Ресей Қазақстаннан жұмыртқа жеткізіп беруді сұрады

Жарияланды (жаңартылды )
Жұмыртқа

Ресей нарығында жұмыртқа тапшы. Соған орай Ресей тарапы Қазақстаннан жұмыртқа жеткізіп беруді сұрады. Бұл жайлы Үкімет үйінде өткен екі ел өкілдерінің онлайн кездесуінде айтылды.

Жиын барысында Қазақстан мен Ресей Премьер-Министрлерінің орынбасарлары Серік Жұманғарин мен Алексей Оверчук екіжақты сауданың өзекті мәселелерін, әсіресе, Ресей-Беларусь шекарасында қазақстандық тасымалдаушыларды өткізу мәселесін талқылаған.

Белгілі болғандай, 2023 жылдың 12 желтоқсанында Ресей мен Беларусь азаматтарынан өзге азаматтарға «Рудня» өткізу бекетіндегі өткел толығымен жабылған. Ал 2024 жылдың 8 қаңтарында дәл осындай шектеулер қалған екі «Қызыл» және «Қызыл тас» өткізу бекеттерінде енгізілген.

Бүгінгі таңда Ресей тарапы Ресей-Беларусь шекарасындағы жағдайды реттеуге көмектесіп, басқа өткізу пункті арқылы жүк ағындарын қайта бағыттауға мүмкіндік берілген. Нәтижесінде көліктердің негізгі бөлігі шекарадан өтіп үлгерген. Алайда навигациялық пломбаларды электронды түрде рәсімдеуді қажет ететін жүктермен қиындықтар туындаған.  

Бұл мәселені шешу мақсатында екі тарап 2023 жылғы 26 қаңтарға жоспарланған ЕЭК Кеңесінің отырысы қарсаңында Мәскеуде кеңейтілген құрамда екіжақты кездесу өткізуге келіскен.  

Сонымен бірге онлайн кездесуде Ресей тарапы Қазақстаннан тауық жұмыртқасын жеткізіп отыруды сұраған.

«Ресей тарапы Қазақстанға Ресейдің сауда желілеріне тауық жұмыртқаларын жеткізуді арттыру туралы өтініш жасағады. Серік Жұманғарин ауыл шаруашылығы министрлігіне аталған мәселені қысқа мерзімде қарауды және қазақстандық өнімді Ресей Федерациясының шекаралас аймақтарына жеткізуді арттыру мүмкіндігін іздеуді тапсырды»,- делінген үкімет хабарламасында.

Қазақстанда отандық құс фабрикаларының жұмыртқамен қамтамасыз ету деңгейі 2022 жылы халық қажеттілігінің 102%-ын құраған. 2023 жылдың 11 айында Қазақстан Ресейге, Ауғанстанға, Қырғызстанға шамамен 186,6 млн дана тауық жұмыртқасын экспорттаған.

Бұл мәселелерден бөлек, екі тарап өзара саудадағы бірқатар шектеулерді алып тастау, ресейлік шошқа етінің Ресей Федерациясынан Қазақстан арқылы өтетін транзитін ашу және 2024 жылғы 15 қаңтардан бастап Ресей Федерациясына қазақстандық мал шаруашылығы өнімдерін жеткізуге қойылған шектеулерді алу туралы келісімге келген. Осы орайда Қазақстан мен Ресей ветеринариядағы күрделі мәселелерді шешуге мүмкіндік беретін ақпараттық жүйелерді интеграциялауды жүзеге асыру көзделген.

Ресей-Беларусь шекарасында не болып жатыр?

Ресей-Беларусь шекарасында біраз уақыттан бері жағдай күрделі. Ол бекеттен қазақстандық паспортпен екі ел шекарасын асуға шектеу қойылған. Нәтижесінде отандық тасымалдаушылар тапсырыстан қағылып, қосымша шығынға ұшырап жатыр. Осыған орай жүк тасымалдаушылары Көлік министрлігінің жұмысына көңілдері толмайтынын жеткізді.

«Литваға бару үшін Беларусь шекарасынан өткізбейді… Міне сіздердің (Көлік министрілігі – ред.) жұмыстың көрінісі. Егер үкіметаралық келісімге келе алмасаңыздар ресейлік, беларустық паспорты бар жүргізушілерді кіргізбеңіздер. Қазақ шекарасына келсін, Қазақстан паспорты бар жүргізушіге өткізіп берсін. Олар өздері де солай істеп отыр емес пе?» , – деп налиды жүргізушілер.

Мәселе мынада – Қазақстанның Көлік министрлігі «жүк тасымалдауға шетелдік рұқсат бланкілерді алудың» жаңа тәртібін ұсынды. Бұрын жүк тасымалдаушылар өзіне қажетті бланкіні алдын ала броньдап, керек уақытта алып, жолға шығып кететін. Енді министрлік бланкілерді тарату жүйесін еркін айналымға жібермек. Бланкі алудың басты шарттарының бірі «тапсырыстың болуы». Яғни кімде тапсырыс бар, сол бланкіні еркін ала алады. Осы орайда тасымалдаушылар Беларусь пен Ресей қазақстандық жүргізушілерді бөгеп, олардың жүктерін тексеру арқылы аймақтағы негізгі экcпорттаушы қытайлық компаниялардың тапсырысын өз компаниялары мен азаматтарына алып беруді мақсат ететінін айтып өтті.

«Әрбір ел – Ресей болсын, Беларусь болсын, Қазақстан болсын өз азаматтарын бағалауы қажет. Бізді өз еліміз бағалап отырған жоқ. Неге біздің жүк көліктері Ресей-Беларусь шекарасында қалып қойды? Ресей болсын, Беларус болсын, бірінші кезекте өз азаматтарына жағдай жасайды. Жүктерін емес, азаматтарын қорғайды. Егер біз қазір өз азаматтарымызға қамқор бола алмасақ, Қазақстанда 5 млн адам табыссыз қалады. Себебі бұл бірінші кезекте бизнес емес, бірінші кезекте азаматтардың өмірі, жұмысы. Релоканттарды қорғағанша, өз азаматтарымыздың жағдайын жасаңыздар», – дейді жүк тасымалдаушылары.

Жалпы қазақстандық жүк тасымалдаушалыр үшін Қазақстан мен Ресей шекарасындағы бекеттен өту де қиынға соғады. Бұл мәселені бір апта бұрын Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев та көтерді. Ол Ресейден Қазақстанға азық-түлік тауарлары оңай кіретінін айтты. Ал Қазақстаннан өтетін тауарлар кезек күтіп бірталай күн күтіп қалады. Осыған байланысты Сенат төрағасы Сауда министріне шекара бекетінің «екі бағытта да жүретін көше» екенін ескертті. Әшімбаев Қазақстанға өтетін тауарлар да дәл солай егжей-тегжейлі тексерілуі керегін айтты.

«Бұл екі бағытта да жүретін көше емес пе? Егер біздің әріптестеріміз тексеріп жатса, біз де тексеруіміз керек емес пе? Бұл жерде жалпы паритет мәселесі көтеріліп отыр және ең бастысы – біздің халқымыздың денсаулығына зиян келмеуін қамтамасыз ету керек. Өңірлердегі халық осы мәселені көтеріп жатыр. Бұл нені білдіреді? Демек, мемлекеттік құзыретті органдар тарапынан лайықты деңгейде жұмыс жүргізіліп жатқан жоқ немесе біз кей тұстарда келісімге сәйкес өз міндеттемелерімізді дұрыстап орындап жүрген жоқпыз»,- деді Әшімбаев. 

Сондай-ақ оқыңыз