуді қалпына келтіру туралы қосымша хабарлайды.

Еске салсақ, 16 қаңтарда КҚК директоры Николай Горбань соңғы жылдары Қара теңізде дауыл көбейгенін айтты. 2021 жылы ауа райына байланысты 16 күнтізбелік күнге консорциум жұмысы тоқтап қалған. Ал 2023 жылы консорциум жұмысы ауа райына байланысты 27 күн тоқтап қалған. Соңғы жылдары теңіздегі дауылдар да көбейген. Мәселен, 2015 жылы теңіздегі дауыл 60-75 күн болса, 2023 жылы Қара теңіздегі дауылды күндер саны 111-ге жеткен. 

Консорциум басшысы теңіздегі дауылдар тасымалдаудың жоспарлы уақытта жүзеге асырылуына кедергі келтіргеніне қарамастан, жалпы жылдық жоспар орындалғанын мәлімдеді.

Компания 2024 жылы 70 млн тоннадан асатын мұнай тасымалдауды жоспарлап отыр. Оның 10 пайызы Ресей мұнайы болса, 60 млн тоннадан астамы – Қазақстан мұнайы.

КҚК акционерлері: Ресей Федерациясы (Транснефть (MOEX: TRNF) бақылайтын 24%, баланста 7%) – 31%, Қазақстан (Қазмұнайгаз – 19% және Kazakhstan Pipeline Ventures LLC – 1,75%) – 20,75%, Chevron Caspian Pipeline Consortium Company – 15%, LUKOIL International GmbH – 12,5%, Mobil Caspian Pipeline Company – 7,5%, Rosneft-Shell Caspian Ventures Limited – 7,5%, BG Overseas Holding Limited – 2%, E.A.ni. Н.В. – 2% және Oryx Caspian Pipeline LLC – 1,75%.

Сондай-ақ оқыңыз