2023 жылы қазақстандықтар VIP-нөмірлер сатып алуға 10 млрд теңге жұмсаған

Жарияланды
Фото:kursiv.media

Еліміздегі темір тұлпар иелері VIP-нөмір сатып алуға 10 млрд теңге жұмсаған. Яғни мамандандырылған ХҚКО-лар жоғары сұранысқа ие 30 мыңға жуық мемлекеттік тіркеу нөмірлерін берген. 2022 жылмен салыстыратын болсақ, қазақстандықтардың VIP-нөмірлерге жұмсаған қаражаты 2023 жылы 7 млрд теңгеден асқан.

Ең көп сатылған нөмірлер

2023 жылы ең тез сатылған нөмірлер – 010, 020, 030, 040, 050, 060, 070, 077, 080, 090, 707 болды. Әр нөмірдің бағасы 57 АЕК-ті (2024 жылы 210 444 теңге) құрайды.

Осы арада VIP-нөмірлер ішіндегі ең қымбаты –  сандар қатары бірдей келетіндер. Атап айтқанда 001, 002, 003, 004, 005, 006, 007, 008, 009, 777 сандары қымбат тұрады. Мұндай нөмір үшін әрбір көлік иесі 285 АЕК (2024 жылы 1 052 220 теңге) төлеген.

Еске сала кетсек, Қазақстанда VIP-нөмірлерді сату тәжірибесі 2014 жылы енгізілген. Сатудан түскен қаржы ел бюджетіне түседі.

Бір жылда қанша көлік тіркелген

Жалпы, 2023 жылы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтары еліміз бойынша 3,2 миллионнан астам көлікті тіркеп, 1,1 миллион жүргізуші куәлігін берген.

Осыған дейін жүргізуші куәлігін алатын қазақстандықтар енді офлайн форматта ғана оқытылатыны белгілі болған. Бұл ретте 2023 жылы арнайы бұйрыққа өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, онлайн және қашықтықтан оқыту форматы алынып тасталды.

Ең жаңа көлік мінетіндер қай қалада

Тағы бір айтар кетерлігі, Қазақстан бойынша ең жаңа көліктер Астана қаласы мен Атырау облысының автопаркінде тіркелген. Ал ең ескі автокөліктер Жамбыл мен Жетісу облыстарында тіркелген.

Freedom Finance Global талдаушысы Аңсар Әбуевтің Қазақстан автонарығына жасаған зерттеуіне сүйенсек, елдегі автомобильдердің орташа жасы – 14,3 жыл.

Сондай-ақ Қазақстанда 18-24 жас аралығындағы жастардың 35,7%-ы неміс автоөнеркәсібін, ал 55 жастан асқан азаматтардың 23,5%-ы қытай автокөліктерін таңдайтынын жазған едік. 18-24 арасындағы жастардың 3,6%, 25-34 жас шамасындағы 3,4% қазақстандық автоөнеркәсіпті таңдайды. Бұдан бөлек, қазақстандықтар, Германия (17,2%), Корея (15,6%) және Қытай (13,1%) автокөліктеріне қызығады.

Сондай-ақ оқыңыз